«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Онлайн санақ бойынша тұрғындардың белсенділігі төмен

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындардың әзірге 3,3 пайызы ғана науқанға қатысып, онлайн санақтан өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, 9 қыркүйекте өңірде 17 717 адам онлайн санақтан өткен. Бұл барлық облыс тұрғындарының тек 3,3%-ы ғана. Жалпы өңірде, мамандардың есебі бойынша, қазір 540 826 адам бар.

«Ұлттық санаққа онлайн қатысып жатқан тұрғындардың белсенділігі әзірге төмен. Екінші кезең басталғалы он күндейі өтіп кетті. Алдын ала болжам бойынша, республика тұрғындарының 30%-ы ұлттық санақтан қашықтан өтеді деп жоспарланған. СҚО-да да сол меже. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр, 10 мыңнан астам жадынама тараттық. Облыс бойынша 100-ден астам баннер ілінді», – дейді Ұлттық статистика бюросының СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жұлдыз Нұрғалиева.

СҚО тұрғындарды онлайн санақпен қамту бойынша республикада соңынан 4-5 орындарда келеді.

«1 қазаннан бастап ұлттық санаққа интервьюерлер қосылады. Олар үй-үйді аралап, мәліметті планшетке енгізеді. Екінші кезеңге барлығы 700 адам тартылады деп жоспарланған. Олардың 89-ы бақылаушы-нұсқаушы болса, 610-ы интервьюерлер. Олардың біреуі 800-ден астам адамнан пікіртерім жүргізуі тиіс», – дейді Жұлдыз Нұрғалиева.

Естеріңізге саламыз, sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Осы мерзімге дейін онлайн санақтан өтуге болады. Ал өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Сондай-ақ санақ бойынша сауал туған жағдайда 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.

https://www.inform.kz/

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp