«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰСТАЗ БОЛУ — ЖҮРЕКТІҢ БАТЫРЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті ұстаз есімі қашанда ардақты. Ал осы ұлағат алып бәйтерек секілді жайқалған әулетте ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатса, нұр үстіне нұр. Менің отбасымда да мұғалімдік жолда еңбек етіп жүрген жандар баршылық.

Мамандық таңдауға түрткі бол­ған менің әуле­тім десем қателеспеймін. Әжем Мағрипа Қуандыққызы зейнеткерлікке дейін ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болды, ал әкем Мұса Паселкеұлы бірнеше жыл бойы дене шынықтырудан дәріс беріп, қазіргі уақытта Шал ақын ауданындағы балалар мен жасөспірімдер клубының басшысы қызметінде еңбек жолын жалғастыруда. “Әке көрген оқ жонар” демекші, ағам Сәкен Мұсаұлы да білім беру саласында жұ­мыс істеп жатыр. Ол Бәйтерек орта мектебінде информатика пәнін оқытып жүр. Мен де әулетіміздің дәстүрін жалғастырып, бала күнгі арманымды жүзеге асырдым. 2015 жылы орта білім ордасын тамамдап, Өмірзақ Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіне “Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі” мамандығы бойынша оқуға түстім. Білікті оқытушылардан тәлім алып, жоғары оқу орнын 2019 жылы сәтті аяқтадым. Әрине, толыққанды өз ісінің маманы атану үшін көп оқу қажет. Білікті ұстаз болу мақсатымен өңіріміздегі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде магистратурада оқуымды жалғастырдым. Міне, екі жылдан соң қызметке орналасуды шештім. Таңдауым об­лыс орталығындағы Абай атындағы қазақ мектеп-гимназиясына түсті.

Менің ойымша, кез келген адам ұстаз бола алмайды. Себебі – ұстаздық өнердің тағылымы терең. Ол әр адамның бойына қона бермейді. Шын ұстаз болу үшін де табиғи дарын, ізгілікті ізденіс, ерен еңбек қажет. Оған қоса шәкірт тәрбиелеуде тәлімгердің алар орны ерекше. Өйткені мұғалім әрбір баланың бойындағы қабілетін ашып, үлкен өмірге бейімдейді. Ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал баққан шопан да – бәрі-бәрі ағартушы ұстаздан білім алып, тәрбие нәрімен сусындаған. Сондықтан да па­расатты педагогтарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Әрине, мұндай мәртебеге ие болу үшін көп еңбектену қажет. Бүгіннен бастап мен де әулетіміздің дәстүрін жалғастырып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге асықпын.

Мұғалімдіктің қиындығымен қоса қызығы да жетерлік. Біздің алдымызда мектеп табалдырығын тарыдай болып аттаған бүлдіршіндерді он бір жыл бойы баптап, таудай азамат етіп қалыптастыру міндеті тұр. Демек, басқа мамандық иелерінің баршасы ұстаздарына борыштар. “Шәкірті өзінен озғаны – ұстаздың еңбегінің ақталғаны” дейді дана халқымыз. Сондықтан мен де бұл қағиданы өмірлік ұстанымыма айналдырғым келеді. Осылайша алдыма мақсат қою арқылы данагөй ұстаздардың ізін жалғастыра алатыныма сенімдімін.

Бүгінгі күні білім беру саласында көптеген жаңа технологиялар пайдаланылуда. Бұрындары компьютерлік графика, слайдтар сынды қосымша бағдарламалар тек информатика пәнінде қолданылса, қазіргі күні қазақ тілі мен әдебиеті пәндері сабақтарында да олардың тигізер пайдасы зор. Қытай философиясындағы “Маған жай айтсаң – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, ал өзімді іс-әрекетке қатыстырсаң – үйренемін” деген даналық сөзі көп нәрсені ұқтырып тұрғандай. “Ұстаз болу – өз уақытыңды аямай, өзгенің бақытын аялау”, – деп Мұхтар Әуезов айтқандай, уақытпен са­наспай, балалардың болашағы үшін жұмысқа кірістім.

Гүлназ ЖОЛКЕНОВА,

Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp