Биыл ата-бабамыз армандаған ел Тәуелсіздігіне қол жеткізгенімізге 30 жыл толады. Тәуелсіздік – халқымызға тәңірден бұйырған қымбат сый. Ұлттық құндылықтарды сақтап, оны одан әрі сабақтастыратын ұрпақ тәрбиелеудегі басты көпір – халқымыздың бар бояуымен, сырлы сазымен сақталып келген ана тілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде”, – деп атап көрсетті. Мемлекеттік тіл бір шаңырақ астында ұйыған түрлі ұлттар мен ұлыстарды саяси-мәдени бірлікке ұйымдастырудың арқауына айналды.
2021 жылы облыстық тілдерді оқыту орталығында 140 топ ұйымдастырылды. Соның ішінде 124 топта қазақ тілі (2197 тыңдаушы), 16 топта ағылшын тілі (241 тыңдаушы) үйретілді. Қалалық және аудандық бюджеттерден 64 топта – қазақ, 1 топта – орыс, 7 топта ағылшын тілін оқыту жүргізілді.
Биылғы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұлттық тестілеу орталығы өңіріміздің ересек тұрғындары үшін “Қазтест” жүйесі бойынша сертификаттық тестілеу өткізді. Сынаққа қатысқан 100 адамның 65-і білімін растап, арнайы сертификатқа ие болды.
Ынтымақ-достықтың, береке-бірліктің қадір-қасиетін ұғынып, бағалай әрі сақтай білетін солтүстікқазақстандықтардың қазақ тілін үйренуге деген ынта-жігері жоғары. Қазақ тілін игеріп, ұлттық өнерді серік еткен жас ұрпақтың қатары қалыңдап келеді. Оған дәлел – өзге этнос өкілдерінің 259 баласы қазақ сыныптарында оқиды. Бұдан балаларын орыс тілді мектептерге білім алуға беретін өзіміздің кейбір қаракөздеріміз үлгі алса нұр үстіне нұр болар еді.
Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында Қанат Тасыбековтің “Ситуациялық қазақ тілі” әдістемесі бойынша “Мәміле” клубы жұмыс істейді. Сондай-ақ облыста барлық этникалық топтардың тілдерін дамытуға жағдай жасалып отыр.
2020-2021 оқу жылында Петропавл қаласының №17 ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінде 9 бөлімде (қазақ, поляк, татар, армян, неміс, шешен, корей, украин, әзірбайжан) түрлі этностардың 230-дан астам баласы ана тілі мен әдебиетін, тарихы мен мәдениетін оқыды.
Өңірдің ономастикасын түзету бойынша жұмыстар жандандырылды. Облыс бойынша соңғы екі жылда 2 ауылдық округтің, 3 ауылдың тарихи атауы қайтарылды. Сонымен қатар 395 көшеге жаңа атау берілді. Облыстың мәдениет және білім беру мекемелеріне Қожаберген жырау, Абай, Ақан сері, Мағжан Жұмабаев, Ермек Серкебаевтың есімдері берілді.
Бүгінгі күні облыстық ономастика комиссиясының қарауына Петропавл қаласындағы №25 жалпы білім беретін орта мектепке Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхановтың, №2 орта мектепке мемлекет, қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасұлының, №9 орта мектепке Ахмет Байтұрсынұлының, облыстық спорт мектеп-интернатына Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін беру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тағы бір айта кететін жайт, өткен жылдың қараша айында алғаш рет “Ұлттық ономастика – ел айнасы” республикалық конкурсы ұйымдастырылып, осы бағытта жұмыс істейтін мамандардың білімі мен біліктілігі сараланды. Нәтижесінде Мамлют, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов және Қызылжар аудандарының мамандарынан құралған “Солтүстік нұры” командасы 2-орынды иеленді.
Биыл тілдер мерекесі аясында облыс бойынша 400-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланған. Пандемияға байланысты шаралар негізінен онлайн форматта және сақтық шараларын сақтай отыра ұйымдастырылады.
Бірнеше кезеңнен тұратын маңызды жұмыстардың бірқатары басталып та кетті. Солардың бірі – Ш.Шаяхметов атындағы “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырып жатқан оқытушылардың Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқауы. Бұл додаға облыстық тілдерді оқыту орталығының қазақ тілі пәнінің оқытушысы Әсел Махметова қатысып, өз білімі мен біліктілігін саралауда. Шешуші кезең қыркүйектің 15-і күні Түркістан қаласында өтеді. “Fecbook”-тегі “Tilqazyna” парақшасына тіркеліп, жерлесімізді қолдауларыңызды сұраймыз. Сіздердің қолдауларыңыз қазылар алқасы шешім қабылдар кезде ескеріледі.
Сондай-ақ “Мен қазақша сөйлеймін” акциясы өз мәресіне жетуге жақын. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт өкілдерін ынталандыру мақсатындағы іс-шарада өңір намысын облыстық полиция департаментінің қызметкері Александр Авдонин қорғауда. Полиция департаментінің инстаграм парақшасында дауыс беруге болатынын еске саламыз. Байқау қорытындысы қыркүйектің екінші онкүндігінде белгілі болады.
Ал мектеп оқушылары арасындағы акцияға белсене қатысқан Петропавл қаласының №32 орта мектебінің 5-сынып оқушысы Ксения Турешина, Бескөл №2 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Роман Жолудев және Қызылжар ауданы Бугровое орта мектебінің 9-сынып оқушысы Николай Кайнов Тіл саясаты комитетінің дипломымен марапатталды.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ономастикалық жұмыс және көрнекі ақпарат бөлімінің мамандары жұмыс жоспарына сәйкес қала көшелеріндегі жарнамалар мен көрнекі ақпараттарды тіл заңнамасына сәйкестендіру мақсатында ұдайы рейдке шығады. Бүгінге дейін 23 көше қамтылды. Олқылықтарды жою мақсатындағы жұмыстар өз нәтижесін береді деген үміттеміз.
Ана тіліміздің тағдыры – елдің тағдыры, ол тек мемлекеттің саясатымен, мемлекеттік мекеменің ісімен шешілмейді. Мемлекеттік тілдің дамуына еліміздің әрбір азаматы үлес қосуы қажет.
Нұрлан ЖАМАНТАЕВ,
облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары.