Солтүстік Қазақстан облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы «СҚО мұрасы замандастар объективінде» атты фотосуреттер байқауын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі СҚО полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Байқау жайында хабарландыру СҚО тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының әлеуметтік желідегі ресми сайтында жарияланды. Тамыз айының соңына қарай бастау алған фотобайқау 30 қыркүйекке дейін ұзартылып отыр.
«СҚО мұрасы замандастар объективінде» деп аталған байқауға кез келген тұрғын қатыса алады. Бір автор 5 суреттен артық жібере алмайды. Тағы бір талап – түсірілген фотолар бұған дейін еш жерде қолданылмаған, яғни жаңа болуы тиіс.
«JPEG-форматтағы, яғни жоғары сапалы фотосуреттер қабылданады. Байқау ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған. Осы іс-шара арқылы өңірдің тарихи-мәдени-сәулет мұрасына тұрғындардың назарын аударғымыз келеді. Фотография өнері арқылы біздің ескерткіштердің сұлулығын, маңызын көрсетуді, шығармашыл адамдарға қолдау білдіруді мақсат еттік», – дейді орталықтың директоры Рақат Мамбеталинов.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар бар. Ал үздік фотосуреттерді орталық кейін жұмысында қолданбақ.
https://www.inform.kz/