Қызылжардың дәл іргесінде Бәйтерек деген ауыл бар. Ерке Есілдің бойында ірге тепкен елді мекенде бес жүзден астам үй түтін түтетуде. 2010-ыншы жылы атамекенге көш басын бұрған қандастарымыздың маңдайын тіреп, ат байлаған қазығына айналған құтты қоныс. Тасжолдың бойында орналасқан осы ауылға қарап, сүйсінемін. Бос жатқан жерге ауыл тұрғызып, бабалар қонысына сағына жеткен ағайынды құшақ жая қарсы алып, бауырына басқан қазақтың дархан мінезінің бір көрінісі іспетті. Иә, 2010 жыл тарих бетінде тамырын тереңнен суарған қазақылықтың алып ағашы – Бәйтерегі көктеген жыл болып жазылғаны даусыз.
Сонымен 2010 жыл қазақ елі, соның ішінде біздің қасиетті Қызылжар өңірі үшін несімен есте қалды? Газетіміздің сол жылдары жарық көрген, бүгінде сарғайып тарихи құжатқа айналған парақтарын бірге ақтарайық.
2010 жыл еліміз үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болғанымен есте қалғаны сөзсіз. ЕҚҰЫ-ның тарихында алғаш рет басқару посткеңестік республикаға берілді. Бұған қоса, Қазақстан Азия мұсылмандары және түркітілдес әлем елдері арасында бірінші болып қос құрлықтағы ең беделді ұйымға басшылық етті. Осының өзінен-ақ еліміздің ТМД елдері арасындағы рөлі мен даму жолының дұрыс арнада екенін аңғаруға болатындай.
Саммитке 56 елдің мемлекет және үкімет басшылары, саяси қайраткерлері, 600-ге жуық халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің алғы сөзінде біздің халықтарымыздың қауіпсіз болашағы үшін бірге әрекет етудің маңыздылығын атап өтіп, сонымен қатар Қазақстан алдында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық Ұйымын дағдарыстан алып шығу міндеті тұрғанын жеткізді. ЕҚЫҰ саясаты мен құрылымында мазмұнды және құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыру қажеттігі туралы мәлімдеп, ұйымның институттары санын кеңейтуді, оның ішінде елордада орналасуы мүмкін ЕҚЫҰ қауіпсіздік институтын құруды ұсынды.
29 қазан күні ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері“ атты Жолдауын жариялады. Мемлекет басшысы осынау маңызды құжат арқылы әлемді жайлаған дағдарыс жағдайында еліміздің даму бағыттарын айқын көрсетіп берді.
2010 жыл солтүстікқазақстандықтар үшін үміт пен сенімге толы болды. Облыстық тілдерді дамыту басқармасының 2010-2014 жылдарға арналған жоспары қабылданды. 1 қаңтардан бастап күшіне енген бұл жоспардың қалай жүзеге асқанына өңір тұрғындары куә. Шыны керек, бөлінген қаржы бірреттік конкурстар мен пайдасыз жиындар өткізуден артылмады.
2010 жылдың жағымды жаңалығы Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері арасындағы бірыңғай кедендік тарифтің енгізілуі болды. 170 миллион адамдық нарыққа жол ашылуы отандық тауарөндірушілерді қанаттандырып, үмітін оятқаны сөзсіз. Сол кезде біздің өңірде сиыр етінің бір келісі 600 теңге тұрса, көршілес Ресейде 900 теңгеден саудаланған еді. Бұған қоса, Қызылжарда сүт өнімдері де айтарлықтай арзан болды. Ресейдің Түмен, Омбы, Қорған секілді өндірісі дамыған, тұрғындары көп облыстарымен шектесетін теріскей өңірінің кәсіпкерлерін бұл жаңалық қуанышқа бөледі. Аз ғана уақыттың ішінде келісімшарттар жасалып, өңіріміздің экспорттық әлеуеті артты. Бұл келісімдердің жемісін кәсіпкерлер бүгінге дейін көріп келеді.
2010 жылы орын алған қуанышты оқиғалардың бірі – облыс орталығында 320 орындық “Ақ Бота” бөбекжайының ашылуы. 450 миллион теңгеге тұрғызылған бұл ғимаратта балаларға барлық жағдай жасалған. Бассейн, спорт, ән-күй залы бар балабақшада балғындардың толыққанды білім алуына мүмкіндік мол.
Жалпы өңірде балабақша тапшылығын жою мақсатында альтернативті ұсыныс ретінде мектеп жанынан шағын орталық ашу жұмысы жалғасын тапты. Бұл игі бастама тек облыс орталығында ғана емес, алыстағы ауылдарда да жүзеге асырылды.
Бұл жылы салық төлеу жүйесі жеңілдеді, кәсіпкелер мен тұрғындарға ыңғайлы болу үшін Қызылжарда ақпараттық қолдау және өңдеу орталығының ашылуы осының айғағы. Бұл ғимараттың құрылысына республикалық бюджеттен 139 миллион теңге бөлініп, қысқа мерзімде пайдалануға берілді. 11 жылдан бері мұнда салық төлеушілерді тіркеу, анықтама-кеңес беру секілді қызметтер көрсетіліп келеді.
2010 жылы біздің облысымыз сандық телевизияға көшті. Республика бойынша қолға алынған бұл жоба ең алғаш рет біздің облысымызда жүзеге асырылды. Осыған орай Киров атындағы зауыт мамандары арнайы толқынды қабылдайтын биіктігі 60 метр ретранслятор мен телеарналарды басқару тетігі – тюнер жасап шығарды.
Осы жылы 13 ақпанда Қызылжарда жаңа қан орталығы бой көтерді. Театр көшесінде орналасқан бұл ғимаратты салуға 1,1 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Бұл – елімізде жүзеге асқан “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының жемісі. 5 қабатты ғимарат еліміздегі ірі қалалардың ішінде алғашқы болып біздің өңірде тұрғызылғанын атап өткен жөн.
2010 жылдың ақпаны қызылжарлықтардың есінде облыс орталығында 6 көшенің атауы өзгеруімен де есте қалды. Қала әкімінің қаулысымен және қалалық мәслихаттың шешімімен К.Либнехт – А. Шәжімбаев, Ф.Рузаев – Қ.Кеншінбаев, 9-шы январь – И.Залманов, Р.Люксембург – В.Демиденко атындағы көше болды. Ал А.Пархоменко – Батыр Баян, П.Осипенко – “Егемен Қазақстан” атауын иеленді. Қаладағы орталық көшелердің атауы ескірген есімдерден арылып, жаңа атауға ие болуы көзіқарақты оқырмандарымызды бейжай қалдырмағаны анық.
Осы жылы Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада Қожаберген жырау атындағы алаң ашылып, тарихи тұлғаның мүсіні орнатылды. Дауылпаз бабаның мүсіні тұғырына қонған күні жиналған халықтың қуанышында шек болған жоқ. Жерлесіміз марқұм Кәкімбек Салықов жырау бабамызға арнаған өлеңін тебірене оқып берді. “Жеті жарғы және Қожаберген жырау” қоғамдық қорының төрағасы Бекет Тұрғараев осы істі жүзеге асыруға қолдау көрсеткен жерлестерімізге алғысын білдірді. Айта кеткен жөн, даңқты қолбасшы, ұлы жырау мүсінінің авторы жергілікті шебер – Бақытжан Рамазанов. Батыр бабаның рухына тағзым аясында өңірдегі іс-шаралар екі күнге жалғасқан болатын. Әрісі Алматы, берісі Нұр-Сұлтан мен Ресейдің көршілес облыстарынан, Көкшетау, Қостанайдан келген ғалымдардың қатысуымен “Солтүстік Қазақстан: өңір тарихы, тұлғалар тағдыры” деген атаумен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ұлттық рухтың жаңғырып, санаға сіңірер тағылымы мол осы іс-шара да ұлт мерейін асырған жиындардың бірі ретінде тарих парағына жазылды.
2010 жылы Қызылжар өңірінде дүниеге келген бірқатар айтулы тұлғаның мерейтойлары аталып өтілді. Қазақтың тұңғыш ағартушы ғалымы Шоқан Уәлихановтың 175, күміс көмей әнші Үкілі Ыбырай Сандыбайұлының 150 жылдық мерейтойлары руханиятқа шөлдеген жұртшылықтың көңілдеріне шуақ құйды. Өз заманының заңғар жазушысы, қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуіріне баланған Сәбит Мұқановтың 110 жылдығы туған жері – Сәбит ауылында тойланды. Көрнекті ғалым, сәбиттанушы Тұрсынбек Кәкішев, Кәкімбек Салықов бастаған зиялы қауым өкілдері, Сәбеңнің қыздары Жанна мен Баян ескерткішке гүл шоқтарын қойып, мұражайын аралады. Той аясында ақындар айтысы ұйымдастырылып, ақжарлық ақын Арман Бердалин бас бәйгені жеңіп алды. Аламан бәйге, аударыспақ секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыс та ұйымдастырылды. Осылайша қарымды қаламгердің мерейтойы өз туған жерінде ерекше тойланды. Бұған қоса, жазушының есімін иеленген облыстық қазақ сазды-драма театрының құрылғанына 10 жыл толды.
2010 жылдың тамызында Қызылжар өңіріне Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келді. Мемлекет басшысының сол жылғы сапарының мәні де, сәні де өзгеше еді. Жылдағыдай егіні жайқалған алқапта диқандар қауымымен кездескеннен кейін облыс орталығына келіп, жаңа әлеуметтік нысандармен танысты. Құрылысы қызған қалалық емхана, Қызылжар оранжереясында болып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Содан кейін Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылына ат басын бұрды. Қаланың дәл іргесінде тұрғызылып жатқан жаңа үйлерді көріп, жуырда ғана Ресейдің Түмен облысынан көшіп келген Мұхамед Қазыбаевтың шаңырағына кіріп, дастарқанынан дәм татты.
Жалпы 2010 жыл Солтүстік Қазақстан облысы үшін табысты болды. Өңірде 27 млрд. теңгенің 14 жобасы іске асырылды. Өнеркәсіп саласынағы түсім 70 млрд. теңгеден асты. Сол жылы қуаңшылыққа қарамастан өңір диқандары қамбаға 4 миллион тоннадан астам астық құйды.
Тәуелсіздіктің 19-ыншы жылы Қызылжар өңірінде осындай жарқын сәттерімен есте қалды. Тарих қойнауына кеткен әр жыл еліміздің еңсесін тіктеп, бақытты болашаққа бағыт алған қадам ретінде санамызға жазылып отырды. Бұл көзге көрініп, оқырман есінде қалған естеліктерді жаңғыртсақ деп еске алған жетістіктер мен жеңістердің бір парасы ғана. Елімізде, облысымызда атқарылған әр іс, әр бастама Қазақстанымыздың болашағы жарқын болуы үшін жасалған шаруа екенін естен шығармаған абзал.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.