“Nur Otan” партиясы Айыртау аудандық филиалының мәжіліс залында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлау жиыны өтті. Бұл жиынға аудан әкімі Ерболат Бекшенов, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары, еңбек ардагерлері қатысты.
Соңғы 13 жыл бойы аудандық ардагерлер кеңесін Армия Әбілқайыров басқарған болатын. Кеңес отырысында төралқа мүшелері келесі 4 жылға Айыртау аудандық ардагерлер кеңесі төрағалығына қайтадан Армия Әбілқайырұлының кандидатурасын ұсынды. Ашық дауыс беру нәтижесінде ол ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды.
Бар саналы ғұмырын өңіріміздің өсіп-өркендеуіне арнаған ардақты ақсақалдың өмір жолы – көпке үлгі. Ол 1942 жылы бұрынғы Көкшетау облысының Володар ауданы, Шүкірлік ауылында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын бұрынғы Чистополь ауданының ауыл шаруашылығы басқармасында бас агроном болып бастап, әр жылдары аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, Еңбекшілер ауданы халық депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. “Құрмет белгісі”, “Парасат” ордендерімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Солтүстік Қазақстан облысының және Айыртау ауданының құрметті азаматы.
Аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлары болып ауданымыздың құрметті азаматтары Анатолий Мигаль мен Елемес Қалиев сайланды.
Кеңес отырысына қатысқан аудан әкімі Ерболат Бекшенов Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы мен оның орынбасарларын құттықтап, алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Өз кезегінде Армия Әбілқайырұлы көрсетілген сенім үшін ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да жауапкершілігі мол қоғамдық жұмысты абыроймен атқаруға бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Бағлан ҚОЖАҚОВ.