«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру маңызды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында “халық үніне құлақ асатын мемлекеттің” басты қағидаты – мемлекеттік аппараттың азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеу талабына үлкен маңыз берді. “Мемлекеттік аппарат біртұтас құрылым ретінде жұмыс істеуге міндетті. Солай болған жағдайда ғана біз көздеген мақсатымызға қол жеткіземіз”, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Жолдауда мемлекеттің тиімділігін, саяси үдерістің ашықтығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыруға үлкен мән берілді. Бұл орайда жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, қызмет саласындағы заңнаманың, қызметтік әдеп нормаларының сақталуын бақылаудың рөлі айрықша. Әдеп жөніндегі кеңестердің міндеті – заң бұзушылықтардың алдын алу, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтаудағы жауапкершілік деңгейін арттыру және тәртіптік теріс қылықтарды қарау. Жыл басынан бері әдеп кеңесінің 11 отырысы өткізіліп, 4 аудан әкімінің, аумақтық инспекциялардың, департаменттер мен басқармалар басшыларының есептері тыңдалды. Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы, Әдеп кодексін бұзудың алдын алу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мәселелері, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттыру бойынша профилактикалық сипатқа ие пәрменді шаралар қабылданды. Қаралған тәртіптік істер арасында Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Уәлиханов, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардағы мемлекеттік сатып алулардағы кемшіліктерді атап айтуға болады. Мемлекеттік органдардың басшылары қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы сақтау мәселелері бойынша 162 заң бұзушылық тіркелді. Бір азаматтың конкурстық комиссия әрекетінің заңсыздығы туралы түскен арызы негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, басқармалардың бірінің басшысының бос лауазымына орналасуға конкурс нәтижелері жойылды. Анықталған кемшіліктердің сипаты әртүрлі. Көбіне конкурстар өткізу рәсімдерін, өтініштерді қарау, тәртіптік жаза қолдану тәртібін, Әдеп кодексінің нормаларын сақтамау жиі кездеседі.

Жолдауда жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті кейде солардың орнына шешім қабылдауға тура келетіні өткір сын тезіне алынды. Мұндай кемшіліктер негізінен жауаптылық деңгейінің төмендігінен орын алып жататыны жасырын емес. Мемлекеттік органдарда жұмыс уақытын сақтау үшін “Е-қызмет” ақпараттық базасының есепке алуды бақылау жүйесін орнату үрдісі жалғасын тапты. Қазір бұл жүйеге 106 мемлекеттік орган қосылған. Ондағы мақсат – мемлекеттік қызметшілердің деректеріне тұрақты бақылау жүргізу. Жүйе барлық аудандық әкімдіктерге орнатылды. 2019 жылғы мониторинг нәтижесінде жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғаны үшін 5 басшы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 2020-2021 жылдары 10 мемлекеттік органға қатысты тексеру жүргізілді.

Бүгінде өңір аумағында 487 мемлекеттік ұйым жұмыс істейді, штат бойынша ондағы қызметкерлер саны – 4738 адам. Жоғары білімі барлары – 85,3 пайыз. Биыл мемлекеттік органдардағы бос лауазымдарға 503 тағайындау жүргізілді. Жолдауда мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бақылауға айрықша көңіл бөлінді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы нормативтік-құқықтық актілердің қатаң сақталуына тікелей байланысты. Мемлекеттік органның қызметі осы көрсеткіштерге қарап бағаланады. Биыл мемлекеттік қызмет көрсету сапасына 18 бақылау іс-шарасы өткізілді. Түрлі заң бұзушылықтар жасаудың 60 фактісі анықталды. Жүйелі және өрескел заң бұзушылықтар анықталған мекемелер бойынша тәртіптік жауапкершілікті нығайту туралы бірқатар ұсынымдар берілді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты түскен 29 өтініштен 17-і дәлел тапқанын, өткен жылмен салыстырғанда қызмет алушылардың құқықтарын бұзу өскенін айта кеткен жөн. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында 5, Қызылжар ауданының жер қатынастары бөлімінде 2, Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінде 1 факт тіркелді. Ауыл шаруашылығы саласында субсидия төлеу қызметі дұрыс көрсетілмеген. Департамент араласқаннан кейін ғана бұл мәселе шешімін тапты. Бұдан былай бақылауды жүзеге асыру кезінде рұқсат беру құжаттарына жататын мемлекеттік қызметтерге ерекше көңіл бөлінеді. Рұқсат беру сипатындағы мемлекеттік қызметтерді беру тәртібі мен мерзімін бұзғаны үшін 4 әкімшілік хаттама толтырылды. Тимирязев ауданы жер қатынастары бөлімі әкімшілік құқық бұзушылықты екі мәрте қайталаған.

Ақпараттық жүйелер үрдісінде де проблемалардың қордаланып қалғаны рас. Мемлекеттік органдар “адам – орталық” моделі, “адамдар ең алдымен” қағидаттары бойынша халық пен бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланудың орнына ведомствоішілік мүдделермен ғана шектеліп жататыны жиі кездеседі. Бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі – қызметті барынша цифрландыру екені Жолдауда айтылды. Шынында да, мемлекеттік сектор толығымен “цифрлық қайта жүктеуді” қажет етеді. Мұндағы бұрыннан келе жатқан басты түйткіл – мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара тиімді кіріктірілмеуі. Күнделікті қызметте оны жиі байқап жүрміз. Электрондық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуде өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ерекше маңызға ие. Жеті айдың ішінде 66 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Яғни, цифрлық қызметтердің үлесі 2,5 есе ұлғайды. Қызмет алудың ыңғайлылығы ойластырылып, әлеуметтік желіде “egov-та” мемлекеттік қызметтерді қалай алуға болады?” атты парақша құрылды. Онда мемлекеттік қызметтерді онлайн алу тәртібі туралы 100-ден астам ақпарат орналастырылған. Өңірде электрондық қызмет түрлері 97,4 пайызды құрап, қағаз түрінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтер саны 16 есеге азайды. Оған “e-gov” порталындағы қызметтердің қолжетімділігі айтарлықтай әсер етті.

Елена СТЕПАНЕНКО,

облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp