Қазақстан халқы тілдері күніне орай С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “Тіл – руханият тірегі” атты мерекелік шара өтті. Жиында бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. Бұл шараға облыс аудандары мен мекемелердің, кәсіпорындардың өкілдері “Zoom” платформасы арқылы онлайн қосылды.
– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеміз. Біз үшін одан қымбат ештеңе жоқ. Ата-бабамыз армандаған асыл құндылықты аға ұрпақтың парасат-пайымының, халықтың бірлігі мен ынтымағының арқасында сақтап келеміз. Тәуелсіздіктің ең басты жемісі – ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аударды. Маңызды құжатта қазақ тілі мемлекеттік саясатты дамытудың басым бағыттарының бірі екені айтылды. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі. Еліміздің дамуына үлес қосатын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы қажет, – деген облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Әбдірейісов елімізде тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірде орындалу барысына тоқталды.
Оның айтуынша, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің үлесі едәуір көбейген. Соңғы үш жылда өңірде төрт мектеп салынды. Жаңа білім ордаларының бой көтеруі қазақ тілінде білім алуға ниетті оқушыларға зор мүмкіндік туғызғанын тілге тиек еткен Досбол Әбдірейісов облыс орталығындағы бірқатар білім ордаларына алаш арыстарының есімдерін беру мәселесі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Жиында тілдерді дамытуға және мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Анар Сыздықова, Нүризат Арықова, Назгүл Мұқышева марапатталды. Сондай-ақ Жұпар Мұстафина, Александр Авдонин, Еркеш Ерденова облыс әкімінің Алғыс хатына, бірқатары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамоталары мен дипломдарына ие болды.
Айтулы шараға қашықтан қатысқан Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Ғабит Абзалбек, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы мен өзге де қонақтар жиналғандарды тілдер күнімен құттықтап, игі тілектерін жеткізді. Әсіресе, қазақ тілі дамытуды емес, қолданыс аясын кеңейтуді қажет ететінін айтқан тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы мемлекеттік тілдің мерейін тасытып, мәртебесін көтеруде әлі атқарылар шаруа шаш етектен екеніне тоқталды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.