Солтүстік Қазақстан облысында халыққа қызмет көрсету орталықтары бес күндік жұмыс кестесіне көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО-да халыққа қызмет көрсету орталықтары енді дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Сенбі және жексенбі демалыс күндері.
«Мұндай бірыңғай жұмыс кестесі барлық республика бойынша енгізіледі. Қызмет алушыларға ыңғайлы болу үшін әр өңірде кезекші халыққа қызмет көрсету орталықтарын қалдыру туралы шешім қабылданды. Олар мемлекеттік қызмет көрсету үшін жұмыс күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Яғни жұмыс кестесі екі сағатқа ұзартылды», – дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ СҚОФ баспасөз хатшысы Ерназар Нұрғалиев.
8 қыркүйектен бастап Петропавлдың №1 халыққа қызмет көрсету бөлімі дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейтін болады.
«Қауіпсіз және бейтарап мәртебесі бар клиенттер мемлекеттік қызметтерді алдын ала брондаусыз алады. Бұдан басқа, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы талондарды беру жүйесін «Ashyq»-пен біріктірді. Бұл талондарды беру кезінде клиенттің мәртебесін тексеруге мүмкіндік береді. Терминалда клиенттің ЖСН теру кезінде ақпарат «Ashyq» жүйесіндегі деректермен салыстырылады, егер де мәртебесі қауіпсіз емес болса, бағдарлама талонды басып шығарудан бас тартуды көрсетеді», – дейді Ерназар Нұрғалиев.
https://www.inform.kz/