«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жер бөлуде бірізділік жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

2018-2020 жылдар аралығында облыста шаруа немесе фермерлік қожалық жүргізуге жер бөлу бойынша небәрі 46 байқау өткен. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары бос жатқан жер телімдері болса, мұндай байқаулар жылына ең кемі 3 рет ұйымдастырылуы қажет деп санайды. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде бұл талаптың неліктен орындамайтыны талқыланды.

– Біз 2018-2020 жылдардағы, сондай-ақ осы жылдың бірінші жартыжылдығындағы деректерді талдап, кейбір аудандарда талаптардың орындалмайтынын анықтадық. Атап айтқанда, Айыртау ауданында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді бөлу бойынша бір ғана байқау өткен, Тимирязев және Мағжан Жұмабаев аудандарында үш байқау ұйымдастырылған. Бұл үш жарым жылдың ішіндегі нәтиже. Тым мардымсыз. Ал ережеге сәйкес байқаулар бос ауыл шаруашылығы жерлері болған жағдайда жылына кемінде үш рет өтуі тиіс, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің сарапшысы Тимур Елеукин.

Өңірде мұндай байқауды мүлдем жүргізбеген аудандар да бар. 2018 жылы Айыртау, Есіл, Жамбыл және Мағжан Жұмабаев аудандарында фермерлерге жер бөлінбеген. 2019 жылы Қызылжар ауданында байқау өткізілмепті. Тура осындай жағдай 2020 жылы Айыртау, Мағжан Жұмабаев, Тимирязев, Шал ақын аудандарында қайталанған. Алайда 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша облыста бос және пайдалануға жарамды ауыл шаруашылығы жерлерінің бар екенін көреміз. Мәселен, Тимирязев ауданында 33011 гектар, Айыртау ауданында 24866 гектар, Мағжан Жұмабаев ауданында 9753 гектар иесіз жер учаскелері анықталған. Өңір бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жерлердің ауданы 413 694 гектарды құрайды.

– Ақжар ауданында 145 учаске қойылған, оның 136-сы шаруашылық субъектілеріне берілген. Уәлиханов ауданында байқауға 173 учаске қойылды, оның 133-і фермерлерге берілді. Сондай-ақ байқау нәтижелерінің күшін жою фактілерін де атап өткен жөн. Осылайша 2020 жылы Айыртау, Тимирязев және Шал ақын аудандарында үш байқау, 2021 жылы Тайынша ауданында бір байқау тоқтатылды, демек, бұл жер бөлу бойынша іс-шаралардың сапасыз жүргізілетінін көрсетеді, – деді Тимур Елеукин.

Отырыс барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрайымы Инесса Қуанова мемлекеттік орган өкілдерінен мәселенің неліктен шешілмей жатқанын сұрады.

– Ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлік қызметті жүргізу үшін жер керек. Жер алудың тәртібі бекітілген. Бұл бағытта әкімдіктердің жұмысы “ақсап” тұрғанын көруге болады. Неге? Бұдан шығатын қорытынды: жер учаскелерін бермей, бизнестің жұмысын тежейсіздер немесе жер байқаудан тыс басқа жолмен берілуі мүмкін, – деген Инесса Қуанованың сұрағына шенеуніктер бірнеше себебін айтты. Уәждері мынау – ауыл шаруашылығы мақсатындағы бос жер жоқ, екіншіден, бизнес тарапынан жер алуға өтінім түспеген.

– Байқау жариялау үшін сұранысқа ие жер телімдерінің қоры болу керек деп санаймын. Бос жер болмаса, сәйкесінше байқау да өтпейді. Кейде өтінім түспейтін жағдай болады. Сондықтан байқаулар өтпеген. Бос жерлер бар, бірақ аукцион жүргізілмеген аудандарға келетін болсақ, бұл жағдайды ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы түсіндіріп береді. Олар жер пайдаланушылардың есебін жүргізеді, – деп жауап берді облыстық жер инспекциясы басқармасының жерді пайдалану және қорғау мемлекеттік бақылау бөлімінің басшысы Айтбай Байдүйсенов.

Ал ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының жер беруді есепке алу бөлімінің басшысы Марат Төлеев байқаулардың аздығына қатысты пікірмен келіспейтінін айтады. Ол соңғы үш жарым жыл аралығын емес, жағдайды жер көптеп таратыла бастаған 2009 жылдан бастап қарау керектігін атап өтті.

– 2015-2021 жылдар аралығында аудандық әкімдіктер жалпы ауданы 1 млн. гектар жер беру үшін 117 байқау өткізді. Деректерді 2018 жылдан бастап алу дұрыс емес, өйткені жер шексіз емес, 10 жылдан 49 жылға дейін жалға берілетінін ескеру керек. Қазір қорда 570 мың гектар учаске бар, соның ішінде ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамсызы – 181 мың гектар. Бос жерлерден учаскелер беру бойынша 2021 жылы 19 байқау өткізілді, оның ішінде егістікке – 19 мың гектар, жайылымға – 53 мың гектар бөлінді. Аталған жұмыс жалғасып жатыр, – деді Марат Төлеев. Айтуынша, байқаулардың жиі өтпеуіне кворумның болмауы себеп. Яғни, байқау өткізу үшін комиссия мүшелерінен бөлек, оған округ әкімдері мен қоғам белсенділері қатысуы керек екен. Олар уақытында жинала қоймайдымыс.

Мемлекеттік орган өкілдерінің ақталуы кеңес мүшелерінің сенімін туғыза қойған жоқ. Керісінше, аудандық әкімдіктер жер бөлу үрдісін дұрыс жолға қоймағаны көрініп қалды. Байқаулар ашық өтпейді. Аукциондардың барысы онлайн емес, таспаға жазылып берілетіні де күмәнді.

Отырыстың қорытындысы бойынша кеңес мүшелері жауапты мемлекеттік органдарға заңнама талаптарын тиісінше орындау және ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында бірнеше ұсыныс жасады. Аудан әкімдіктеріне байқауларды уақытылы өткізуді қамтамасыз ету, бос жер учаскелерін, сондай-ақ пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтау бойынша жұмыс жүргізу ұсынылды.

Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,

облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp