Мағжан Жұмабаев ауданының ырыздығын жерден тапқан диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамастан егіс алқаптарында жүр. Мақсат – алтын дәнді шашау шығармай қамбаға құйып алу. “Агро-Комплекс-Сулышоқ” ЖШС-інде де жұмыс қыза түскен.
Егін орағына алғашқылардың бірі болып шалғы салған аталмыш серіктестік орақты уақытында аяқтайтынына сенімді. “ESSIL 740” комбайндары мен төрт МТЗ-80 тракторлары күні-түні алқап басында. Жұмысшы да бел жазбай еңбек етуде.
– Қазір еңбектің қызған шағы. Биыл 1200 гектарға дәнді дақыл ектік. Соның ішінде 840 гектарға – бидай, 96 гектарға – сұлы, 76 гектарға – арпа, 115 гектарға – түйежоңышқа тұқымы себілді. Серіктестікте тұрақты түрде қысы-жазы 12 адам еңбек етеді, ал көктемгі егіс пен күзгі орақ науқанында жұмысшылар саны көбейеді, – дейді “Агро-Комплекс-Сулышоқ” ЖШС-нің директоры Қайрат Жәнібеков.
Серіктестік егін егумен қатар мал шаруашылығын да қолға алған. “Сыбаға”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламаларының көмегімен Симменталь тұқымды 100 сауын сиыр, етті бағыттағы Герефорд тұқымды 140 бас ірі қара сатып алған. Жүзден астам Еділбай қойы өсірілуде.
– Мемлекет қолдауының арқасында мал шаруашылығымен айналысудамыз. Сол арқылы тұрғындарды қысы-жазы жұмыспен қамтып отырмыз. Мал азығын таситын тракторшылар, малшылар, сауыншылар, бұзау өсіретін жұмысшы, аспаз сияқты мамандар үздіксіз еңбек етеді. Орташа жалақы – 90-100 мың теңгенің көлемінде, – деген шаруашылық басшысы бүгінде сұлы мен арпаны орып болып, бидай алқаптарын да еңсеріп қалғанын айтты. Сұлы мен арпаның орташа өнімділігі гектарынан 14-15 центнерден айналған. Мал азығын да дер кезінде дайындап алған. 1800 тонна шөп, 300 тонна пішендеме, 140 тонна арпа, 120 тонна сұлы әзірлеген. Орақ науқанынан кейін 200 тоннадай сабан әкелінбек.
Шаруашылық техника паркін де үнемі жаңартып отырады. Мәселен, екі “ESSIL 740” комбайны мен екі МТЗ-80 тракторы 2012 және 2014 жылдары сатып алынса, 2019 жылы жаңа “Дон Мар” дестелегіші, 2020 жылы дискілі тырма алынған.
Еркін ТӨЛЕГЕН,
“Мағжан жұлдызы” газетінің тілшісі.