Өмірдің түрлі салаларына еніп жатқан заманауи технологиялар телевизияны да мықтап жаулап алды. Елімізде бірқатар телеарналар 2018 жылдан бастап сандық хабар таратуға көшті. Бүгінде ол халықтың 91,11 пайызын қамтып отыр. Сандық жүйеге көшу – қоғам мен қазіргі заманғы технологиялардың даму динамикасын көрсететін ең маңызды техникалық, әлеуметтік, мәдени, экономикалық және саяси мәселе болып табылады. Осы орайда аналогтық пен сандық хабар таратудың айырмашылығы қандай деген сұрақ туындайды.
Телевизиялық хабар таратуда сурет пен дыбысты беру үшін аналогтық электр сигналы қолданылады, бір жиілікке бір арна тағайындалады. Оның айқындығы, түсі мен дыбысы ағынның амплитудасының, жиілігінің және фазасының тез өзгеруімен байланысты. Сыртқы кедергілердің әсерінен кескін барынша бұрмаланады. Қазір көптеген фильмдер мен телехабарлар сандық форматта түсіріледі, өйткені аналогтық форматта теледидар сурет пен дыбыстың ерекше эффектілерін толық жеткізе алмайды. Ал цифрландыру шағын елді мекендердің тұрғындарына аналогтық форматтағы 2-3 телеарнаның орнына, цифрлы 15 телеарнаны қабылдауға мүмкіндік береді әрі электр энергиясының шығынын айтарлықтай азайтады. Бұл тәсіл телехабар тарату қызметтерінің сапасын да едәуір жақсартады.
Сандық хабар таратудың сигнал беру жылдамдығы жоғары. Ол электрондық пошта, мультимедиялық қосымшалар, радио, экранда батырманы басу арқылы көрсетілетін электрондық бағдарламалық нұсқаулықтар, субтитр тілін таңдау және басқа да көптеген мүмкіндіктер мен қызметтерді ұсынады. Сандық сигнал кедергіге төзімді және көрермендерге өзінің бастапқы түрінде, шу мен бұрмаланусыз, тіпті ең алыс елді мекендерге дейін жетеді. Қазақстандықтар цифрлық сапада және ай сайынғы төлемсіз, облыс орталықтары мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында 30-ға жуық, ал ауылдық елді мекендерде 15-тен аса отандық телеарнаны көре алады.
Абай ӘЛЖАНОВ,
облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.