«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАТТЫҚ АСҚАҚ МАҚСАТТАРҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Аудан тарихы сонау 1928 жылдан басталады, ал жаңа мыңжылдықтың басынан бері күллі түркі әлемінің ортақ тұлғасы, ақиық ақын, Алаштың ардақты ұлы Мағжан Жұмабаевтың есімімен аталады. Аудан тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Тәуелсіздік жылдары бұл сала жаңаша қарқынмен дами түсті. 64 серіктестік пен 266 фермерлік қожалық сүтті мал шаруашылығын дамыту, ірі қара етін өндіру, дәнді және майлы дақылдар, картоп пен көкөніс өсіру және тағы басқа кәсіп түрлерімен айналысады. Зеңгі баба тұқымының санын 41036 басқа жеткіздік. Өткен жылы бір мың сиырға арналған 2 заманауи сүт кешені (“Полудинское” ЖШС-де 400, “Ноғайбай” ЖШС-де 600 басқа арналған) ашылды.

Диқандар жылына орта есеп­пен 412,3 мың тонна астық өндіреді. Орташа өнімділік гектарынан 14,2 центнер. 2015 жылмен салыстырғанда майлы дақылдар өндірісі 3 еседен астам ұлғайды және қазір оның көлемі 95,8 мың гектар. 2017 жылы шаруалар мемлекет тарапынан 2,7 млрд. теңге сомасында демеуқаржы алса, 2020 жылы бұл сома 2,9 млрд. теңгеге жетті.

Еліміз егемендік алып, нарықтық экономикаға көшкеннен кейін шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше екпін берілді. Бүгінгі таңда ауданда жұмыс істеп тұрған 1097 бизнес субъектісі бар. Соңғы онжылдықта жаңа кәсіпкерлік нысандары ашылып, дені сауда және қызмет көрсету салаларында еңбек етуде. Солардың ішіндегі “Пальчик В.Т.” май зауыты – тұрақты дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі. Қызметінің негізгі бағыты – сүт өнімдерін шығару. Сарымай, стерильденген сүт, айран, ірімшік, ашытылған сүт және қаймақ сияқты 15 түрлі өнім өндіреді. Соңғы бес жылда “Бизнестің жол картасы 2025” және тағы басқа бағдарламалар арқылы 26 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 2664,5 млн. теңге несие берілді.

Аудан аумағы арқылы 862 километр жол өтеді, соның 78 шақырымы республикалық маңызға ие, 224-і – облыстық, 560 километрі аудандық маңызды жолдар. Бүгінгі таңда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 70 пайыздан асады. Сумен жабдықтау жүйесінде де егемендік жылдары айтарлықтай жұмыс атқарылды. Ары бармай-ақ, соңғы 20 жылды алып қарасақ, “Ауызсу”, “Ақ бұлақ”, “Өңірлерді дамыту”, “Нұрлы жол” бағдарламалары аясында тұрғындардың сапалы ауызсумен қамтылу көрсеткіші 97 пайызға жеткізілді.

Соңғы жылдары жұмыс күші ар­тық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдай бастадық. Ауданға оңтүстік аймақтардан 318 отбасы немесе 1300 адам келіп қоныстанды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша көшіп келушілерге арналып 84 үй салынды.

Экономикадағы оң өзгерістер әлеуметтік салаға да өз әсерін тигізді. Тәуелсіздік жылдарында ауданда төрт денсаулық сақтау мекемесі салынды. 2006 жылы Булаево қаласында туберкулезге қарсы диспансер ашылған, жақында ол коронавируспен ауырған науқастар үшін оңалту орталығы болып қайта бейімделді. 2009 жылы Полтавка ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулатория салынды. “100 мектеп 100 аурухана” мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан орталығында 250 келушіге арналған аудандық емхана салынғанын да айта кеткен жөн. Бұл игі іске шаруашылықтар да атсалысуда, мәселен, 2018 жылдың желтоқсан айында Ноғайбай ауылында “Ноғайбай” ЖШС-нің күшімен жаңа медициналық пункт ашылды. Денсаулық сақтау нысандары­ның материалдық-техникалық базасы да нығайып келеді. Аудандық аурухана, ауылдық жерлердегі фельдшерлік-акушерлік қосындарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Білім беру жүйесі де қалыптасудың күрделі кезеңдерінен өтті. Экономикалық тоқырау кезінде жабылып қалған балабақшалар біртіндеп қалпына келтіріліп, қайта ашыла бастады. Булаево қаласында “Балдәурен”, “Алтын күн” балабақшалары пайдалануға берілді, Таманское, Возвышенка, Қарақоға ауылдарында да сәбилер үйлері ашылды. 2008 жылы Хлеборобное ауылында жаңа мектеп салынды. Соңғы үш жылда республикалық қаржыландырудың арқасында он бестей білім беру нысаны күрделі жөндеуден өткізілді.

Қосымша білім беруге және балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де ерекше назар аударылады. 2020 жылы Булаево қаласында “ALTYN URPAQ” балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығы ашылды, оған қазіргі уақытта 80-ге жуық өрен қатысады. Аудан аумағында “Березка” жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді, онда жыл сайын 400-ден астам бала демалады.

Ауданда 66 мәдениет мекемесі бар, соның 41-і кітапхана, 23-і клуб және екі мұражай жұмыс істейді. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары құрылған мұражайларға тоқталатын болсам, Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына орай Сарытомар ауылындағы мектеп жанынан ашылған музей 2008 жылы “Мағжан Жұмабаев мұражайы” коммуналдық мекемесі болып қайта құрылды. Екінші мұражай аудан орталығы Булаево қаласында орналасқан. 2011 жылы ашылған аудандық тарихи-өлкетану мұражайы да Мағжан Жұмабаевтың атында. Құнды жәдігерлердің бәрі осы екі тарихи орында сақтаулы. Мәдени, тарихи, өлкетану, зерттеу іс-шараларының көбі осы музейлерде өткізіледі. Ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туған жерінде әрбір бес жыл сайын республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтар мен шетелдіктердің қатысуымен ұлттық ауқымдағы мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастырылады. 2018 жылы Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына дайындық аясында Сарытомар орта мектебінің материалдық базасы жаңартылды. Молодежный ауылдық округі Мағжан ауылдық округі болып қайта аталды, №4 Булаев орта мектебіне Мағжан Жұмабаев есімі берілді, осы мектептің аумағында атақты жерлесімізге ескерткіш қойылды.

Тоқсаныншы жылдары қаңырап бос қалған ауылдық Мәдениет үй­лері мен клубтар күрделі жөндеуді қажет етуде. Солардың ішінде Сарытомар, Фурманов, Полудинский, Возвышенский, Ұзынкөл, Успен және Надеждин ауылдық клубтары қалпына келтірілді. 2016 жылы Ноғайбай ауылында жаңа демалыс орталығы ашылды. Жалпы ауданда соңғы екі жылда 5 мәдени-демалыс орталығы құрылды. Биыл Советское және Таман ауылдарындағы Мәдениет үйлерін күрделі жөндеуге кірісеміз.

Елді мекендерді абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. 2019 жылы Булаеводағы орталық алаңды қайта жөндеуден өткіздік, 2020 жылы шағын сәулет ескерткішін орнаттық. Өткен ғасырдың ал­пысыншы жылдары салынған “Достық” қалалық саябағын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Ретсіз өскен ағаштардың бір бөлігі кесіліп, жаңа аллеялар салынды. Жазғы сахна қойылып, аттракциондар орнатылды. Жаңартылған саябақтың ортасына керемет субұрқақ салынды. Қазіргі уақытта Булаево қаласының көшелерін жарықтандыру және жолдарды жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ауданда спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Тұрғындардың 33 пайызы спортпен тұрақты түрде айналысады. Соңғы 3 жылда аудан орталығының аумағында дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жабық хоккей корты салын­ды, спорттық ойын алаңдары орнатылды. Ауылдық округтерде шағын футбол алаңдары, спорт тренажерлары ашылуда. Облыстық “Ақ бидай” жазғы спорт мерекесін өткізу – 2019 жылғы үлкен жетістігіміз деп санаймын. Осы шара аясында орталық стадион жөнделгенін айта кеткен жөн.

Бұл Алаштың ардақты ұлының есімін иеленген ауданда соңғы жылдары атқарылған жұмыстың бір парасы ғана. Жеткен жетістіктердің барлығы – азаттықтың арқасында мүмкін болды. Ерінбей еңбек етіп, қол жеткен табысты еселей түсу – алда тұрған негізгі міндет. Азаттық асқақ мақсаттарға жетелейді.

Қайрат ОМАРОВ,

Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp