Петропавл тұрғыны аса ірі көлемде есірткі сатты деген күдікпен ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 қыркүйек күні полиция қызметкерлері Петропавлдағы Абай көшесінде есірткі сатты деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын ұстаған. Ол бұрын мүліктік қылмысы үшін сотталған екен.
Жедел іс-шара барысында ер адамнан 2 кг гашиш алынды. Аталған факті «Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Сот-химиялық зерттеу қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың жалпы салмағы – 1 келі 994 грамм гашиш. Бұл есірткі және оның баламасы мен прекурсорларының жиынтық кестесіне сәйкес аса ірі көлемге жатады. Сондай-ақ, күдіктінің көлігін тінту барысында машинадан 971 мың теңге ақша табылды. Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Руслан Үмбетов.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, қылмыстың бұл түріне 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жыл басынан бері облыста полицейлер 139 есірткі қылмысын анықтады, оның 35-і өткізуге қатысты. 287 кг жуық түрлі есірткі заты тәркіленді, оның 4 кг-нан астамы синтетикалық есірткі.
https://www.inform.kz/