Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан азық-түлік 7,1 пайызға қымбаттаса, кей өнімдердің маусымдық арзандауы байқалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, өңір бойынша инфляция 5,6 % құрап отыр.
Азық-түлік өнімдері бағаның өсуі бойынша бірінші орында тұр. Жыл басынан бері 7,1 % қымбаттаған.
Соның ішінде май бағасы 13,4 % өсіп, бірінші орынға шықты.
Екінші орында нан тұр, сегіз айдың ішінде оның құны 11,4 % өскен.
Бұдан басқа ұн – 9,9 %, жармалар – 9,3 %, балық пен балық өнімдері – 7,6 %, ет – 6,8 %, және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер – 4,2 % қымбаттады.
Көкөністердің бағасы жалпы 14,3 % өскен, алайда соңғы уақытта қияр 28,8 %, қызанақ 15,9-ға арзандады.
Темекі өнімдерінің бағасы 14,6%, спирттік ішімдіктер 6,2 %, алкогольсіз сусындар – 6,6 % өскен.
Ал жұмыртқа 12,9 %, күріш 7,2 %, тары 5,4 % және макарон 3,8 % арзандады.
СҚО-да жыл басынан автокөлік бағасы да өскен, мамандардың есебінше 7,3 % қымбаттап отыр.
Үй тұрмысына арналған тауарлар 5 %, жуып-тазалауға арналған құралдар 4,1 %, кітап-кеңсе тауарлары 3,9 %, киім мен аяқ киімнің кей түрі 3,1 %, фармацевтикалық өнімдер 2,7 % қымбаттаған.
Бензин бағасы 14,3 %, ал дизель отыны 7,5 % өскен.
СҚО тұрғындары үшін электр қуаты 18,5 %, газ 9,9 % қымбаттаған. Сондай-ақ кей қызметтердің де құны өсіп отыр.
Соның ішінде пошта қызметі 6,5 %, нотариус 5 %, сақтандыру 3,6 % қымбаттады.
Бұдан басқа солтүстікқазақстандықтар киімді жөндету үшін 6,9 % артық төлейді, ал қоғамдық тамақтану қызметі 4,8 % дейін қымбаттаған.
https://www.inform.kz/