Ақан сері атындағы облыстық филармонияда Қасым Аманжоловтың туғанына – 110 жыл толуына, Мұқағали Мақатаевтың 90, Тұрсынғазы Рахимовтың 70 жылдығына арналған “Сәби болғым келеді” атты ән кеші өтті.
Дәстүрлі әншілердің ұйымдастыруымен өткен мәдени кеште Жанат Айтбаев, Біржан Есжан, Еркебұлан Қарыпов, Ғалымжан Нұрпейісов сынды өнерпаздар Қызылжардың аспанын әнге бөлеп, патша көңілді көрерменді шаттыққа кенелтті. Концерт барысында “Саржайлау”, “Қазағым-ай”, “Аягөз ару”, “Сарыарқа”, “Дариға, домбырамды берші маған”, “Ақсәулем”, “Сәби болғым келеді” атты тамаша туындылар орындалды. Сонымен қатар бұл кеште “Әлқисса” фольклорлық, “Әдемі-ау” қазақ би ансамбльдері өнер көрсетті.
Домбыраның сазды үні күмбірлеп, ән әуелеген әуезді кештен соң көпшілік көтеріңкі көңіл күймен үйлеріне тарқасты.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.