“Nur Otan” партиясы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтіп, “Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!” сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында қабылданған жол картасындағы іс-шаралардың орындалу барысы талқыланды. Жиынды филиал төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша алдымен облыстық экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың баяндамасы тыңдалды. Ол сайлауалды бағдарлама шеңберінде 117 іс-шара өткізу жоспарланғанын айта келіп, жол картасының әр бағытына жеке-жеке тоқталып өтті. “Экономикалық тұрақты өңір” бағыты бойынша биыл 38 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биылғы жыл басынан бергі 8 айда негізгі салаларды дамытуда оң серпін байқалды.
Өткен жылға қарағанда, құйылған инвестициялар көлемі – 23,8, өнеркәсіп өндірісі – 7,5 , тұрғын үй құрылысы – 7,5, құрылыс жұмыстарының көлемі 6,8 пайызға ұлғайды. Жол картасында жоспарланған жалақы өсіміне қол жеткізіліп, облыс бойынша орташа еңбекақы 161,1 мың теңге болды. 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды. Өнеркәсіп секторы 221,0 млрд. теңгенің тауарлары мен өнімдерін шығарды. Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында 2025 жылға таман 10 жаңа кәсіпорын іске қосылады. Жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнім түрлерін шығарумен айналысатын өндірісті жаңғыртуға 3 млрд. теңге бағытталып, 200-ден астам адам жұмыспен қамтылады. Аграрлық салада жалпы өнім шығару 0,6 пайызға көбейіп, көрсеткіш 240,9 млрд. теңгеге жуықтады. Өсім ет, сүт өндіруде де байқалады. Жылына 6 мың тонна бройлер етін өндіретін 2 құс фабрикасының құрылысы жүргізілуде. Өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру үшін “Евразиан милк” сүт зауыты жаңғыртылуда. Жылдық өңдеу қуаттылығы 370 мың тонна болатын май экстракциялық зауытын салумен “Маслодел” компаниясы айналысады. Иинвестиция мөлшері – 15 млрд. теңге. Жыл басынан бері “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы шеңберінде 29 жоба қаржыландырылды. Субсидиялау бойынша 403 жоба мақұлданды. Имантау-Шалқар курорттық аймағы еліміздің үздік он туристік бағытына енгізіліп, 524 орындық 6 нысанды пайдалануға беру белгіленген.
Баяндамашы жол картасының екінші бағыты бойынша жолдар мен ауызсу сапасын жақсарту, тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру мәселелерін тілге тиек етті. Биыл 813 шақырым жол, соның ішінде 44 ауылда 117 шақырым кентішілік жол жөнделеді. Тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз етуге 11,4 млрд. теңге қарастырылған. 3 мыңнан астам отбасы суды үйге қосу мүмкіндігіне ие болады. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарының 83,5 пайызы таза суға қол жеткізеді. Тұрғын үй құрылысы саласына 27 млрд. теңге бағытталған.
Азаматтардың әл-ауқатын арттыру әлеуметтік саладағы көрсетілетін қызметтер есебінен жүзеге асырылады. Медициналық жабдықтарды жаңартуға 3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқумен қамтуды ұлғайту мақсатымен балабақшалар 309 орынға кеңейтіледі. 321 мектеп – физика , 255 мектеп – химия, 253 мектеп – биология, 105 мектеп лингафонды-мультимедиялық кабинеттермен жабдықталды. Төртінші бағыт шеңберінде 4,1 мың жас жұмысқа орналастырылды. Өз ісін ашуға 411 шағын несие берілді.
Жамбыл ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының жетекшісі Марат Ескендіров бүгінге дейін сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыруға бағытталған 70 шараның 45-і орындалғанын, атап айтқанда, жылқы, қой өсіру, балық және өсімдік майын өңдейтін цехтар ашылғанын, Пресновка топтық су құбыры пайдалануға берілгенін, “Еңбек” бағдарламасы аясында Жамбыл ауылында 10 үй бой көтергенін, бірқатар елді мекендерде көшелер қалпына келтіріліп, жарық шамдары орнатылғанын жеткізді. Благовещенка дәрігерлік амбулаториясының күрделі жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Шалғай ауылдарда медициналық және дәріханалық пункттер ашылады.
Тимирязев ауданының әкімі, партияның аудандық филиалының жетекшісі Нұрлан Кеңесов өз сөзінде орташа жалақының 109 мың теңгеден 145 мың теңгеге дейін көтерілгенін, 1,5 мың жұмыс орны құрылғанын, жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайыздан 4,8 пайызға төмендегенін, жартылай ет өнімдерін өндіретін цех жаңғыртылғанын, 14 елді мекенде интернет жүйесі жақсарғанын, әлеуметтік қызмет көрсетудің бірыңғай порталы ашылғанын атап өтті. Шаруа қожалықтарымен, фермерлермен меморандум жасасудың арқасында 150 жас жұмысқа орналастырылған.
“Nur Otan” партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әсем Рахметова қосымша хабарлама жасады. “Партияның сайлауалды бағдарламаларының талапқа сай орындалуына өңірлерде жұмыс істейтін қоғамдық кеңестер елеулі үлес қосып келеді. Бүгінге дейін олардың 393 отырысы өтіп, 741 мәселе талқыланды. Талдау көрсеткендей 1134 шараның төрттен бірі іске асырылып, 55 пайызы орындалу үстінде”, – деді ол
Саяси кеңестің бюро отырысын Құмар Іргебайұлы қорытындылап, күн тәртібінде талқыланған мәселенің маңыздылығын, сайлауалды бағдарламаны орындауға қаржылық мүмкіндік те, саяси ерік-жігер де жеткілікті екенін, ең бастысы, назарды жұртшылықты толғандыратын проблемаларға аудару тиістілігін атап өтті. Жол картасында белгіленген әр бағыт бойынша бақылау мен қадағалауды бәсеңдетпеуді тапсырды.
Бюро мүшелері талқыланған мәселе бойынша қаулы қабылдады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”