«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Келіссөз жасау өнері: Теңізден “Smart City”-ге дейін

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өзінің сыртқы саяси қызметі барысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің халықаралық аренада тиімді нәтижелерге қол жеткізуіне мүмкіндік беретін көптеген нұсқалар, мүмкіндіктер, ұсыныстар, баламалар, келісімдер мен бас тартулардың орасан көп түрлерін тұжырымдап шығарды.

Мысалы, Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Борис Ельцин тамаша қарым-қатынаста болды, олар екі ел үшін де көптеген қатаң пікірталастар мен дәуірлік маңызы бар шешімдер қабылдау сынағынан өтті. 1990 жылдардың басында осындай қағидатты мәселелердің бірі Каспий өңіріндегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі Теңіздің кімге тиесілі екендігі болды. Алғашқы кезде ресейлік элитаның кейбір өкілдері Кеңес Одағының мұрагері ретінде Ельцинге “Теңізді алып қою” туралы белсенді түрде кеңес берді және бұл мәселені мезгіл-мезгіл, оның ішінде ең жоғары деңгейде де талқылауға шығарып жүрді. Біреулер сол кезде “Теңізді бізге беріңдер” деп ашық айтқан да. Барлық даулар Нұрсұлтан Әбішұлы ашық және айтарлықтай қатаң түрде: “Егер сіз Теңізді алмақ болсаңыз, онда бізге Орынборды беруіңіз керек – онда да кен орындары бар”, – деп жауап бергеннен кейін аяқталды. Осыдан кейін ғана Борис Николаевич Теңіз мәселесін екі жақты диалогтан біржола алып тастады.

Батыста да Нұрсұлтан Назарбаевты посткеңестік кеңістіктегі ең жарқын саясаткерлердің бірі деп санады, оған көптеген шетелдік көшбасшылар назар аударып, оның деректеріне ерекше қызығушылық танытты. Баршаға “темір ханым” деген атпен танымал Ұлыбритания премьер-министрі Маргарет Тэтчердің: “Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік саясаттың жаңа туып келе жатқан жұлдызы, оған қарап отыру керек”, – деп айтқаны кездейсоқ емес. Нұрсұлтан Әбішұлы мен АҚШ-тың 41-ші президенті Джордж Буштың арасында бірден жақсы қарым-қатынастың қалыптасуына Тэтчердің ықпалы болғаны анық.

Англияда Елбасы жергілікті экономикалық элитамен кездескені есімде. Диалог тақырыбы оңай болған жоқ – британиялық компаниялар Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын игеруге өздерінің қатысуын кешеуілдете берді. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін былай деп аяқтады: “Сіздерге мұнай ертең керек, ал бізге ол бүгін керек. Не сіздер жұмысқа кірісесіздер, не біз басқа серіктестерді табамыз”. Әлемдік бизнестің азулы өкілдерімен тек мықты көшбасшы ғана осылай сөйлесе алады. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тағы бір керемет қасиеті – үнемі өзін-өзі жетілдіруге және халықаралық тәжірибені зерделеуге ұмтылуы. Оның Оңтүстік Кореяға сапары есімде қалды. Кездесулер кестесі өте тығыз әрі мазмұнды болды, ол аяқталған кезде біз – дипломатиялық корпус және бірге жүрген делегация өте шаршадық. Шыны керек, таңертең біз әуежайға барып, үйге қайтамыз деп тағатсыздана күтіп тұрдық. Бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы күтпеген жерден: “Барлығымыз барып, мұнда “ақылды қала” жобасының қалай іске асырылып жатқанын көрейік”, – деді.

Жолда біз жүрдек пойызбен жергілікті “Smart City”-ге бара жатқанда, мен Нұрсұлтан Әбішұлына: “Сіз өткен жылы Жапонияда “ақылды қаланың” қалай жұмыс істейтінін көріп едіңіз ғой. Кореядағы жоба сонымен бірдей. Бұл сізге не үшін керек?” – деп сұрадым. Ол: “Мен оны көрдім және білемін, бірақ қазір оны жас министрлер, бизнесмендер, менед-жерлер көріп, білуі керек”, – деп жауап берді. Бұл тұрғыдан алғанда Елбасы, әрине, үнемі өз-өзімен жұмыс істейтін, өзін-өзі дамытумен ұдайы айналысатын нағыз бірегей адам. Күн сайын жаңа нәрсені үйренуге деген ұмтылыс – бұл Нұрсұлтан Әбішұлының сирек кездесетін қасиеті, оған тек қызыға қарауға болады.

Қанат САУДАБАЕВ,

мемлекет қайраткері, дипломат.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp