«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қуат берген дәмің мен тұзың маған…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Сазгер, әнші, кино актері Аққу Байжігітпен пойызда бірге жолаушылап, Арқадан Алатауға жеткенше біраз әңгіменің тиегін ағытқан едік. “Нені аңсаймын” деген әні бар бұл жігіттің. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған, жүрек сағынышын тербетіп, көңіл қылын шертер тамаша әнге бүгінде тыңдарман қауым оң бағасын беріп үлгерді. Ұзақ жолда өнер, әдебиет жайлы да сөз болып, әңгіме арасында аталмыш әннің шығу тарихы жайлы сұрадым.

Қос релске бауырын бере сырғыған отарба анда-санда бажылдап қойып, алға жүйткиді. Аққу болса шашын саусағымен артқа қарай лақтыра тарап-тарап жіберіп, терезеден алысқа көз тастады…

“Мендегі әуен көбінде сағыныштан немесе көңілге ерекше әсер еткен нәрселерден туып жатады. Өзімді атақты сазгерлердің қатарына қосудан аулақпын. Енді-енді жетіліп келе жатқан жас шыбықтаймыз, ізденер, толысар уақытымыз әлі алда. Ұлы композиторлар бірден әйгілі бола қалған жоқ, бәрі де бойындағы болмашы талантын еңбекпен ұштай білді емес пе? Бірақ өзің жазған әнді ел мақтап, сүйсіне тыңдап жүрсе бір марқайып қалады екенсің. Жұрттар тапсырыспен ән жазса, мен олай істей алмаймын. Жан-дүниеңе әсер ететін көріністер не оқиғаларға жолыққан сәтте адамда табиғи құштарлық пайда болады. Сондай бір сәт туындаған кезде адамнан маза қашады екен, біз айтып жүрген шабыт деген сол шығар, мүмкін. Оны тілмен айтып жеткізу де қиын. Басқаларды қайдам, маған ең алдымен әннің әуені келеді”,– деді сазгер.

Шалқар шабыттан туған “Нені аңсаймын” әнін бүгінде белгілі әнші Нұрболат Абдуллин шырқап жүр.

Тыңдағанда туған жерге жете алмай, атамекеннің жұпар ауасын, шалғынды шөбін сағынып жүрген жанның бейнесі көз алдыңа келеді. Ауылды, кіндік қаның тамған ыстық ұяны кім аңсамайды?! Заманның әсері ме, әлде саясат солай болды ма, әттең, кір қоңымды жуып өскен жерім шекараның арғы жағында қалып қойды. Әйтпесе, жеті атамыз желіп жүріп жер шалған қасиетті топырақ еді ғой кезінде.

…Күн кешкіріп, дала қараңғылана бастапты. Көзге ештеңе көрінер емес. Ендігі әңгімені шай іше отырып жалғастыруды жөн көрдік. Мен Аққудан бұл әннің әуені туралы сұрадым. Ол былай деп жауап берді:

“Жол шетіндегі орындықта бір студент қыз телефонмен сөйлесіп отыр екен. Екі көзі бұлаудай. “Не болды екен?” деген оймен анадайда тұрған орындыққа барып жайғастым. Еміс-еміс құлағыма жеткен сөз-ауанына қарағанда алыста тұратын ата-анасына хабарласып жатқан сияқты. Сағынғанын, мұнда аздап қиналып жүргенін айтып жатыр. Сол кезде көзіме еріксіз жас келді. Өзімді тоқтата алмай қалдым. Себебі менде де сондай бір сағыныш бар ғой”.

Аққу осы оқиғадан кейін бет алған бағытына бармай, кері қайтқан. Кешкі астан кейін жазу бөлмесінің есігін жауып алып, өзімен-өзі қалады. Қолына Мұқаңның жыр жинағын алып, “Нені аңсаймын, туған өлке, туған жер, сені аңсаймын, неге аңсаймын білмеймін, неге аңсаймын”, – деп басталатын жолдарын оқи бастауы да бекерден бекер емес. Бұл өлең шумақтары оның бағанадан алабұртып отырған көңілінің тиегін ағытса керек. Тіл ұшына әннің сазы орала кетеді. “Әуенді бәсең үнмен қайталай, гиттарама қол создым. Нотаға түсіріп болғанымда таң қылаң бере бастады. Әнді шырқаған сайын кеудемді тепкілеген тентек “дүние” сабасына түскендей болады. Сөйтіп, бір ұйқысыз таң атты. Жоғалған құнды дүниемді тауып алғандай немесе баптап жүрген ақбоз атым бәйгеден келгендей мәре-сәре күй кештім”, – деді Аққу.

Бұл туындысын сазгер ең алғаш рет сахнаға өзі алып шықты. Әнсүйер қауым жылы қабылдады. Кейін Нұрболат Абдуллин жұлдызын жандырды. Бір жолыққанда әнші сазгерге: “Осы әніңе клип түсірсек қайтеді?” – деп ұсыныс тастаған екен. Аққу болса, туған ауылға бара алмаса да, Мұқаң жортқан жерде, Мыңжылқыда, Кеңсайда, Кеген өңірінде бейнебаян түсіруді құп көрген.

“Сағыныш деген ұлы ұғым ғой. Оған бойласаң тұңғиығына батасың. Менің де сондай күй кешетін кездерім көп. Себебі арғы бетте әке-шешем, аға-бауыр, дос-жарандарым қалып қойды. Көрмегелі де талай жылдың жүзі болды. Сондай кезде адам ұйқыны да ұмытып, қалың ойдың құшағына енетіні бар. Сол кезде жүрекке жыр толып, әуен туындайды. Сағынышқа себеп болғандай-ақ Мұқаңның жыр жинағы қолыма түсе қалғаны бір Алланың сыйы шығар деп ойлаймын!” – деп Аққу дос ағынан жарылды.

Пойыз келесі бір станцияға тоқтап, абыр-сабыр адамдар кіре бастады. Екеуміз жайған дастарқанымызды жинап жайымызға жаттық.

“Нені аңсаймын!?

Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,

Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын.

Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,

Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!

Қуат берген дәмің мен тұзың маған,

Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.

Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,

Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.

Сені аңсаймын, қайнаған ақ бас таулар,

Ақ бас таулар – самайын ақ басқандар.

Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,

Сені аңсаймын, су кешіп, от басқандар!

Сені аңсаймын, Туған Ел, сені аңсаймын”, – деп өрілетін өлең жолдары сағынышқа толы әрбір жүректі дір еткізбей қоймасы анық.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp