«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА — ҚҰТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымызда “елге ел қосылса – құт” деген қанатты сөз бар. Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі болып дүниежүзіне тарыдай шашылған қандастарды атажұртқа шақырды. Ұлы көш бүгінге дейін жалғасып келеді. Жуырда ғана Иран Ислам республикасынан келген 30 шақты қазақ отбасы Есіл мен Шал ақын аудандарына қоныстанғанына куә болдық. Көп уақыт өтпей қандастарымыздың тарапынан жергілікті жерде жасалған жағдайға көңіл толмаушылықтың бары байқалды. Олар қоныстанған үйлерде су мен жарықтың жоқтығы туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Біз де бұл мәселенің мәнісіне үңілуді жөн көрдік.

Шал ақын ауданының орталығы – Сергеевка қаласына он бір отбасы үстіміздегі жылғы қыркүйекте көшіп келген.

– Олар келген күні үйде жарық жоқ еді. Жұмысшы мамандар дереу ретке келтіріп, бір сағаттың ішінде мәселені шешіп берді. Су да тартылған екен. Қыстық отынды да қамдап қойыпты. Бірақ көмір әлі алынбапты. Жергілікті әкімдік мамандары бұл мәселені жуық арада шешетіндерін айтты. Біз әзірге үйді ағашпен жылыта тұруларын өтіндік. Мен өзім пешті қалай жағу керектігін үйреттім, – дейді “Дүниежүзі қазақтары” қауымдастығы облыстық филиалының жетекшісі Арман Сүйіндіков.

Қандастардың бірі Хамит Шатқам жауапты мамандар өтініштеріне құлақ асып, қажеттіліктерін көп ұзатпай өтеп бергенін айтты. Алайда оларды бір мәселе алаңдатып отыр. Көтермеақы алмағандықтан, қаражаттан тарығып жүрген көрінеді. Лайықты жұмыстың жоқтығы да отбасыларын асыруға қолбайлау болып отыр. Көшіп келгендердің көбі бұрын құрылыс саласында жұмыс істеген. Мамандар тарапынан жақын маңайда мал шаруашылығымен айналысатын серіктестіктерге жұмысқа орналасу туралы ұсыныс айтылыпты. “Біздің оған ебіміз жоқ”, – дейді Хамит Шатқам.

Біздің өңірімізге сонау өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары, “балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен” алмағайып уақытта да көшіп келген қандастарымыздың қатары аз болмады. Олардың біразы жоқшылық пен жетіспеушіліктің ауыртпалығын жергілікті тұрғындармен бірдей көріп, бүгінде ештеңеден тарықпай ел қатарлы тірлік кешуде. Оларды тұрмыстық қиындықтардан алып шыққан ең алдымен еткен еңбектері емес пе? Мал бақты, егін екті, есіктерінің алдындағы алақандай жерлерін күнкөрістің көзіне айналдырды. Арман Сүйіндіков те біздің бұл пікірімізбен келісіп отыр.

“Мен өзім Ресейдің Түмен облысынан көшіп келдім. Еңбек етіп, қаржы жинап, үй, көлік сатып алдым. Ата-бабамның ізі қалған қасиетті мекенде тірлік кешуді мұрат тұтқан әрбір адам кездесетін қиындықтарға қарсы тұра білуі керек”, – деді ол.

Арман Сүйіндіков көтермеақы мәселесінің тез арада шешілмей отырғанының себебін түсіндіріп өтті. Оны әзірлеуге Маңғыстауда 3 күн уақыт берілген екен. Өздері құжаттарын тапсырмай, мерзімін өткізіп алған. Ал ел бойынша құжатты парсы тілінен аударатын мамандар Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалаларында ғана бар. Шал ақын аудандық әкімдігі оларды елордаға апарып, құжаттарын тиянақтауға қол ұшын созамыз деп отыр. Мәселе оңынан шешіліп жатса көшіп келгендердің әрқайсысына 204 мың теңгеден берілетін болады.

Қандастарға арналған баспаналардың жағдайы туралы Шал ақын ауданының әкімі Рахат Смағұлов айтып берді. Ираннан келген қандастарымыз тұрып жатқан шағынаудандағы үйлер былтыр, 2020 жылы салынып, қабылданған. Ол кезде бұл жаққа орталықтандырылған су құбыры тартылмағандықтан, мердігер компанияға су тарту міндеті қойылмаған екен. Биыл жұмыстар жүргізіліп, су жеткізілген. “Қосымша қаражат бөлініп, барлық инженерлік коммуникациялар тартылды. Сондай-ақ “Еңбек” бағдарламасы бойынша салынған үйлерде жиһаз бен тұрмыстық техника қарастырылмаған. Оны да жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен шешіп жатырмыз. Әр үйге, тоңазытқыш, кір жуатын машина секілді қажетті техника берілді. Құжаттарын рәсімдегеннен кейін мамандықтары бойынша жұмыс тауып береміз”, – деді Рахат Смағұлов.

Осы мәселеге байланысты облыс әкімінің көші-қон мәселесі жөніндегі кеңесшісі Әдіғани Бәзілханұлын әңгімеге тартқан едік. Ол бұл сұрақтың өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың жеке бақылауында екенін атап өтті.

“Көш жүре түзеледі” демекші, қазіргі таңда қандастарға сабыр, жергілікті атқамінерлерге тиянақтылық керек болып тұрған сияқты. Алыстан келген ағайындар ашуға бой алдырмай, құжаттарын рәсімдеп, заңға сәйкес тиісті қаражатын алып, мамандығына сай жұмыс табылатынын, кәсіп ашамын десе оған да қолдау барын ұмытпағандары жөн.

Сағындық МАУҒАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp