“Даму” қорының аймақтық филиалының ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрген кәсіпорындарға баспасөз туры ұйымдастырылды. Қордың өңірлік филиалының директоры Мереке Сыздыков қаржылай қолдау шаралары туралы айтып берді.
– Жыл басынан жалпы сомасы 24,16 млрд. теңгені құрайтын 430 субсидиялау келісімі жасалды. Олардың ішінде: “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы бойынша – 16,28 млрд. теңгеге 419 келісімшарт, “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша – 7,88 млрд. теңге сомасына 11 келісімшарт жасалды. Ішінара кепілдік беру көлемі де өсті. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 361 жобаға берілген несиенің жалпы сомасы 12,7 млрд. теңге болды, – деді Мереке Өмірбекұлы.
Түрлі салаларда бизнес-идеяларын жүзеге асырып жатқан төрт кәсіпорынның басшылары мемлекеттік бағдарламалардың көмегі туралы баяндады. “МАТЕКС” ЖШС-і шұлықтар мен бас киімдер, мойынорағыштар тоқиды. Кәсіпорын директоры Арамаис Тер-Аствацатурянның айтуынша, жоғары сапалы шикізат қолданылады. Компания айналым капиталын толықтыру үшін “Еуразиялық банк” АҚ арқылы жылына 17,5 пайызбен несие алған. Қор “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында несиені субсидиялады. Нәтижесінде кәсіпорын қарызды 6 пайыз өсіммен төлейді.
Сергей Сокирко ашқан “Sens Fashion” ЖШС-і болса “Банк ЦентрКредит” АҚ арқылы “Даму-Өндіріс” бағдарламасы аясында 6 пайыздық жеңілдетілген несие алған. Мұнда аң терісінен бас киім, былғары сырт киім, мектеп формасы, кеңсе киімдері, төсек-орын жабдықтары және камуфляж тігіледі. Қаламызда ательелер желісі бар. Мектеп формаларының түрі де саналуан. Киім ыңғайлы және мектеп формасына қойылатын мемлекеттік талаптарға толық сәйкес келеді. Компания мұғалімдерге арналған іскерлік үлгідегі киім шығаруды да қолға алыпты.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында сенімгерлік басқаруға берілген “Бескөл мектеп-колледжі” ЖШС-і металлургия және машина жасау мамандығы бойынша оқытады. Бүгінде мұнда 42 студент білім алып жатыр. Интернат пен шағын орталық бар. Серіктестік “Қазақстан Халық Банкі” АҚ арқылы инвестициялық мақсатта 14 пайызбен несие алған. Оны қор 6 пайызға дейін төмендетті. Несие қаражатына оқу орнына толықтай дерлік жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар химия, физика, биология, робототехника кабинеттері жабдықталып, спорт құралдары, компьютерлер мен кеңсе, асхана жабдықтары, интерактивті тақталар, оқулықтар алынды.
“Левин В.Д.” жеке кәсіпкерлігі өндіріс көлемін арттыру мақсатында екі роботты манипулятор сатып алу үшін “АТФ Банк” АҚ-дан “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша жылына 15 пайызбен несие алды. Оның 9 пайызын “Даму” қоры субсидиялады. Ал кәсіпкер несиені 6 пайызбен төлейді. “Левин В.Д.” жиһаз фабрикасы – облыстағы ірі жиһаз өндіруші екенін айта кеткен жөн.
– Барлық жиһаз жергілікті ағаштан және экологиялық таза материалдардан жасалады. Үстел мен орындықтар жасау үшін жергілікті қайың пайдаланылады. Дайын өнім Петропавл, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында сатылады. Үстіміздегі жылы Павлодар мен Орал нарығына шығуды жоспарлап отырмыз, – дейді “Левин В.Д.” жеке кәсіпкерлігі басшысының орынбасары Евгений Лиценбергер.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.