«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІНДЕТПЕН КҮРЕС — ӘРБІРІМІЗГЕ МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапарымен коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі “Ел үшін егілемін” азаматтық штабының мүшелері келді. Делегация өкілдері С.Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларымен және жастармен кездесті.

“Ел үшін егілемін” азаматтық штабының өкілі Серік Беркамалов бастамашыл топтың біздің облысқа қандай мақсатпен келгенін айтып, тұрғындарды коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау шараларына белсенділікті арттыру мәселелері бойынша ашық пікіралмасуға шақырды.

Оның айтуынша, аталмыш азаматтық штаб үстіміздегі жылдың тамыз айында құрылған. Оның құрамында 200-дей адам, соның ішінде қоғам қайраткерлері мен белгілі дәрігерлер де бар.

Серік Беркамалов елімізде пандемия басталған уақытта инфекцияның таралуына жол бермеу үшін карантиндік қатаң шектеу шаралары қолға алынғанын, алайда қазір коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуына байланысты тұрғындар арасында екпе алудың маңызын уақыттың өзі көрсетіп отырғанын жеткізді.

Ол биыл тамызда елімізде ауру жұқтыру көрсеткіші күрт артып, бір ай ішінде 56 мың тұрғында қауіпті инфекция анықталғанын айтты.

– Біздің басты мақсатымыз өңірлерде тұрғындарды екпе алуға шақыру. Аурудан құтылудың бір амалы – екпе алу. Ол үшін ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет. Сол кезде ғана қауіпті індеттен толық құтылуға болады. Қазіргі уақытта елімізде 6 миллионнан астам адам вакцинаның екінші компонентін алды. Бірақ оның өзі аз. Бұған дейін Шығыс, Батыс Қазақстан мен Қостанай, Ақмола облыстарында болып, тұрғындармен кездестік. Белгілі дәрігерлер, иммунологтар вакцинаның мүмкіндігін нақты дәлелдермен түсіндірді. Нәтиже жаман емес. Бірақ біз әлі де жұмысты жалғастыратын боламыз, – дей келе, делегация құрамында болған санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі, Қазақстан Республикасы Премьер-министрі орынбасарының баспасөз хатшысы Ержан Байтанаев өңірде тұрғындардың 60 пайыздан астамы екпе алғанын, бұл жақсы көрсеткіш болғанымен, шекаралық аймақта қауіпті індет жұқтыру қаупі басым екенін атап өтті. Сондықтан вакциналау шараларын 100 пайызға жеткізу басты мақсат.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша өңірде вакциналаудың алғашқы компонентін алған тұрғындардың үлес салмағы 74,6 пайызды құрайды. Бірақ облыста 40 жасқа дейінгі жастардың арасында 50 мыңнан астам адам әлі екпе алмаған. Тіпті Қызылжар, Айыртау аудандық білім беру ұйымдарында әлі вакцина салдырмаған ұстаздар да кездесіп отыр. Мұғалімдер балалармен тығыз байланыста болатындықтан, бұл мәселе делегация мүшелерін алаңдатуда. Жиында вакциналау шараларына қарсы уәж айтатын әсіре белсенділермен түсіндіру жұмыстарын жүргізудің де маңызы жоғары екені айтылды. Демократиялы, зайырлы қоғамда мұндай жағдай қалыпты құбылыс болғанымен, өз өміріміз бен денсаулығымыз үшін жауапкершілікті арттыру қажет.

Жұмыс сапары барысында азаматтық штаб мүшелері өңірдің өзге де ұйымдарында болып, кәсіпкерлермен, тұрғындармен кездесті.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp