«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Туған жердің құшағы кең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Иран мемлекетінен ата-бабалардың байырғы мекеніне оралған 20 отбасының 14-і теріскейге қоныс тепті. Алдағы уақытта тағы да бірнеше отбасының атажұртқа оралмақ ойлары бар.

Туған жерді аңсай жеткен ағайындар Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласы және Есіл ауданындағы Николаевка, Петровка ауылдарына қоныстанды. “Өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы аласапыранда атамыз туған-туыстарын алып, Иран асып кеткен екен. Ол кезде әкем құндақтағы бала болыпты. Әжеміз жолда дүние салған. Атам екінші рет үйленіп, ұрпағы өсіп-өнген. Әкем марқұм өмір бойы туған елін аңсап өтті. Жол ашылса барыңдар, көштен қалмаңдар деп аманат етті. Түбіміз – Маңғыстау топырағы. Ақ түйенің қарны жарылған ақжарылқап күнге жеткенімізге сенер-сенбесімізді білмей отырмыз. Алдымен Ақтауға ұшақпен жеттік. Туған жерге табанымыз тигенде қуаныштан, шаттықтан басымыз айналды. Атамекенімізге ризамыз, кең құшағын айқара ашып, перзенттерін бауырына басты. Шетте туса да, бала-шағамыз ана тілін, салт-дәстүрін ұмытқан жоқ. Қарап отырсам, әулетіміздің жат жұртта жүргеніне бір ғасырға жуық уақыт өтіпті”, – дейді Ираннан келген қандасымыз Әлиақпар Қазақ.

Әлиақпар отбасымен Николаевка ауылына қоныстанды. Бұл елді мекенде сырттан көшіп келушілерге арналып 10 үй салынған. Аталмыш көш Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның Ирандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Бүгінде өңірде 1500-ге тарта бос жұмыс орны бар. Мұғалім, дәрігер, ветеринар, агроном, техникалық мамандар тапшы. Демек, көшіп келушілердің еңбекке қабілеттілері жұмысқа орналастырылады.

“Қандастарымызға жұмыс қарастырып жатырмыз. Бұған дейін келгендері жап-жақсы еңбек етіп жүр. Дәрігер, механизатор, дәнекерлеуші, экскаватор жүргізушісі, тігінші сияқты еңбек нарығына қажет мамандардың келіп жатқаны қуантады. Өз кәсібін ашқысы келетіндер тігіншілікпен, киім, кілем тоқумен айналысады. Дені – бұрынғы қала тұрғындары, сауда-саттыққа бейім. Қандастарға кирилл қарпін үйрету үшін аптасына үш рет тегін сабақтар жүргізіледі”, – дейді “Отандастар” қорының облыстағы жетекшісі Арман Сүйіндіков.

Ираннан ат арытып жеткен ағайындардың төртеуі Петровка ауылын таңдапты. Солардың бірі – Мәриям Еңбергенқызы. Ол Иранның Горган қаласында туған. Ата-әжесі қызылдардың қудалауынан бас сауғалап, шетелге барып жан сақтаған. Жырақта жүрсе де, туған тілдерін ұмытпаған. Әкесі осыдан ширек ғасыр бұрын көз жұмған. Анасының дүние салғанына – 7 жыл. Алыс сапарға шығар алдында зират басына барып, ата-анасымен қоштасып кетіпті. Барлық туыстары Қазақстанға бет алғаннан кейін ол да елге оралуды басты мақсат еткен.

“Бізде осы жақта ұрпағымыз ана тілінде сөйлеп, жоғары білім алып, қызмет етсе деген бір ғана арманымыз бар. Әлеуметтік мәселелер біртіндеп шешіле жатар. Артық ешнәрсе сұрамаймыз. Қазақстанның қай жері болсын – туған жеріміз. Тігіншілік, шаштараз, тамақ өндірісі, сауда-саттық салаларында жұмыс істедім. Қазір кез келген істі атқаруға дайынмын. Құжаттарымыз рәсімделсе, жұмысқа орналасамыз деген үміт бар. Өз кәсібімді ашпақпын”, – деген Мәриям Еңбергенқызының мақсаткерлігі бізді тәнті етті.

Ибрахим Бәли де Горган қаласында тұрған екен. Бұған дейін атамекенге бірнеше рет жолы түскен. Бұл жолы түпкілікті қоныс аударуды ұйғарған. Жыл басынан бері өңірімізге Қытай, Моңғолия, Өзбекстан мен Ресейден 32 отбасы көшіп келген. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мамандарының айтуынша, тарихи Отанына оралғысы келетіндердің қарасы әлі де көп. Ал Қазақстанға биыл 12501 адам қоныстанып, қандас мәртебесін алыпты. 1991 жылдан есептесек, 1 млн. 82,8 мың этникалық қазақ атақонысқа оралған.

Эльмира КӘЛЕНОВА,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp