«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР ӘУЛЕТТІҢ ТАҒДЫРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Большевиктердің қисынсыз революция­лық қайта құруларының кесірінен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының әжептәуір бөлігі Қазақстаннан басқа жаққа көшуге мәжбүр болды. Біздің отбасымыз, менің аталарым мен ата-анам, осы қасіретті басынан өткізді. Олар Ресеймен шекаралас өңірде тұрғандықтан, елдегі заңсыздық пен дүрбелең басылғанша бала-шағасын аман сақтау үшін Сібірде бас сауғалады. Алғашында әке-шешем Омбы облысын паналаған. Ол жақта ешкім күтіп отырған жоқ еді: не жұмыс, не баспана жоқ, не мал жоқ. Олар деревняларды аралап қаңғып жүрді. 30-жылдардың соңында қазақтарды күштеп Қазақстанға қайтарады екен деген сыбыс шыққан. Содан Түмен облысына қарай көшіп, мен 1941 жылы сол жерде дүниеге келіппін.

Анамыз текті әулеттен шыққан, бай отбасының қызы болған соң ба, өте бірбеткей кісі еді. Көзі жұмылғанша өзінің тілін, ділін бермей кетті жарықтық. Заман райынан шошыды ма, әлде жат жерде жүрген ұрпағым азып, орыстанып кетеді деп қорықты ма, әйтеуір, бәріміздің басымызды қосып, өткен дәуір, ата-бабамыз туралы жиі әңгіме қозғайтын. Соның ішінде әулетіміздің тағдырында ерекше із қалдырған оқиғалар жөнінде айтқандары әлі күнге дейін есімде…

– Біздің атажұртымыз Солтүстік Қазақстандағы “Құртай ауылдары” деген жерде (қазір Тимирязев және Шал ақын аудандарының жері – ав.). 50-жылдардың ортасында тың игерушілер қоныстанып, атын өзгерткенге дейін солай аталып келді, – деп бастаушы еді анам әңгімесін. – Аталарың Мұқыш Құртайұлы 1866 жылы сол жерде дүниеге келген, малы мен жаны қатар өскен, тұрмысы күйлі, аса бақуатты адам болды. Бірінші әйелінен – Қасым (менің әкем, 1887 жылы туған – ав.), Ғабдолла, Әлім, Оразбай атты төрт ұл мен Бибіш деген бір қыз дүниеге келген. Екінші әйелінен Уәли, Зүбәйда атты бір ұл, бір қыз сүйген. Балаларының бәріне білім беруге тырысты. Бірақ бес баланың ішінен тек Ғабдолла деген қайным ғана оқуға икемді болып, орыстатар мектебін толық аяқтап шықты. Қашан көрсең жан-жағын түрлі кітапқа толтырып, көміліп отыратын. Қалаға, одан беріде жатқан орыс селоларына жиі барып, қазақ, орыс тілдеріндегі газеттер мен журналдарды арқалап әкелетін. Соларды оқып, білген-түйгенін әкесіне, бауырларына айтып, түсіндіріп отырушы еді.

Бір күндері “Патша құлады” деген хабар келіп, ауылдың үлкенді-кішісі “я, құдай, ақсарбас” деп қалысты. Бұған дейінгі дүрлігу дүрлігу ме, шын дүрбелең енді басталды. Бұрын-соңды естімеген “Алаш туын қолға аламыз”, “өз алдымызға мемлекет боламыз” деген ұран пайда болды. Міржақыптың “Оян, қазағын” ауылдың балаларына дейін сарнап айтып жүретін. Қалаға көп қатынап, қағазға көп шұқшиятын Ғабдолла қайнымнан естуімізше, алашшыл азаматтар арнайы газет шығарып, Бүкіл қазақ құрылтайын шақырып жатқан көрінеді. Ғабдолланың өзі де осы хабарды аяқ жететін жерге таратушының бірі болды. Кейіннен “Алаш” партиясы құрылып, “Алаш Орда” автономиясы ұйымдастырылып жатыр деп естідік. Бізге бәрі – таңсық, бәрі қызық. Соңы не болар екен деп елеңдеп жүрміз.

Сонымен бір күні “биылғы (1918) жылдың шілде айында “Алаш” басшылары елге келіп, халықпен кездеседі екен” деген хабар жетті. Кездесу бізге көрші жатқан Әлти Көкенұлының ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының жеріндегі “Аққұсақ” ауылы – ав.) өтетін болыпты. Таңдаудың Әлти қажыға түскені де бекер емес. Осы өңірдегі ең ірі байлардың бірі, қазақ пен орысқа сөзі де, беделі де өтіп тұрған, кісіге қайырымы мол, аса ауқатты кісі еді.

Сонымен жұрттың ендігі көрген-баққаны сол кездесу болды. Жақын ағайындар Мұқыш атаның үйіне жиналып, алашордалықтардың келу мақсатын қызу талқылады. Әлихан Бөкейханның кісілік қасиеттерін, атқарып жүрген істерін жақсы білетін әрі оны қазақ халқының нағыз көсемі деп санайтын Мұқыш атамыз өз айналасына ғана емес, басқа ауылдарға барғанда да “көзі ашық қазақ баласы “Алаш” партиясын қолдауға тиіс, өйткені ол қазақ халқының азаттығы мен болашағы үшін күресетін бірден-бір күш” деп айтып, үгіттеп жүрді.

Аталарың елдің сөзін ұстаған, әр кез туралықтан таймаған, сонысымен сыйлы болған, аузы дуалы, алды кең шешендердің бірі еді (оның осы қасиеттерін атақты жазушы Сәбит Мұқанов өзінің “Өмір мектебі” атты трилогиясында сипаттайды (1-том, 473-бет. – ав.). Содан ба екен, кездесуді ұйымдастырушылар біздің өңірдегі беделді адамдармен кеңесіп, алдағы жиында жергілікті халықтың атынан Мұқыш Құртайұлы сөйлесін деген шешімге келіпті.

Бұл жиынға алашордалықтардың қарсыластары да қатты әзірленген көрінеді. Олардың қала үлгісінде киім киген өкілдері атама келіп, “Алаш” партиясына қолдау көрсетпе, не болмаса сөз сөйлеуден бас тарт” деп талап етіпті. “Осыдан көнбесең, өзіңмен қоса балаларыңның көзін құртамыз” деп қорқытыпты. Келесі күні Ғабдолланы аңдып жүріп қолға түсіріп, байлап әкетеді. Көрші орыс селосына апарып кепіл ретінде ұстайды. Онымен қоймай, кеңес болардан бір күн бұрын жол үстінде келе жатқан Мұқыш атамызды да ұстап әкетіп, әбден соққыға жығыпты (С.Мұқанов жазғандай “дүрелепті” – ав.). Ғабдолланы өлтіреміз деп қорқытып, “халықтың атынан алашордалықтардың саясатын қолдаудан бас тартамын деп айт, кездесуге келген “Алаш” басшыларының барлық ұсынысына қарсы шық” деп шарт қойыпты.

Мұқыш ата “Басымды кесіп алсаңдар да, бұл ұсыныстарыңды қабылдап, сенім артқан жұртыма сатқындық жасай алмаймын. Мұндай масқараға барғанша өлгенім артық. Мен жиналыста өзімнің жеке ойымды емес, сөз сөйле деп тапсырған басым көпшіліктің пікірін айтуға тиіспін” депті. Әрі-бері айтысып, ұзақ ырғасқан соң, Мұқыш ата олардың Ғабдолланы босатпайтынына, оған анық қатер төніп тұрғанына көз жеткізеді. Сөйтіп, екі жаққа да ыңғайлы бірден-бір дұрыс жол ұсынады. “Менің бұл жиналыста халықтың атынан сөйлейтінімді жұрттың бәрі біледі. Ал егер мені жиналысқа жібермей, халықтың сөзі айтылмай қалса, оның арты үлкен саяси жанжалға ұласады. Сондықтан кеңеске барып, екі көзқарасты да айтайын, – дейді ол, – оның біріншісі, жергілікті халықтың атынан мәлімдейтін пікір, ал екіншісі, – осы жерде отырған кісілер мен олардың артында тұрған адамдар талап етіп отырған көзқарас”. Біраз кергілескеннен кейін олар да осы пікірге тоқтап, таңға таяу Мұқыш атаны босатады.

Мұқыш ата: “Әлти Көкенұлының ауылына келгенімде халықтың көптігіне көзім тұнды. Ауыл іргесінің адамдарға толғаны сонша, жұрттың қарасынан көкжиек көрінбей қалды. Бұрын-соңды халықтың мұнша көп жиналғанын көрмеппін”, – деп отырушы еді. Алашордалықтармен кездесуге келген жұрт арнайы тігілген жүзден аса үйге сыймай, ашық далаға ер-тоқымын төсеп, емін-еркін жайғасыпты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, сол кеңеске “Алаштың” отыз мыңнан астам жақтаушысы жиналған екен.

Сонымен көптен күткен кеңес өз жұмысын бастайды. Оған “Алаш” қозғалысы мен партиясы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов пен партияның Орынбордан келген басқа басшылары (оның ішінде “Алаш” партиясының Омбы облыстық комитетін басқаратын Ережеп Итбаев пен Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжар ояздық комитетін басқаратын Жұмағали Тілеулин мен Салмақбай Күсемісов, Көкшетау ояздық комитетінің басшысы Ерқосай Мұқышев – ав.) және партияның басқа да ондаған жауапты қызметкері қатысады. Күн тәртібіне “Алаш” партиясының бағдарламалық міндеттерін халыққа түсіндіру, елді большевиктердің өктем саясатынан қорғау, “Алаш Орда” үкіметінің әскери бөлімдерін құру және басқа да өзекті проблемалар қойылады.

Міржақып Дулатов пен “Алаштың” басқа басшылары сөйлегеннен кейін халықтың пікірін білдіру үшін Мұқыш атаға сөз беріледі. Мұқыш ата, ең алдымен, осы жиында сөйлеуге уәкілеттік берген және “Алаш” партиясы мен “Алаш Орда” үкіметінің саясатын, міндеттері мен ұсыныстарын қолдайтын халықтың сөзін жеткізіп, “менің өз басым да осы партияны қолдаймын, өйткені олардың айтқаны қазақ халқының түпкі мүдделеріне сай келеді”, – дейді.

Сонымен бірге “қазақ жастарын “Алаш Орданың” халық милициясына алу мәселесі бойынша бұдан басқа да пікір бар” дей келіп, белгілі бір саяси күштер тобының “1916 жылы халқымыз патша билігінің қазақтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, көтеріліс жасады. Сол кезде қара халықты алдап соғып, майданға тек қарапайым шаруаның баласын жіберді. Қазір де сондай жағдай қайталана ма деп қорқамыз” деген пікірін жеткізеді. Әрине, Мұқыш ата сол жерде алашордалықтармен жауласқан бандиттердің өз баласын кепілге алып ұстап отырғанын, өзге балаларын да өлтіре­міз деп қорқытқанын, өз отбасына нақты қауіп төніп тұрғанын айтпаған.

1970 жылы басылған қазақ кеңес әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” деп аталатын трилогиясында тұтас бөлім “Алаш” басшыларының Әлти Көкенұлының ауылында халықпен кездесуіне арналыпты. Барша туыстарымыз осы кітапта Мұқыш ата туралы жазылыпты деп сүйінші сұрады. Бәріміз сол кітапты бас алмай оқыдық. Мен де оның орыс тілінде шыққан нұсқасын, әсіресе, атама қатысты тұстарын ерекше қызығушылықпен оқыдым. Басында кейбір жерлерде жазушының сөзі мен анамның айтқаны үйлеспей жатқанына қатты ашуланатынмын. Бірақ бірнеше рет оқып, ойға салып сараптағаннан кейін мәтіннің артында қандай мағына жатқанын түсіне бастадым. Жалпы, Әлти қажының ауылында өткен кеңес туралы менің анам айтқан әңгіме мен Сәбит Мұқановтың кітабында жазылған жайттардың арасында алшақтық жоқ. Егер оқырман кітаптың осы тұсын саяси, идеологиялық бағасынан ажыратып, зер салып оқып шықса, бұған көз жеткізе алады.

Жазушы солтүстік өңір қазақтарының бұл кездесуге қызығушылығы шынында да зор болды деп жазады. Әлти қажы мен сол жердің басқа да беделді, елге қадірлі кісілері, ақсақалдар бастаған халық келе жатқан қонақтарды қазақ халқының көсемдері, ұлттық Үкіметтің басшылары деп есептеп, құрметті қарауыл қойып, “Алаш” әнұранын (“Арғы атам Ер Түрік”) шырқап, бар сән-салтанатын жасап күтіп алды деп баяндайды.

Кездесуге алдын ала келеді деп болжанған елге белгілі, ақсүйектен шыққан 150-200 кісінің орнына 22 болыс елдің халқы (Қызылжар, Омбы, Көкшетау, Ақмолаға дейін жатқан және сол төңіректегі ауылдардың өкілдері) түгел жиналғанын айтады. Бір жүз, бір мың адам емес, ондаған мың адам “Алаш” көсемдерін көріп, сөзін естиміз деп, салт атпен 100-200 шақырым жол жүріп арнайы келген. Ол бұл жөнінде “Сол тұстағы белестердің де, ойлардың да өн бойына адам сыймауға айналды…” деп жазады (С. Мұқанов, сонда, 1-том, 472-бет). “Алаш” партиясының халық арасындағы беделі орасан зор болғанын ашық айтпаса да, кездесуге он мыңдаған адамның жиналғанын айғақтайды.

 “Қызылдар” қанша жерден тыйым салса да, атаңның сол жиында сөз сөйлеуі кейіннен біздің отбасымызды кеңестік жазалаушы органдардың өз қырына алуына себеп болды” дейтін анамыз. Содан кейінгі оқиғалар осы сөздің рас екенін айғақтайды.

1928 жылы тәркілеудің алғашқы легі ірі байларға жүргізіледі. Сол кезде алдағы жағдайды анық болжаған атамыз өз балаларына “Кеңес өкіметі мұнымен тоқтап қалмайды, кезек бізге де жетеді, бәрімізді бұл елде қалдырмай, жер аударады” деп айтқан екен. Ол болашағын күні бұрын болжап, қолда бар малын жан-жаққа таратып, сата бастайды. Елдегі бассыздық пен заңсыздық тыйылғанша көрші жатқан Ресей облыстарының біріне барып бас сауғалай тұрып, кейіннен қайта оралу қажет деп санайды.

Сонымен тәркілеу кезегі 1930 жылдың жазында атамызға да жетеді. Мұқыш атамыз қалған азын-аулақ мүлікті түгелдей кеңес өкіметіне өткізеді. Ал оның өзі ресми жер аударуды күтпестен Ұмытшақ әжеміз бен Мұқан інісін алып, Ресейге бас сауғалайды. Барған бетте ыңғайлы жер таба алмай, жиі қоныс аударады. Қашқын адамда не күй болсын, 30-жылдары сол жерде қайтыс болып, Қорған облысы Лебяжинск ауданының Лопаткино селосында жерленеді. Атамыздың моласын ұрпақтары 70-жылдардың басында іздеп тапты. Айтуынша, атамыз өле-өлгенше туған жерге жетуді армандаған екен. Амал қанша, жат жерден топырақ бұйырды. Кейіннен немересі Сейіт Оразбаев атамыздың басына белгі қойды. Қазір қалған ұрпақтары тәу етіп, Құран бағыштау үшін ата бейітіне барып тұрады.

Мұқыш атамыздың балалары да тәркілеуден тыс қалмаған. Анамның айтуынша, әкем Қасым Мұқышұлы ауылда мал өсіріп, оған қоса 1917 жылғы революцияға дейін және 20-жылдары сол кезде аса пайдалы кәсіп саналатын саудамен айналысқан. Өз көмекшілерімен бірге Қарқаралы (Қоянды), Атбасар жәрмеңкелерінен, сондай-ақ Орталық Қазақстанның ірі байларынан үйір-үйір жылқы, жібек, мата, кілем, басқа да өтімді тауарларды сатып алып, оларды Ресейдің Қорған (Кур­ган), Омбы (Омск), Селебе (Челябинск) қалаларына жеткізіп, екі-үш есе қымбатына сатқан не болмаса, ұнға, киімге не ауыл тұрмысына қажетті басқа тауарларға айырбастаған. Әкеміз Ресейден арнайы қиылған ағаш алғызып, ауылда үлкен ағаш үй тұрғызыпты. Орысша сөйлеп, ежіктеп болса да жаза алған. Өзінің ұлдарын Ресейдің үлкен қалаларында оқытуды армандапты. Бірақ аяқасты құбылған дүние оны өз дегеніне жеткізбеді.

Анам Мағрипа Омарқызы 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының Айымжан ауылдық округіне қарайтын жерде түп атасынан бері тұқымынан дәулет үзілмеген орташа бай Омар Көшерұлының отбасында дүниеге келген. Әке-шешесі бетінен қақпай, ерке ғып өсірген екен. Жас күнінде ауылдағы молдадан арабша хат танып, Құран оқуды үйреніпті. Бізді бала кезімізден әкеміз бен Мұқыш атамызды мақтан тұтып, сыйлап-құрметтеуге тәрбиеледі. Содан ба екен, әкемнің түрін көрмесем де, жас кезімнен бастап бала жүрегімде оған деген ерекше сәбилік махаббат пайда болды. Әкем мен Мұқыш атама деген сол құрметті, олардың өміріне деген зор қызығушылықты өмір бойы сақтап келемін. 1960 жылы Қазақстанға оралып, Қызылжар (Петропавл) қаласындағы Солтүстік Қазақстан педагогикалық институтына оқуға түсуіме де сол іңкәрлік түрткі болған еді.

Тағдыр жолы талай қасіретін артып, қиындығын аямай үйіп-төксе де, анам 90 жасқа дейін өмір сүріп, 1982 жылы қайтыс болды. Өмір бойы атажұртқа оралуды аңсап өтсе де, сәті түспей, Түмен облысында, әкеміз жерленген жерден жай тапты. Анамыздың есте сақтау қабілеті бәрімізді қатты таңғалдыратын. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі өмірін ерекше сағынышпен, бүгешігесін қалдырмай айтып отыратын. Ленинді, Сталин мен Голощекинді жек көретін. 1950-60 жылдары Голощекиннің кім екенін онша көп адам біле бермеуші еді, бірақ анамыз оның аты-жөнін анық айтатын. Себебі тәркілеу басталып, туған жерден кетуге тура келгенше, отбасында дәл сол жендеттің аты мен саясаты талай қарғысқа себеп болған.

Анамыз бізге “Егер сол “оңбаған жауыздар” болмағанда, сендердің барлықтарың ата-баба жерінде тамаша өмір сүретін едіңдер. Олар бізді өз жерімізден қуып қана қоймай, қазаққа тән бар нәрсені – дінімізді, тілімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды құртқысы келді. Соның салдарынан қазір мен әке-шешемнің, ата-енемнің басына барып Құран оқи алмай да отырмын. Біздің отбасымыз тартқан тауқымет пен бейкүнә балапандарымның өлімі, біз сияқты сан миллион адамның көз жасы мен қарғысы Голощекинді жібермеді. Ол нағыз “халық жауы” ретінде ату жазасына кесілді” деп отыратын. Өмірінің соңына дейін кеңес насихатына әсте мойынсұнған жоқ, өйткені оның көргені мен түйгеніне негізделген өз ақиқаты бар еді…

Тәркілеу реті әкемізге жетіп, бар мал-мүлкі хатталады. Әкемізді кәмелетке толмаған үлкен ұлы Ахметжанмен бірге қолын байлап, арбаға салып әкетеді. Сол беті Қызылжарға (Петропавл) апарып абақтыға қамайды. Кейіннен әкемізді Омбыға алып кетіп, Ахметжанды босатады. Анамызды басқа балаларымен бірге Жарқын ауылының жанында құрған (қазіргі Тимирязев ауданы) “Бай қала” деп аталатын лагерьге жабады.

Осы лагерьде көрген күні мен Омбыға жетер жолда шеккен азабын, тоғыз баласынан қалай айырылғанын айтқанда анам байғұс көз жасын көлдетуші еді. “Менің балаларым кеңес өкіметінің озбыр саясатының құрбаны болды” дейтін. Бұл оның аналық жүрегінде беріш боп қатқан, мәңгі бақи жазылмайтын жарасы еді. Ата-анаға бір перзенттің қайғысы қандай қиын, ал 9 баланы бірінен соң бірін жер қойнына беру… Ажалға араша боларлық амал таппау…

(Жалғасы 10-бетте).

(Соңы. Басы 9-бетте).

– Қос кенжем Баян (әкем оны Баян батырдың құрметіне атаған – ав.) мен Ноян тәркілеуге дейін қызылшамен ауырды. Құлындарымның сол жағдайына да қарамады ғой, қанішерлер, – деп бастаушы еді анам осы әңгімесін. – “Бай қаладағы” жағдай ауру баққан адам түгіл сау адамның өзі шыдамайтындай қиын болды. Күн ми қайнатар ыс­тық. Көлеңке болар қалқа жоқ. Қоршаудың іші иін тірескен адам. Не дұрыс тамақ, не жөнді төсеніш бермейді. Ішіп-жерің де сол жерде, түзге шығарың да сол жерде. Күзетшілерден бірдеңе сұрайын десең, жанына жолатпай, қатты зекіп, боқтап тастайды. Қамшы үйіретіндері де бар. Тіпті, дауыс көтеріп жылауға да рұқсат жоқ. Көздері жаутаңдап үмітпен қараған он балапанымнан көз жасымды жасырып, алдаусыратып, жұбатқандай боламын. Адамға – аштық емес, шарасыздық қатты батады екен. Қанша жанталассам да, қос қозымды аман сақтап қалудың ешбір амалын таппадым. Екеуі де бірінен кейін бірі үзілді. Жоқтау айтқызбады. Мылтық ұстаған екі күзетшінің алдына түсіп, жалғыз өзім көтеріп апарып жерлеп келдім. Лагерьдің сыртындағы жонда қос төмпешік болып қала берді құлындарым. Қайтып келе жатып “балаларыма мұндай қорлық көрсеткенше, өліп тынайын” деп, сол жерден қашуға бел будым. Ендігі ойым сегіз баламмен бірге күзеттен сытылып шығу болды. Бір күні күзеттің жоқ екенін пайдаланып, түн қараңғысын жамылып қоршаудан шығудың сәті түсті. Түні бойы ештеңеге қарамай, жанұшыра жүгіріп бір жамағайынның үйіне жетіп жығылдық. Байдың тұқымын жақындатып, биліктің қаһарына ұшыраудан қорықты білем, жамағайынымыз ақыры байыз тапқызбай, бесалты күннен кейін қуып шықты.

Сонымен барар жер, басар тауым жоқ, бір топ баламен улап-шулап далада қалдым. Елдің жағдайын жақсы білетін жасы үлкен адамдар “Мұқыштың келіні, қамаудағы Қасымның келіншегі екеніңді білетін өкімет сені бұл елде тыныш қоймайды. Ресейге, Сібірге кетіп, сол жақты сағала” деп ақыл берді. Менің төркінім тәркілеуге бір-екі күн қалғанда Омбы облысына қашыпты. Соны естіген соң, ең болмаса қалған балаларымды сақтап қалайын деп, Сібірге жетіп, сол жерде Ахметжан ағаң мен әкеңді күтуге бел будым.

Өз басың болса бір сәрі, жас баламен жол жүру қандай қиын. Оның үстіне бұт артар көлігің жоқ, жаяусың. Таң атқаннан басталған ыстық күн бойы бір қайтпай, жердің апшысын қуырып жібереді. Қайта сол кезде әудем жерден бір кездесетін шоқ тоғайларды көлеңкелеп жан сақтадық (бұл тоғайлар кейіннен тың игеру кезінде түгелдей отап тасталды – ав.). Жолыққан өзен, көлден, деревняның құдығынан су ішіп, шөл басамыз. Шағын торсықтарымызға су толтырып аламыз, бірақ ол да ұзаққа жетпейтін еді. Кеш батып, ымырт үйірілсе, шыбын-шіркей мен маса талайды, күндіз ірілігі бармақтай соналар маза бермейді. Жол соққан әрі әлжуаз балапандарымның оларды қағып, қорғанатындай не шамасы бар. Әйтеуір, біртіндеп жылжи беру керек. Жолда бірнеше рет қасқыр кездесті, әйтеуір тиіспей, жөніне кетті. Шынында, сол кезде жыртқыш аңнан гөрі “қызылдардан” көбірек қорқатын едім.

Не де болса, күздің қара суығы басталып, алғашқы қар түскенше Ресейдің бір деревнясына жетіп алу қажет еді. Жанымда сегіз балам бар. Он жастан үлкен балаларым тәулігіне ары кеткенде он, он бес шақырым жол жүре алады. Оның үстіне әбден тозығы жеткен аяқ киімдері жыртылып, тегіс жалаңаяқ қалды. Балаларым да біршама жүдеп, сылынып, әлсіреді. Көп жүруге шамасы келмей, жылай беретін. Әсіресе, бала кезден дімкәстігі бар бес жастағы қызым қатты қиналды. Ұзақ жолды көтере алмай, демалуы қиындай бергесін, арқалап алдым. Басын көтеруге шамасы жетпей желкеме сүйеп, сұлқ жататын. Сол жатқан күйі дыбыс шығармастан жүріп кетіпті. Бұл кезде Қызылжарға апаратын жолдың жартысына келіп қалып едік. Ұзақ жылап, аза тұтып отыратын жағдай жоқ, жасымызды ішімізге жұтып, жолға жақын жердегі бір деревняның шетіне жерлеп, білгенімді оқып, әрі қарай жолға түстік.

Ендігі уайымым “Бай қалада” жатқанда іш ауруға шалдыққан балам болды. Әлсірегені соншалық, аяқ-қолы тартыла берді, соңынан тіптен есінен танып қалды. “Бұл құдайға не жаздық” деп боздап келемін. Қайта алдымыздан бір ауыл кездесіп, соның шетінде тұрған үйдің иесі, егде тартқан қазақ әйелінен ес жиып алғанша, екі-үш күн мал қорасын паналай тұруды өтіндім. Ол да қолымдағы баламды, шұбырған түрімізді көріп аяп кетті білем, рұқсат бере қойды. Қораның қилы табанына сабан жайып, үстіне көне киізді төсеп, бар баламды жайғастырдым. Таңертең тұрғанда жерде емес, мамық төсекте жатқандай, әл жинап қалыппыз. Сұрастырып қарасақ, Қызылжарға таяп қалған екенбіз. Бірнеше күннен кейін ауру балам да есін жимаған күйі жан тапсырды. Сол ауылдың ортақ зиратына жерледік. Бізді тұрақтап қалады деп қорықты ма, үй иесінің баласы “енді кетіңдер, әйтпесе милицияға айтамын” деп, тізе бүгуге мұрша бермей, қорадан шығарып жіберді.

Жазған құлда шаршау бар ма, қайтадан белімізді буып, боқташығымызды арқалап, жолға түстік. Лагерьден қашқан “қылмыскер” деген атым бар, оның үстіне қара басым емес, қарайған балаларым бар, күн жарықта қызыл әскер немесе милиция кездесіп қала ма деп қорқып, қара жолмен жүрмедім. Омбыға жетсек, туыстарымды тауып алармын деген үміт бар, сол жақты бағыт тұтып, бір деревнядан екіншісіне жетіп, қыбырлай бердік. Далада, орманда, сызды жерде түнеп шығуға тура келді, астымызға төсейтін төсенішіміз де, бүркенетін жамылғымыз да жоқтың қасы. Шөп жұлып, бұта сындырып төсеп амалдаған боламыз. Кейбір деревняларда құдайға қараған адамдар қорасына қонып шығуға рұқсат беретін.

Күлбән қызым сол кезде 12-13 жаста. Елдің көзіне ілінуге жарап қалған. Бір жағынан соны, екінші жағынан амандығын ойлап, жөні түзу адамдар кездессе, уақытша қалдырып кетейін, арғы жағын көрерміз деп келе жатқанмын. Тілегімді Құдай берді ме, иманжүзді қазақтарға тап болдық. Үлкен жастағы ерлі-зайыпты кісілер екен. Соларға бар жағдайды айтып, “кейіннен әкесі келіп алып кетеді, ал егер әкете алмаса, өзімнің қызым деп санап, қолдарыңнан күйеуге ұзата беріңдер” деп, Алла алдында уәдесін алып, тапсырып кеттім. Қызымды көндіру қиын болды. Қосылып жылап, ұрсып жүріп, оның да ретін келтірдім. Сол үйдің иелері бізді атқа мінгізіп, Есілден әрі өткізіп салды. Кейіннен әкелерің келген соң, менің айтқан жобаммен іздеп барып, сол отбасыны тауып, қызымызды қайтарып әкелді. Алла разы болсын, солар болмағанда Күлбәнім тірі қалар ма еді, қалмас па еді…

Жолда кездескен селолар мен ауылдардың тұрғындары берген, сатқан нан мен картопты, жұмыртқаны, қысқасы, жеуге жарайтын азықтың бәрін қалдырмай ала бердім. Әр балама жеке-жеке шағын қалта тігіп, соған азығын, торсыққа құйылған суын салып, мойындарына іліп қойдым. “Қызылдардың” көзіне түссем, қамап тастар деп қорқып, Қы­зылжар (Петропавл) қаласына кірмей, сыртынан айналып өттік. Кейде шаршайтыны­мыз сонша, аяқ басып жүруге әліміз болмай қалатын. Сондайда жолыққан арбакештерге жү­зігімді, сырғамды, білезігімді, әкелерің тұтынған заттарды беріп, келесі деревняға жетіп қалатынбыз.

Сөйтіп жүріп өлдім-талдым дегенде Омбы облысына жеттік. Күз басталып, күн суытқан мезгіл еді, алдымен жаңбыр жауып, арты қарға ұласып кетті. Тіл білмейтін, қалтасында соқыр тиыны жоқ, бес баласын жетелеп қаңғып жүрген қазақ қатынын ешкім үйінің маңына жолатпайды. Бір орысқа артынан қалмай жалынып жүріп жалдандым, соның ақысына ішіне от жағылмайтын, азынап тұрған жер кепесіне қыстап шығуға рұқсат етті. Обалы не керек, үй иесі болар-болмас нан мен картоп берді, бірақ сонша бала қойсын ба, бір сәттеақ тамам қылды. Сондықтан күн демей, түн демей, табылған жұмысты талғамай істей бердім, мал бағып, қора тазаладым, ағаш кестім, кір жудым, қар күредім, диірмен тарттым. Ақысына тамақ алып, балаларымды асырадым.

Сол жылы қыс әдеттегіден ерекше суық болып, қар қалың түсті. Жатқан жерімізде жөнді төсеніш, балаларымда жылы киім жоқ. Қожайынның қас-қабағын бағып, жұмсаған жағына жүгіріп әлекпін. Жарытып тамақ ішіп, жылы жерде жатпағандықтан балаларым қыс бойы тоңып, ауыра берді. Сол аурулары асқынып, екі ұлым (олардың біреуін әкем Абылайхан деп атаған – ав.) мен бір қызымды бірінің артынан бірін ажал алып тынды. Әрқайсысын құшақтап, жер бауырлап жыладым, қайтейін, Құдайдың құлағы керең болса… Олардың қайтыс болғанын ешкімге айтқаным жоқ. Әрқайсысы жанымның, жүрегімнің бір кесегін алып кетті. Қыс бойы үш перзентімнің мәйітін суық қоймаға жасырып сақтап, күн сайын егеуқұйрық жеп кетпеді ме деп тексеріп жүрдім. Жүрегімнің қатып қалғаны сонша, күлуді де, жылауды да ұмыттым. Күн жылынып, қар еріген кезде селодағы жалғыз мұсылманның (қарт татардың – ав.) көмегі­мен орманның шетінен қабір қазып, әр балама жеке-жеке Құран оқып жерледім. Содан басқа не істей алатын едім?..

Сол қыста 35 жастағы анамның шашы түгел ағарып кетіпті. Басқа түскен тауқымет пен қайғы-қасіреттің ауыр тигені, қатты батқаны сонша, анамның бүкіл санасын “мен балаларымнан қалмай өлуге тиіспін” деген бір ой билеп алады. Сол оймен таң атырып, сол оймен күн батырады. “Соңғы балам өлген күні міндетті түрде мен де өлемін” деп дайындалады. Ол мұны өз өмірінің лайықты, қисынды түйіні деп санайды және соған барынша сенеді. Басқа, мәңгі өмірге тезірек аттануға асығады. Бар ойын сол дүниедегі “тамаша” өмірге бағыштап, бұл фәниден ерте кеткен балаларымен іштей күбірлеп сөйлесіп жүреді. Түсінде де соны көреді. Мына дүниедегі бар тіршіліктен баз кешіп, өз өмірін өзі қиюға дайын болады…

Қолында қалған екі баласының үлкені, он жастағы ұлының аштықтан қиналғаны сонша, селодағы бөтен біреудің үйіне ұрланып кіреді. Сол үйдің дәлізінде үй иелеріне байқатпай, қолына түскен азықты қалтасына сала бастайды. Бірақ келе жатқан аяқтың тықырын естіп, жалмажан сыртқа жүгіріп шығып, бақшаның ішімен қашады. Соры басым болды ма, әлде ажалына тап келді ме, алдынан шөп басқан қараусыз қалған құдық кездесіп, соған құлап түседі. Құдықта ескі қол шалғы жатқан екен. Соның жүзі баланың күре тамырын қиып, қан шапшып кетеді. Қанша амалдаса да тыйылмай қояды. Көмек беретін ешкім жоқ. Сол жерде қансырап, қайтыс болады. Анам “егер мен мәңгірмей, есімді жоғалтпай жүргенімде, сол бала тамақ ұрлауға бармас еді” дей беретін.

Перзентінің өлімінен соң әбден тығырыққа тірелген анамды үлкен баласы Ахметжанның келуі аман сақтап қалады. Ахметжан аға Қызылжардың абақтысынан босап шығарда әкеміз сол қаланың шетінде тұратын, ұлты украин жолдасына хат жазып, өзі оралғанша баласының бой тасалай тұруына көмектесуді сұрапты. Хатты оқыған ол ағамызды қалаға жақын жердегі деревняда тұратын ата-анасына (дядя Богданға) алып барады. “Шаруашылыққа көмектесіп, не керектің бәрін істейді, оның есесіне әкесі келгенше ішер ас, жатар төсек беру қажет” дейді. Ағам осы үйде бір жарым жыл тұрады. Соның арқасында күштеп тәркілеу мен ұжымдастырудың салдарынан бүкіл Қазақстанды шарпыған алапат ашаршылықтан аман қалады. Кейіннен Богданның көмегімен жеке басын куәландыратын құжат алып, туған ауылына келеді. Сол жерде анасының лагерьден қашып, балаларын алып Ресейге кеткенін естиді. Сол жерден жүріске жарамды жылқы тауып мініп, жолға шығады. Кездескендерден сұрай жүріп, Омбы облысына жетіп, анамызды тауып алады. Ахметжан аға “анамды алғаш көргенімде танымай қалдым, алдым­да жүдеп-жадаған, әбден қажыған, өмірден түңілген, адам шошырлық күйдегі әйел тұрды” дейді. Ағам көп күш салып, анамыздың бетін бері қаратып алыпты. Сол күндері анамның қолындағы соңғы тұяғы, қызы қатты науқас екен, көп ұзамай оны да жер қойнауына тапсырыпты.

Енді ол жерде қалудың жөні жоқ. Екеуі атқа мінгесіп анамның туыстарын іздеуге шығады. Олар да сол араға жақын жерде екен. Москаленки селосынан анамның кіші бауыры, менің нағашы ағам Шұғайып Омарұлы мен басқа туыстарын тауып алады.

Ал Қасым әкеміз Қызылжардан Омбыға жеткізіліп, абақтыға жабылған соң, сол жердегі милиция қызметкерлері мен тергеушілерден өзінің қамалуына “Үш жүз” партиясы өкілінің жеткізген “доносы” себеп болғанын біледі. Енді өзінің алашордалықтармен байланысы баржоғы тексеріліп жатқанын естиді. Бұған “әкесі Мұқыштың “халық жауларымен” байланысы бар, бұл да құралақан болмауы керек” деген күдік түрткі болған сияқты. Қанша тексерсе де, жеткілікті дәлел таба алмаған болуы керек, екі ай қамауда ұстап, сол жақтан бірден Астрахань облысына жер аударады. Барған жерінде етікші, қайысшы болып істеп, ер-тұрман мен ат әбзелдерін жасайды. Қолы алтын, шаруаға мығым кісі еді.

Астраханьнан оралғаннан кейін өзінің отбасын іздеп, Омбы облысынан тауып алады. 11 баласынан бар-жоғы екеуі, үлкен ағам Ахметжан мен үлкен апам Күлбән ғана тірі қалған екен. Сол Омбы жерінде менің алдымдағы ағаларым Ахмедия мен Ағыбай дүниеге келіпті. Мен Түмен облысында туыппын. Әкем мен туардан үш күн бұрын қайтыс болыпты, сондықтан әкесіз өстім. Біздің үшеуімізді анам Мағрипа, үлкен ағам Ахметжан мен жеңгем Күләмдән тәрбиелеп өсірді.

Ата-анамның үлкен келіні, менің асыл жеңешем Күләмдән Ысқаққызы Мұстафинаға Қоскөл ауылында (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданының Семиполка ауылы – ав.) дүниеге келіп, әкесінің інісі Хамза Ибраевтың қолында тәрбиеленген. Хамза ағамыз Уфа қаласында (“Ғалия” медресесінде) білім алып, болашақ алашордашылармен жақсы араласқан. Қазақ тілінде “Садақ” журналын шығаруға атсалысып, “Алаш” қозғалысына қатысқан, сол үшін Мағжан Жұмабаевпен бірге түрмеде отырған. Большевиктік билік оны абақтыдан шығарса да, өзін де, жақын туыстарын да бақылауды және қудалауды қоймаған. Сондықтан ол да Сібірге, Ресейдің Түмен облысына қашуға мәжбүр болып, сол жерде біздің ата-анамыз тұратын мекенге қоныс теуіпті. Менің ағам Ахметжан 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың майданынан оралып, келесі жылы жеңгемізге үйленді. Міне, содан бастап Күләмдән жеңгей көзі жұмылғанша әкем Қасым мен шешем Мағрипаның қарашаңырағына ие болып, отын өшірмей ұстады. 40 жылдай анамызбен бір шаңырақ астында тұрып, оның бабын тауып, күтімін жасады. Қайтыс болғанда да өз қолымен аттандырды. Ағаммен бірге әулетіміздің керегесін кеңейткен еңбексүйгіш, жігерлі жеті баланы тәрбиелеп өсірді.

Міне, біздің әулет осындай ауыр қасіретті бастан кешті. Жойылып кетудің сәл-ақ алдында қалды. “Не үшін бұлай болды, бұған не себеп?” деген сұрақтардың туындауы заңды да. Әрине, оған Қазақстанда пролетариат диктатурасын орнату, бітіспес тап күресі, “қызыл террор” аймағын кеңейту, байлар мен кулактарды тәркілеу және толып жатқан тағы басқа саяси себептерді тізіп келтіруге болады. Бұған бір мәселе – біздің Мұқыш атамыздың бай болумен қатар “Алаш” партиясы мен “Алаш Орда” үкіметін белсенді қолдаушылардың бірі болғаны нақты себеп болғаны айқын. “Алаштың” білімді басшылары сол кездің өзінде өркениетті, еуропалық даму жолымен жүргенде, әрине, біздің отбасымыздың тағдыры басқа болар еді.

Сәбит Мұқановтың “Өмір мектебі” трилогиясы шыққан кезде Солтүстік Қазақстан облысында тұрып, жұмыс істеп жатқан едім. Анама және Ресейде тұратын туыстарыма көрсетейін деп кітаптың қазақ тіліндегі нұсқасын сатып алдым. Түменге келген соң анама кітаптан “Алаш” партиясы басшыларының халықпен кездесуі, Мұқыш атамыздың халықтың атынан сөз сөйлеуі жазылған жерлерін оқып бердім. Ол кішкене баяу оқып, өзіне түсініксіз сөздердің мағынасын түсіндіріп беруді өтінді. Содан соң тағы бір рет қайталап оқып беруді сұрады. Кейін бір тәулік бойы жақ ашпай қойды.

Соңынан мені шақырып, өзінің жанына отырғызып (анам бұл кезде аяғын баса ал­май қалған еді – ав.), “кешеден бері бәрін қайтадан еске түсірдім” деді. Сөйтіп бұрынғы әңгімесін бір сөзін де бұзбастан қайтадан айтып берді. “Бұл әңгіме мен жазушының жазғаны арасында біршама айырмашылық бар” деген сөзіме ойлана отырып былай деді:

– Осы жиналысқа Мұқыш атаңның қатысып, сөз сөйлегені – ол кісінің отбасы мен балаларының ғана емес, біздің тұтас әулетіміздің тағдыры мен қасіреті. Бірақ атаң сол жиналыста сөйлегені үшін ешқашан өкінген емес. Өкінбек түгіл, соным дұрыс болды деп санайтын. Өз ісінің хақ екеніне анық сенгені соншалық, әрдайым “өз қолыммен істегенімді өз мойныммен көтерейін, сол үшін балаларыма тиіспесе екен” деп айтып жүретін. Мен бұл жағдайды өмір бойы ұмытпаймын. Өмірде қалай болса, солай айттым.

Қасым жер аударудан қайтып келген кезде Омбыда беделді таныстарын араға салып, босап шығуға тырысқанын, бірақ оның пайдасы болмағанын айтты. Бұған Мұқыш атаның алашордалықтардың белсенді жақтаушысы әрі жәрдемшісі ретінде есепте тұрғаны кедергі болыпты. Егер сол кезде Қасым жанымда болғанда бар баламнан айырылып, жер сипап қалмас едім. Сен бар, басқаң бар, біз тартқан қасіреттің аныққанығына жетіңдер. Бар өтінерім осы…

Содан соң анам дыбыс шығармастан, егіліп жылап жіберді. Әзер дегенде қойдырдым. Екі күн бойы теріс қарап жатып, ешкіммен сөйлеспей қойды. “Жүрегінің жазылмаған жарасын бекер қозғадым-ау” деп қатты өкіндім.

Осы мақала арқылы жұртшылыққа, әсіресе, тарихшыларға, қоғамтанушы ғалымдарға, журналистерге өтініш жасап, 1918 жылдың шілдесінде Солтүстік Қазақстан облысында М.Дулатов қатысқан халық жиналысын ғылыми-теориялық тұрғыдан жан-жақты зерттеу қажет екенін айтқым келеді. Бұл жиналыстың еліміз үшін тарихи маңызы зор екеніне қарамастан, әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Сондықтан осы оқиғаға арнап, Омбыдан, Қорғаннан, Түмен мен Орынбордан ғалымдарды шақырып, арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізу керек. Мұндай форумды ұйымдастыру “Алаш” партиясының өңірлердегі орасан зор ағартушылық және саяси қызметін зерттеп, оның тарихи бағасын беруге жол ашар еді.

 

Түкірік ҚАСЫМОВА.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp