«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨМІРДІҢ ҚҰНЫН КІМ БІЛГЕН?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халық ауыз әдебиетінің жинақталуына зор еңбек сіңірген ақын Мәриям Хакімжанованың туғанына биыл 115 жыл толады. Көзі тірісінде төл поэзиямыздың қоржынына бірнеше жыр жинағын сыйлаған қаламгер қазақтың өлең өлкесіне қадам басқан қыздарының қадамының сәтті болуына қолдау көрсетті. Әдебиет әлеміне Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин сынды Алаштың арыстары жетелеп әкелген Мәриям ақын ғұмырының соңына дейін елді, жерді, сүйіспеншілікті аналық махаббатпен жырлап өтті. Бүгін назарларыңызға ақынның топтама өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Сауал

Бүгін неге,

Әлде неге,

Жүрек соғып,

Тулайды?

Бүгін неге

Әлем жүзі,

Шаттанады,

Шулайды?

Бүгін неге, –

Куанғандай,

Күлімдейді,

Алатау?

Бүгін неге, –

Күрсінісіп,

Қайғыланды –

Қалың жау?

Қызыл қанды,

Белден кешіп,

Талай жаумен

Алысқан.

Қарсы алысты

Қалың топ,

Тұс-тұсынан

“Уралап”.

Жаңғырықты

Жер мен көк,

Шартылдады

Шапалақ

Көк пен жерді,

Тебірентіп,

Музыка тұр, –

Сайраған.

Қосылады

Аспаптар,

Жеңіс күйін, –

Ойнатып.

 

Ана сыры

Дүние ұзақ сапар, бір кең сарай,

Адамзат алуан-алуан келген талай.

Біреулер сайрандаса тамашалап,

Біреулер азап шегіп өткен жылай.

Өмірдің талай асқар биігінен,

Кім өткен не сүрініп, не құламай.

Жүрегін оққа ұстап ер шабады,

Күн туса, ел басына екі талай.

“Айда аяқ, жылда жілік жоқ, шырағым”,

Деп бастады кәрі ана сөзді осылай.

Жанарсыз жасаураған көздің нұры,

Тереңнен тербегендей сөздің түрі.

Жүректің кілтін ашып жібергендей,

Аузынан шықты атылып өмір сыры.

Нұрланды, ажарланды әжім беті,

Біткендей дүниеден барлық мұңы.

Қарт ана қайта жасап нұрланғандай,

Кайтадан шешек атып жастық гүлі.

Шарықтап қуанғаннан кетті қиял,

Шертіліп жүрегімнің нәзік қылы.

Карт ана күлім қақты шаттанғандай,

Алдында ақын қызы баптанғандай.

Өмірден көргендерін күймен шертті,

Сақталған ой қазынасын ақтарғандай.

Күй толқып тасқындады екі шектен,

Күй сыры ой төріне сақталғандай.

Қосылып кейде ана саңқылдайды,

Қарт көмей ақ күміспен қақталғандай.

“Жаңа өмір” күйдің аты деп шертеді,

Алдында ұл-қызының мақтанғандай.

 

Жол әсері

Кең құшақ, жазық дүние жайнап жатқан,

Күлімдеп күміс көлдер қайнап жатқан.

Жайқалып қарағай, қайың қарай қалса,

Сылқылдап тас бұлақтар таңдай қаққан.

Саяда бұлбұл құстар тұрды сайрап,

Қойғандай көлеңкеге жіпсіз байлап.

Ішінде жұмсақ вагон өлеңдетіп,

Келемін алдымдағы өмірді ойлап.

Құбылып көрінеді Қара теңіз,

Шетіне көз жетпейді, көкшіл кеңіс.

Тамсанып таза ауасын сіміремін,

Жегендей алма бақтан теріп жеміс.

Жібек жел қарсы алдымнан есіледі,

Мұнартып түн пердесі кесіледі.

Самсаған көк жұлдызы күле қарап,

Нені іздеп жер бетіне тесіледі?..

Бұрқылдап болат тұлпар келеді ағып,

Күн көзі күле қарап нұрын шашты,

Гүл бәйшешек құлпырып қойнын ашты.

Айлықты алты басып, шыңнан асып,

Жеттік-ау тесіп өтіп тау мен тасты.

 

Кім білген

Қиындық көрмей өмірден,

Өмірдің құнын кім білген?

Махаббат таппай көңілден,

Көңілдің құнын кім білген?

Тегеурін таппай тeмiрден,

Темірдің құнын кім білген?

Қызулық таппай көмірден,

Көмірдің құнын кім білген?

Қайғылы болып қамықпай,

Шаттықтың құнын кім білген?

Ашығып асқа тарықпай,

Тоқтықтың құнын кім білген?

Жоқтықты көріп жұтамай,

Бардың құнын кім білген?

Жесірлік көріп жыламай,

Жардың құнын кім білген?

Қу бастың зарын тартпаса,

Баланың құнын кім білген?

Қайратың кеміп қартаймай,

Жастықтың құнын кім білген?

Жауыздықты тойтармай,

Қаруын қарсы қайтармай,

Достықтың құнын кім білген?

Отан үшін аттанбай,

Ойран салмай жауына,

Ортақ болмай дауына,

Отанның құнын кім білген?

 

Бермеген ақша

Мұзафар Әлімбаев бірде Алматы облысының бір ауданына қонаққа барады. Тамақ ішіліп, дастарқан жиналған соң, жігіттер ақынның көңілін ауламақ болып, “преферансқа” кіріседі ғой. Іштерінде Шымберген деген мектеп директоры бар екен, сол кісінің қалтасында ақшасы болмай, ұтылып қалған соң, Мұзағаңның ұтысын жарым-жартылай ғана төлепті.

– Жарайды, сені қинамай-ақ қояйын… Бірақ бермеген ақшаңа өлең айтсам қайтеді? – дейді Мұзағаң әзілдеп.

– Айтыңыз, айтыңыз? – дейді отырғандар ақынды қаумалап.

Сонда Мұзағаң былай депті:

Ау, Шымберген, Шымберген,

Қонақ едік бір келген.

Екі тиыннан келісіп,

Бір тиыннан құн берген,

Бұл сұмдықты кім көрген!

 

Ұялшақ Ұзақбай

Алпысыншы жылдардың ішінде ақын Сырбай Мәуленов Ұзақбай деген кісімен көп уақыт бойы дос болып жүреді. Ұзекеңнің өзі әзілкеш болғанымен, кей-кейде өзіне әзіл айта қалсаң – қыз сияқты қысылып, ұялып қалатын қызық мінезі бар екен. Ұзекеңнің сол мінезін жақсы білетін Сырағаң өлеңмен ол кісіге мынадай мінездеме жазыпты:

Білемін баяғыдан Ұзақбайды,

Ұзекең қызды әзілмен тұзақтайды…

Сондайын айтсаң болды бетін басып,

Ұзақбай кызараңдап тызақтайды.

 

“Бағасын не қыламыз төмендетіп?”

Сырбай Мәуленов шығармашылық сапармен бірде Жамбыл облысын аралайды. Ол жақтағы жергілікті бір жас ақын Сырағаңды қолтығынан жетелеп, үйіне қонаққа апарады. Жас ақынның аздап кеудесінің желі бар ма, айтар сөзін ұйқаспен, өлеңмен айтуға тырысады екен. Сырағаңды төріне жайғастырған бойы, өзі де тізе түйістіріп отыра қалып:

Сыраға, отырайық өлеңдетіп,

Әр жолын өлең сөздің көлемді етіп, – деп сөз тастайды.

Сонда Сырағаң:

Өлеңді жеңіл-желпі айта салып,

Бағасын не қыламыз төмендетіп, – деп іле жауап береді.

Әлгі жас ақын Сырағаңның осы сөзінен соң өлеңмен сөйлегенді сап қойыпты.

Дайындаған

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp