«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ ПАРЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Отан қорғаушылар үшін халқына адал қызмет етуден, ар мен намысты биік қоюдан, батылдықтың үлгісін көрсетуден асқан мәртебе жоқ. Атамекеніміздің аумақтық тұтастығы мен қауіпсіздігін сенімді қорғаусыз, бейбіт өмірсіз, жасампаз еңбексіз көзге елестету мүмкін емес. Ел басшылығының ұдайы қамқорлығы арқасында бүгінде Қарулы Күштеріміз мемлекетіміздің берік қалқанына айналып отыр. Жыл өткен сайын қазақстандық әскер осызаманғы қару-жарақпен, техникамен, білікті де білімді офицерлермен толығып, жауынгерлік қабілеттілігін арттырып келеді.

Үстіміздегі жылғы 1 қыркүйектен бастап мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілерін запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2021 жылғы мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру науқаны басталды. Бұл жыл соңына дейін жалғасады. Осы кезеңде облыс аумағынан әскерге шақырылушылар әскери қызметін өтеу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарына жіберіледі.

Күзгі шақыруды сапалы өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2013 жылғы 11 наурыздағы №96 “мерзімді әскери қызметке шақыруға жататын әскерге шақырылушыларды алдын ала зерделеу және іріктеу бойынша жұмысты ұйымдастыру туралы” бұйрығы негізінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бөлімдері мен Петропавл қалалық басқармасы 10 шілде мен 28 тамыз аралығында әскерге шақырылушыларды алдын ала іріктеудің бірінші дайындық кезеңін өткізді. Соған орай облыс аумағынан мерзімді әскери қызметке 544 адам жасақталды. Оның ішінде 21 әскери команда құрылып, жіберіледі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Қорғаныс министрлігінің міндеттерін жүзеге асыру, сондай-ақ азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шараларын орындауды ұйымдастыру барысында Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдеріне, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарға сапалы іріктеу басты талаптардың бірі болып қала береді. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке төртінші рет шақыру пандемия жағдайында атқарылуына қарамастан әскерге шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп тұрады. ПТР-зерттеу екі рет – қорғаныс істері жөніндегі департаменттің облыстық жинау бекетінде жөнелтуге екі тәулік қалғанда және тікелей әскери бөлімдерде жүргізіледі. Көпшілікпен тікелей байланысты барынша азайту үшін SMS-хабарламалар таратудың автоматтандыру үрдісі қанатқақты режімде ұйымдастырылады. Хабарламаларды тікелей жіберу сандық даму және аэрокосмостық өнеркәсіп министрлігінің 1414 қызметі арқылы жүзеге асырылады.

Әскери қызметті өтеу тек қару-жарақтарды және заманауи әскери техникаларды қолдануды үйретіп қана қоймай, сонымен қатар дене дайындығы мен рухани дамуға да зор мүмкіндіктер береді. Қорғаныс істері жөніндегі департамент жергілікті атқарушы органдармен, полиция департаментімен, денсаулық сақтау, білім басқармаларымен, басқа да мүдделі мемлекеттік ұйымдармен бірлесе отырып, алға қойылған міндеттерді орындауға дайын.

Талғат ӘЛІҚҰЛОВ,

облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp