Көк байрағы аспанда желбіреген Тәуелсіз еліміздің жастарының сапалы білім, саналы тәрбие алуына зор үлес қосып отырған білім ошақтарының бірі – Тайынша қаласындағы агробизнес колледжі. Білім ордасының тарихы сонау 1959 жылдан бастау алады, кейіннен егемендіктің арқасында бұрынғы училище негізінде замануи колледж құрылды. Ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласы үшін мамандар даярлап келеді. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде білім ордасынан мыңдаған түлек үлкен өмірге жолдама алды. Бүгінгі таңда бұл ұжымды ұлағатты ұстаз, еліміздің білім беру ісінің үздігі Даулыбай Ташетов басқарады. Өткен жылы ол білім беру және тәрбие бағдарламаларын іске асырудағы елеулі табыстары үшін “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісімен марапатталды. Есімі “Қазақстанның алтын кітабы” жинағына енгізілді.
Тайынша агробизнес колледжіне 2014 жылдан бастап “Тамақтандыруды ұйымдастыру”, “Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу”, “Фермерлік шаруашылық” мамандықтары бойынша дуальды оқыту енгізілді.
Дуальды оқыту жүйесін қолдану үшін кәсіпорындармен келісімшарттар жасалды. Әлеуметтік серіктестік – өзара іскерлік байланыстың тиімді тәсілі. Ауданның ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары оқу орнының серіктесі болып табылады. Солардың арасынан “Тайынша Астық” ЖШС-і, “Астық STEM” ЖШС-і, “Тайынша Агроном” ЖШС-і, “Ильич Тайынша” ЖШС-і, “Тайынша КоммунСервис” ЖШС-і, “Вишневское” ЖШС-і, “Әлжан” ШҚ, “Николюк Е.Н” ЖК., “Казбекова Ж.М” ЖК., “Егимбаев С.З.” ЖК-ін ерекше атап өтуге болады. Бұл кәсіпорындар оқу барысын жоспарлауға қатысып, студенттердің өндірісте тәжірибеден өтуіне және болашақта жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Жыл сайын оқу бітіруші топтардың қорытынды аттестаттау емтиханына да қатысады.
2018 жылдан бастап колледжде модульдік-құзыреттілік тәсілі негізінде әзірленген техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары іске асырылуда. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, колледжде жұмысшы кадрларды еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жүзеге асырылады.
2016 жылдан бастап колледж “Құрғақ құрылыс және гипс-қатырма табақ жұмыстары”, “Тас қалау”, “Дәнекерлеу ісі”, “Аспаз ісі”, “Ауыл шаруашылығы машиналарының слесарь-жөндеушісі” құзыреттілігі бойынша “WorldSkillsKazakhstan” өңірлік чемпионатына үзбей қатысып келеді. Бұл байқау жұмысшыларға арналған олимпиада деп те аталады.
Басшылық білім беру мекемесіне тәжірибелі ұстаздарды топтастыра білді. Соның арқасында биыл колледж аккредиттеуден сәтті өтті. Соңғы уақытта материалдық-техникалық базасы нығайып келеді. Колледждің оқу ғимаратында 15 оқу кабинеті, спорт залы, 100 орындық асхана, 10000 данадан астам кітап қоры бар кітапхана, медициналық кабинет орналасқан. Бұдан бөлек, колледж аумағында 4 зертхана, 3 шеберхана, 100 орындық жатақхана ғимараты бар. Агробизнес колледжіне бекітілген алқаптарда студенттер дәнді дақылдар егеді. Соңғы бес жыл ішінде оқу орны айтарлықтай өзгерді. Оқу ғимараттарына жөндеу жұмысы жүргізілді. Шатыры ауыстырылып, дәліз заманауи қалыпқа келтірілді. Барлық маңызды іс-шаралар өткізілетін акт залы толығымен жаңартылды. Әкімшілік және оқу корпусындағы барлық терезе блоктары ауыстырылды. Ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету және жөндеу мамандығына арналған және тарих кабинеті қайта жабдықталды. Осы өзгерістердің бастамашысы, ұйымдастырушысы – колледж директоры Даулыбай Ташетов мырза.
Жастар жылына орай елімізде “Жас маман” жобасы бастау алғаны белгілі. Оның мақсаты – сұранысқа ие 100 мамандық бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандар даярлаудың халықаралық тәжірибесін енгізу. Ол үшін әр өңірде конкурстық негізде бір базалық университет және 10 колледж анықталды. Тайынша агробизнес колледжі – аталмыш жобаның қатысушысы.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда алғы шепте болып, кәсіби мамандарды даярлау ісінде талап үдесінен көрінуді мұрат еткен колледж ұжымы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын лайықты табыстармен қарсы алып отыр деп айтуға толық негіз бар.
Асель ТИЛЬТАЕВА,
Тайынша агробизнес колледжі директорының оқу және тәрбие жөніндегі орынбасары.