Петропавлда тұрғындардың темір тұлпарларын қоятын автотұрақтар салу жұмыстары жалғасуда. Биыл қалалықтардың сұранысы бойынша көпқабатты үйлердің жанынан көліктерге арналған 45 орын жабдықталады.
Қаладағы автотұрақтардың басым бөлігі бұрын ескі гараждар тұрған орындарда болады. Металлдан жасалған құрылыс нысандары сырылып, бұл жерлерге асфальт төселіп жатыр. Көп ұзамай Мағжан Жұмабаев көшесіндегі 115-ші үйдің маңында да көлік қоятын заманауи тұрақ тұрғындар игілігіне беріледі.
– Бұл аумақтағы жұмыстармен “МеганСтройИнвест” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. 5 техника мен 10 адам жұмылдырылған. Санаулы күндерден соң жергілікті тұрғындар өз көліктерін жаңа автотұраққа қоя алады, – дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Өткен жылы петропавлдықтардың өтініштері негізінде 45 ауланың маңында автотұрақтар салынды. Биыл бұл жұмыстар жалғасын тауып, көліктерге арналған орындар саны артпақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.