«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰМЫТЫЛМАС ӘСЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүниежүзілік опера күні қарсаңында Ақан сері атындағы облыстық филармонияда “Vivat Opera” концерті өтті. Кеш барысында опера әншілері эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен танымал туындыларды орындап, тыңдармандарына ұмытылмас әсер сыйлады.

Әлем бойынша опера күні ресми түрде 2019 жылдың 25 қазанынан аталып келеді. Мереке үздік оперетта авторлары Жорж Бизе мен Иоганн Штраустың құрметіне орай пайда болған. Облыс орталығының тұрғында­­ры мен қонақтарына ұсынылған концертте атақты сазгерлердің бірнеше туындысы орындалды. Оркестрді кәсіби дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин басқарса, филармонияның беткеұстар әншілері Руслан Мұстафин мен Асхат Тауышев бірнеше тілде ән шырқады.

Қызылжарлықтар Чехияның опера әншісі Либуше Санторизованың музыкалық сәлемдемесін де жылы қабылдады. Өнер иесі оркестрдің сүйемелдеуімен опера әндерін орындап, қызылжарлық көрерменді тәнті етті. “Чех мемлекетінің атақты әншісі елордадағы “Астана Опера” театрына “Құпия неке” операсындағы “Каролина” партиясын орындау үшін келген болатын. Біз бұл мүмкіндікті қалт жібермей, қызылжарлық өнер­сүйер қауыммен қауыштырып, концерт ұйымдастырып отырмыз”, – дейді Абзал Мұхитдин. Прагалық Либуше Сантаризова өз елінде музыка мектебінде скрипка, флейта, және фортепиано сыныбында оқыған. Алғаш рет Перселлдің “Дидо және Эней” операсындағы Белинда ариясын орындап, көзге түскен. Опера әншісінің репертуарында әйгілі Хосе Каррераспен бірге әуелеген әндер де бар.

Бұдан басқа, концерт барысында Джузеппе Вердидің “Тағдыр күші”, Пьетро Масканьидің “Сельская честь” бір актілі операсы орындалды.

Сержан НҰРДОЛҚЫНҰЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp