«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САПАЛЫ ӨНІМ, ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА Қызылжарда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен сенбі Петропавлда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Мағжан Жұмабаев көшесінің бойына қаз қатар тізілген сауда сөрелерін қала тұрғындарымен бірге облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов аралап көріп, жергілікті өнімдер бағасының қолжетімді болуын бақылады.

Жәрмеңкеде тұтынушыларға 100-ден астам тауар түрі ұсынылды. Негізгілері – ет, сүт, балық өнімдері, жарма, бал мен көкөністер және жемазық. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Талғат Наурызбаевтың айтуынша, 13 аудан мен қала кәсіпорындарынан 100-ге тарта жүк көлігі қажетті өнімді жеткізген.

– Жәрмеңкеге ет-шұжық өнімдерінің – 50, сүт өнімдерінің – 40, ұнның – 10, көкөністің 100 тоннасы әкелінді. Бұған дейін демалыс күндері қаланың базарларында шағын жәрмеңкелер өткізіліп келген. Осы жолы барлық санитарлық ережелерді сақтай отырып, Петропавлдың орталық көшесінде үлкен жәрмеңке өткізіп жатырмыз. Баға жергілікті базарлардағыдан 15-20 пайызға арзан, – деді Талғат Наурызбаев.

Сөрелердегі азық-түлік бірден өз тұтынушысын тауып жатты. Қалалықтар тарапынан, әсіресе ет және сүт өнімдеріне сұраныс жоғары болды. Сара Қашенова есімді қала тұрғыны сиыр етінің килограмын 1550 теңгеге сатып алғанын айтады.

– Соңғы кездері дүкендегі еттің бағасы шарықтап кетті. Сондықтан бір айға жететін азық-түлік сатып алдым. Осындай ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Сара Қашенова.

Облыс аудандарынан келген диқандар малға қажетті жем-азықты да арзандатылған бағамен өткізді. Нарықтағы бағадан 20 пайыз арзанға 300 тонна шөп пен 400 тонна жем сатылды.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp