М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының труппасы қызылжарлық көрермендерге бұл жолы белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағанбетовтың “Қырманбайдың тойы” атты комедиясын (сахналық нұсқасы “Бес бойдаққа бір той” деп аталады) тарту етіп, ауыл өмірін көз алдымызға әкеліп, әзіл-қалжың мен күлкіге қарқ қылды.
Бес бойдақ – Қырманбай ақсақал мен оның ұл-қыздары. Жер ортасынан асқанда кемпірі дүние салған қария ұлдарын, ал ұлдары болса әкесін үйлендірмекке әлек. Әке мен балалар арасындағы қарым-қатынас, қимыл-қарекет, мінез, болмыс өзара сыйластықты, құрметті, сонымен қатар әулеттің ертеңіне деген алаңдаушылық көңілін анық аңғартады. Күлкі астарында өмірдің ащы шындығы жатыр десек, қателесе қоймаспыз.
Бекжан Тұрыс (Қырманбай) пен талантты жерлесіміз, “Әкем театрдың” белді әртісі Күнсүлу Шаяхметова (Гүлбарам) шал мен кемпірдің рөлдерін келістіре ойнап, әсем ән мен қазақы қалжың қоса өріліп жатты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.