Облыстық полиция департаментінің мамандары Ресей Федерациясындағы әріптестерімен онлайн-кездесу өткізді. Шекаралас үш аймақтың полиция ведомстволары мен облыстық полиция департаментінің бастықтары телекөпірде көлік құралдарына қылмыстық қол сұғушылық және есірткі саудасымен күрес мәселелерін талқылады.
Мұндай онлайн-кездесу құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімді алаңы болып саналады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыс туралы ақпарат алмасудың тиімділігі артты, заң бұзған күдіктілерді іздеу және қызметтің басқа да бағыттары бойынша жұмыс айтарлықтай жанданды, – деді телекөпірді ашқан облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Марат Төлебаев.
Облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиевтің айтуынша, биыл облысымызда автокөліктерді айдап әкету мен ұрлау саны айтарлықтай төмендеген. Дәл осындай оң үрдіс Ресей Федерациясының Қорған, Омбы және Түмен облыстарында да байқалады. Осыған қарамастан, полицейлер қылмыстың бұл түрлеріне қарсы тұруға жұмысты ұйымдастыру бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниетті. Бұл ретте, кездесуге қатысушылар қылмыстың ашылуына ықпал ететін ақпараттың жедел алмасуына жағдай жасау қажет екенін атап өтті. Өңір полицейлері биыл Ресей Федерациясында ұрланған 6 автокөлікті тәркіледі. Тәртіп сақшылары іс-шаралар шеңберінде техникалық қызмет көрсету станциялары, автоталдау орындары, жеке автокөлік жөндеу шеберханалары, гараж кооперативтері мен автотұрақтар үнемі тексерілетінін атап өтті.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөліністерінің басшылары өңірлердегі жағдай туралы айтты. Биыл өңірімізде 159 есірткі қылмысы анықталды, 300 килограмнан астам есірткі тәркіленді, 6 есірткі зертханасының, оның ішінде 3 синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан орынның жолы кесілді. Ресейлік әріптестермен жүргізілген ынтымақтастық Жамбыл ауданында есірткі зертханасын анықтауға септігін тигізді, Миролюбово ауылында ақпан айында ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды. Ауыл тұрғыны синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырып, оны облыс орталығының аумағына таратумен айналысқан. Интернет-алаңдарын пайдалану арқылы есірткі тарату полиция қызметкерлерін алаңдатып отыр. Жыл басынан бері өңірімізде есірткіні жарнамалаумен айналысқан 23 сайт анықталды.
Кездесу соңында қатысушылар шекаралас өңірлердің аумағында қылмыстық қол сұғушылықтардың жолын кесу бойынша тиімді жұмысқа ықпал ететін шараларды белгіледі.
Динара САҒЫНДЫҚОВА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің аға инспекторы.