«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІЛІМ — ТАУСЫЛМАЙТЫН КЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қазіргі жаhандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін екеніне алаңдап, құзырлы министрліктің алдына оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу талабын қойды. Президент атап өткендей, бүгінде оқуды қажет деп санамайтындар пайда болды. Мұның өзі ұстаздар қауымына шәкірттің бойына жаңа білім сіңіре алатындай нағыз ағартушылық тұлға ретінде қалыптасуды міндеттейді. Балаларды ерте бастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие. Болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білген өскелең ұрпаққа артылатын сенім зор, жауапкершілік жүгі ауыр.

Бұл түйткілдерді бірлесіп шешуге мұғалімдердің қарым-қабілеті де, кәсіби біліктілігі де, ұйымдастырушылық таланты да әбден жетеді. Өткен жылдан бастап “Педагог мәртебесі туралы” Заң күшіне еніп, педагогика саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы айтарлықтай жақсарды. Қазіргі кезде орташа жалақы 250 мың теңгені құрайды. Биыл қаңтар айынан бастап еңбекақы 25 пайызға көбейді. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан осындай қолдау шаралары тиімді де жемісті жұмыс істеуге, өз шеберлігін арттыруға ынталандырады. Бір байқағаным, ел бойынша педагог болғысы келетін жастар қатары артып келеді. Педагогикалық мамандықтарға басқа оқуға түсе алмағандар емес, жүрек қалауымен баратындардың көбейгені көңілге үлкен үміт ұялатады.

Президент Үкіметке қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды, білім берудің қолжетімді әрі инклюзивті болуын қадап тапсырды. Себебі пандемия кезіндегі қашықтан оқыту ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Біздің өңірдегі жағдай едәуір жақсы. Барлық 462 мектеп интернет желісіне қосылған. “Bilimland” білім беру платформасы, “Күнделік KZ” бірыңғай ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Былтыр 14 мыңға жуық компьютер, ноутбук, планшет, басқа да қажетті жабдықтар сатып алынды.

Мектеп бітіретін түлектердің ұнатқан кәсібін саналы түрде таңдай білуіне бәріміз мүдделі болуымыз керек. Өйткені елімізде білікті мамандар әлі тапшы. Түлектер білім іздеп сыртқа кетіп қалмай Қазақстанның орта арнаулы және жоғары оқу орындарына көбірек келуі үшін облыстың оқу орындарының базасында 50 кәсіптік бағдарлау орталығы мен кабинеттер ашылған. 9 және 11 сынып оқушылары сұранысқа ие мамандықтар жайлы толық мағлұмат ала алады. Көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына арнаулы гранттар тағайындалған. Биыл 50 білім гранты бөлінді. 2017 жылдан “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы жүзеге асырылып келеді. Колледждердің 16 мыңнан астам студенті 70 мамандық және 122 біліктілік бойынша тегін оқиды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының бірінші бағыты бойынша 2433 студент білім алады.

Ұзақмерзімді мақсаттар мен ағымдағы кезеңнің басымдықтарын белгілеген ауқымды бағдарламалық құжатта білім құндылығы алдыңғы орынға қойылды. Петропавлдағы 740 орынға арналған химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі сапалы білім берумен қоса жаңа идеялар мен жаңалықтарға қолдау көрсету, жеке тұлға қалыптастыру, кәсіби деңгейді нығайтуды басты мақсат санайды. 2015 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан білім ошағы биыл түлектердің төртінші легін қияға қанат қақтырды. Олардың барлығы дерлік білім беру гранттарына ие болды. Үлкен өмірге жолдама алған 402 оқушының 347-і отандық жоғары оқу орындарында, оның ішінде 83-і Назарбаев университетінде, 56-ы шетелдерде оқиды. Талдау көрсеткендей, шәкірттеріміздің 40 пайызы – инженерлік-техникалық, 17,6 пайызы – медицина, 12 пайызы – ғылым, 8 пайызы – экономика, 7 пайызы – гуманитарлық және ауыл шаруашылығы, 6 пайызы – қызмет көрсету, 3 пайызы педагогикалық мамандықтарды таңдады. 8 түлегіміз GS рейтингінің ТОП-100 құрамына енетін әлемнің үздік университеттерінің грантына ие.

Назарбаев зияткерлік мектебі 2019 жылдың соңында CIS халықаралық аккредиттеудің бірінші циклын аяқтап, аккредиттелген мектеп мәртебесін алдық. Бұл шетелдік оқу орындарына түсу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Сондай-ақ “ЮНЕСКО”-ның тұрақты дамуының жаhандық мақсаттарына бағдарланған оқыту мен тәрбиелеу құндылықтары да тың тәсілдер арқылы жүзеге асырылады.

2021-2022 оқу жылында 7-12 сыныптарда 655 бала білім алады. Оларға жүзден астам ұстаз сабақ береді. Араларында Кениядан – химия, Филиппин мен Мысырдан – физика, Біріккен Араб Әмірліктерінен информатика пәнінің мұғалімі бар. Педагогтардың жартысынан астамы – модератор және сарапшы мәртебесіне ие.

Пандемия кезінде “Microsoft Teams” көпсалалы платформасында қашықтан және аралас оқыту форматы қолданылды. Мұндай шешім сыртқы емтихан уақытында түлектер растаған білім сапасының жоғары деңгейін сақтауға мүмкіндік берді. Оқушыларымыз жергілікті және республикалық ғылыми жобалар байқауларында табысты өнер көрсетіп келеді. Жыл сайын рейтингтік, пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында орта есеппен 80-нен астам оқушыны қамтитын 60-қа жуық еңбек ұсынылып, лайықты бағаланып жүр. Республикалық “Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам” инновациялық жобалар конкурсында бірінші, “Kazrobotik-2020” конкурсында екінші орын алдық. 11-сыныптың 4 оқушысы “ЮНЕСКО”-ның Қазақстандағы өкілдігі ұйымдастырған “Шекарасыз ұрпақ” жастар челленджінің халықаралық идеялар байқауының республикалық кезеңіне қатысты. Оның нәтижесі бойынша командамыз 380 мың теңгенің грантын жеңіп алды.

Тәрбие жүйесінің басты ерекшелігі жан-жақты тұлға қалыптастыру, білім беру құндылықтарын әр шәкірт бойына сіңіру болып табылады. Патриоттық, рухани шараларға арналған практикалық сабақтарға, түрлі бағдарламалар мен бастамаларға басымдық беріледі. “Хор”, “Домбыра”, қолданбалы өнер үйірмелері жұмыс істейді. “Креативті сенбі” жобасына қызығушылық жақсы. Оқушылар сарайында ұйымдастырылатын мехатроника, дрондар құрастыру, биотехнология зертханаларына барады. Мектеп жанындағы 136 орынды жатақханада тәрбиеленушілердің өмірге төзімді мінез-құлқын, ұстамды көзқарасын қалыптастыруға үлкен көңіл бөлінеді. Шығармашылық әлеуетін дамытуға бейімдейтін тоқу, кесте тігу үйірмелері, “Cooking club” бар. “Таза үй” акциясы апта сайын өткізіледі.

Жолдаудағы тың міндеттер ұстаздар қауымына сапалы жұмыс атқаруға, шеберлікті шыңдауға, озық тәжірибелерді игеруге зор жігер береді.

Данияр УӘЛИЕВ,

Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp