Хоккейден ел біріншілігі бастау алды. “Qulager” клубы алғашқы екі ойынды өз алаңында өткізді. Бұл жолы жерлестерімізге “Aqtobe” командасы қарсылас атанды.
Бірінші ойында қос клуб хоккейшілерінің жеңіске деген ұмтылысы айқын байқалды. Алдымен алаң иелері есеп ашып, бірінші шайбаны Александр Ильин соқты. Көп ұзамай ақтөбеліктер таразы басын теңестірді. Кездесудің екінші бөлігінде жерлестеріміз 5:4 есебімен жеңіп тұрған. Алайда қызылжарлықтардың қуанышы көпке ұзамады. Үшінші кезеңде таблода 6:6 есебі тіркеліп, ойын қосымша уақытқа ұласты. Жеңімпаз тек булиттер сериясында анықталып, сәттілік қонақтар жағында болды.
Келесі күні жерлестеріміз есе қайтаруға тырысқанымен, ақтөбеліктер мықты екендіктерін тағы да дәлелдеді. Қарымта кездесуде “Aqtobe” клубының ойыншылары қосымша уақытта 1:2 есебімен жеңіске жетті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.