Қазақ халқының даңқты батыр ұлы Бауыржан Момышұлы: “Өзінің ұлтын сыйламаған ұлтын мақтаныш тұта алмайды”, – деген екен.
“Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тілің құрметте”, – деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, ана сүтімен бойға даритын туған тілді, салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты құрметтеген адам ғана бабаларымыз өсиет етіп қалдырған аманатқа деген шексіз адалдығын сақтай алады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Үкімет тарапынан кешенді іс-шаралар атқарылып келеді. Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің күнделікті тыныс-тіршілігінде де қазақ тілі кеңінен пайдаланылады.
Колледжде 2020 жылы лингвистикалық орталық ашылып, түрлі тілдік, мәдени жұмыстар жүйелі түрде атқарылуда. Кабинетке күрделі жөндеу жүргізіліп, мультимедиялық тақта қойылды. Қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінің он сегіз оқытушысы студенттерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Білім ордасында тілді меңгерудің озық тәжірибелері қалыптасқан. Ел егемендігінің 30 жылдығына орай “Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік” тақырыбында ұйымдастырылған тіл апталығы тақырыбына елімізде тұрып жатқан этнос өкілдерінің ғажайып сырларға толы өмірлері арқау етілді. Оқытушылар Құралай Жандилдина, Әсия Имантаева апталықтың қызықты да мазмұнды ұйымдастырылуына үлестерін қосты. Апталықтың шымылдығы концерттік бағдарламамен ашылып, шараға белсенді қатысқандар Алғыс хаттармен марапатталды. Бибігүл Жакешова, Ақжарқын Ешмұқанованың ұйытқы болуымен “Тәуелсіздік – теңдесі жоқ байлығымыз” атты сайыс қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өтті. Байқауға қатысқандардың ішінде Сабина Нұрпейісова, Валерия Семенова, Влад Кнутарев сынды студенттеріміз ерекше көзге түсті. Сәуле Рамазанова, Динара Мырзабаева, Жадыра Тулембекова өткізген “Что? Где? Когда?” зияткерлік ойынын тамашалаушылар қарасы көп болды. Ойын барысында Қазақстан Тәуелсіздігіне арналған қызықты сұрақтар қойылды. Оқытушы Анна Гардердің ағылшын тілінің фонетикасын жеңіл меңгеру әдісі “Phonetics-is not hard” шеберлік сыныбында тәжірибе ретінде насихатталды. Оқытушылар Баян Карманова мен Ксения Пушкареваның “Волшебный мир языка” атты лингвистикалық марафоны студенттердің қазақ, орыс, ағылшын тілдеріне деген қызығушылығын арттырды. Колледждің бірінші қабатында көпшілік “Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл” мультимедиялық журналын тамашалады.
Апталықтың қорытындысы оқытушы Айгүл Балсейітованың “Kazakhstan is my land, my country!” әдеби шарасымен түйінделді. Студенттер ана тілдерінде өлең оқып, ән шырқады. Мың бұрала билеп, кеш ажарын аша түсті.
Колледж директоры Ағыбай Көшімбаев пен оның оқу ісі жөніндегі орынбасары Роза Құлжанова тілдер мерекесінде белсенділік, алғырлық, білімділік танытқан студенттерді құттықтап, сыйлықтар тапсырды.
Бүгінде қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келеді. Болашағын Қазақстанмен байланыстыратын әрбір азаматтың қазақ тілін меңгеруіне мүмкіндіктері мол.
Бибігүл БЕКТЕНОВА,
Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы.