«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨМЕК МҰҚТАЖДАРҒА ҒАНА КӨРСЕТІЛУІ ТИІС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Жолдауында елімізде еңбек нарығында тиімді экожүйені қалыптастырудың негізгі бағыттарын іске асыру аясында қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету қажеттігін атап өтті.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Халықтың неғұрлым “әлеуметтік осал топтарын” қолдау жөніндегі шараларды күшейту, кедейлікті азайту жөніндегі белсенді әдістерді дамыту, халықтың нақты кірістерінің өсуі адамдарға ертеңгі күнге деген сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірақ қоғамда әлеуметтік масылдық үрдісі белең алмауы тиіс.

Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс. Дайындалып жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек, – деп атап өткен Мемлекет басшысы ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар жоқ емес екенін, соның кесірінен көмекке шынымен мұқтаж жандар әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалатынын жеткізді. Десе де біз әр мұқтаж тұрғынға тиісті көмек көрсетілуін жіті қадағалаймыз. Үстіміздегі жылдың 8 айында осындай аз қамтылған 516 адам қайта оқыту, қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру, әлеуметтік жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру сияқты белсенді шаралармен қамтылды. Әлеуметтік масылдық үрдістің белең алмауы үшін қиын жағдайға тап болған аз қамтылған азаматтарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көпбалалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша нақты жұмыс жүргізілуде. Облыста жәрдемақы төлеу және әлеуметтік жағынан осал азаматтарды заттай түрде көмек көрсету арқылы қолдау бойынша шаралар көзделген.

Үстіміздегі жылы облыс бойынша аз қамтылған жандарға 1,1 млрд. теңге сомасында материалдық көмек көрсетілді, соның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған 18 мыңнан астам азамат барлығы 602,4 млн. теңгеге ие болды. Үйде тәрбиеленетін және оқитын 273 мүмкіндігі шектеулі балаға 13,1 млн. теңге сомасында көмек көрсетілсе, 373 отбасы тұрғын үй көмегімен қамтамасыз етілді.

Биыл әлеуметтік қорғау ұйымдары тарапынан 2021-2022 оқу жылында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге арналған бірқатар мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру қарастырылды. Әртүрлі меншік нысанындағы үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелері қызмет алатын балалар үшін түрлі ақпараттық-ойын-сауық іс-шараларын, сурет байқауларын, онлайн-құттықтаулар мен викториналар және басқа да іс-шаралар өткізіп, оқу құралдарымен қамтамасыз етті.

Кедейлік шегінен төмен тұратын (2,1 мың отбасы) 8890 аз қамтылған азаматқа 431,9 млн. теңге сомасында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. 2159 бала 76,6 млн. теңге сомасында кепілдендірілген әлеуметтік топтамамен (азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығымен) қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 395 адам жұмысқа орналастырылды. Соның бірқатары әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстар мен тағы басқаларына тартылды. Кәсіппен айналысып, өз ісін дөңгелетіп отырған іскер жандар да жоқ емес. 16 адам несие алса, 27 адам грантқа қол жеткізді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыссыз азаматтар қысқа мерзімді кәсіптік оқытудан өтті. Жыл басынан бері халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы 515 адам оқуға жіберілді. Соның ішінде 255 адам құрылыс мамандықтары бойынша білім алды. Соның бір мысалы ретінде Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі жанындағы оқу орталығында электргазбен дәнекерлеуші мамандығы бойынша кәсіби даярлықтан өткен Андрей Обуховтың мемлекеттік қолдау аясында Астраханка ауылындағы жеке кәсіпкерліктердің біріне дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасқанын айтып өткен жөн. Осындай мысалдар көптеп саналады.

“Мүгедектер үшін жұмыс орындарын квоталау қағидаларын бекіту туралы” 2016 жылғы 13.06. №498 бұйрығына сәйкес 2021 жылы өңірдегі отыз кәсіпорында 40 жұмыс орны бойынша квота бөлінді. Қазіргі уақытта 36 квота іске асты.

Жалпы әлеуметтік жағынан осал азаматтарды қолдау, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және пәрменді әлеуметтік қорғау шаралары солтүстік қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды табысты орындауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның басты байлығы – азаматтары. Сондықтан қолға алынған кешенді шаралар, ең алдымен, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға арналады. Қиын жағдайға тап болған азаматтардың жағдайын жасау ғана емес, барлық қазақстандықтың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының артуына ерекше ден қойылып отыр. Мәселен, бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Сондықтан Жолдауда айтылғандай 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін көтеру оңтайлы шешім деп ойлаймын. Бұл табысы төмен азаматтарды ғана емес, бүкіл еңбеккерлерді қуантып отыр. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономиканың алға басуына мүмкіндік береді.

Алмаз ҚОШМАНОВ,

облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасының басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp