1 қазан – Қарттар күні біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде аталып өтіледі. Бұл мерекені алғашқылардың бірі болып скандинавтықтар тойлады. Кейін АҚШ-та ерекше маңызға ие болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1990 жылы “1 қазан – Халықаралық қарттар күні” туралы қарар қабылдады.
Халықаралық статистиканың дерегі бойынша, 2005 жылы әлемде 1 миллиардтан астам адам 60 жастан асып, қарттар қатарына қосылды. 2050 жылға қарай дамыған елдердің көбінде 65 жастан асқан адамдар саны екі еседен артық болатыны болжануда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, егде жас – 60 пен 74 жас аралығы, қарт адам – 75 пен 89 жас аралығы, ал 90 жас және одан асқан адамдар ұзақ жасағандар қатарына жатады. Халықтың қартаю үдерісі біріншіден, әлемдік экономиканың өсуімен, екіншіден, ғылыми-техникалық үдеріспен, үшіншіден, әлеуметтік қатынастар саласымен, төртіншіден, қарт адамдардың функционалдық қабілеттері мен денсаулық жағдайларының өзгеруіне байланысты.
Қазақ қоғамында ақсақалдар қашанда елдік пен өнегелі өмір тәжірибесінің қайнар көзі саналған. Олар елді береке-бірлікке, ырыс-ынтымаққа жұмылдыра білген. “Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең”, “Қариясы бар елдің – қазынасы бар” деген даналық тәмсілдер соны айғақтаса керек. Ұрпағын үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсету үлгісінде тәрбиелеген халқымызда аға буын өкілдеріне жастар тарапынан ерекше ілтипат жасалады. Бүгінде елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Әрбір азаматтың қартайған кезіндегі өмірін лайықты ету – мемлекетіміздің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі.
Бұған “Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы”, “Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы”, “Қазақстан Республикасындағы арнаулы мемлекеттік жәрдемақы туралы”, “Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерiне және соларға теңестiрiлген адамдарға берiлетiн жеңiлдiктер мен оларды әлеуметтiк қорғау туралы”, “Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы”, “Тұрғын үй қатынастары туралы” Заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануы игі ықпал етті. Бүгінде елімізде республикалық бюджет есебінен әлеуметтік қолдау шаралары ретінде соғыс ардагерлері мен мүгедектер, оларға теңестірілген адамдар, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері, тыл еңбеккерлері, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” белгілерімен марапатталған немесе бұрын “Батыр ана” атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі “Ана даңқы” ордендеріне ие болған көпбалалы аналар арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алады. Мемлекетіміз егде тартқан азаматтарымызға әлеуметтік қолдау деңгейін кезең-кезеңімен арттырып отыруды, тіпті экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес.
Бүгінде біздің өңірде 104800 зейнеткер, соның ішінде 23 ҰОС ардагері, 5744 тыл еңбеккері бар. Жуырда облыстық әкімдікте үстіміздегі жылы қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында іс-шаралар жоспары қабылданды. Осы іс-шаралар жоспары аясында қарияларды әлеуметтік қорғау саласында, медициналық қызмет көрсетуді жақсарту мен тағы басқа мәселелер бойынша жергілікті атқарушы органдарға, аудан әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілді. Аудандық ардагерлер ұйымдары жергілікті атқарушы органдармен қазыналы қарттарды әлеуметтік қорғау шеңберінде қайырымдылық науқанына қатысу туралы үндеу дайындап, бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауда. Мәселен, халықты әлеуметтік қорғау саласында зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдарды отынмен қамтамасыз ету, тұрғын үйді жөндеу және жалғызілікті адамдардың мұқтаждығын анықтау үшін үй-үйді аралау, қарттарды қолдау айлығы аясында қоғамдық көліктерде қарттардың тегін жол жүруін, медициналық-әлеуметтік мекемелерде онлайн режімде “Ашық есік күнін” ұйымдастыру, облыстың амбулаториялық-емханалық қызмет ұйымдарында тегін консультациялар беру, қажет болған жағдайда үйде медициналық тексерулер жүргізу немесе стационарда тегін емдеуді ұйымдастыру қарастырылған. Сонымен қатар өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеуге арналған тақырыптық сабақтар өткізу, ардагерлерді құттықтау іс-шаралары жоспарланған. Қайырымдылық акциясы барысында Қызылжар аудандық ардагерлер ұйымының бастамасымен ардагерлердің бастауыш ұйымдарымен бірлесіп тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы ойындарынан қарттар арасында спартакиада ұйымдастырылмақ. Жарыс барысында облыстық ардагерлер ұйымының белсенділері филармония әртістерімен бірлесіп концерт қояды. Дәл осындай мерекелік концерттер өзге аудандар мен облыс орталығында да ұйымдастырылады.
Бүгінде аға буын ұрпақты ізгілік пен мейірбандылыққа, Отанға адал қызмет етуге, айналадағы адамдардың өмірге, қоғамға деген оң көзқарасын қалыптастыруға үйретуде. Олардың Тәуелсіздігіміздің нығая түсуіне қосқан үлестері орасан. Жақсы күндерді еселі еңбекпен жақындатуға үлес қосуда аға ұрпақ өнеге көрсетуде. Бүгінгі күнге дейін ел игілігі үшін түрлі әлеуметтік қызмет саласында еңбек етіп жүрген зейнеткерлер аз емес. Сондықтан қарттарға айтар алғыс шексіз.
Бейбіт ӘБІЛЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.