Биыл еліміз Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойын атап өтеді. Уақыт өлшеміне сыймайтын кезең ішінде әлем танитын мемлекетке айналуымыз, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтатын болсақ, “терең тарихымыз бен мың жылдық болашағымызды сабақтастырып, “Мәңгілік Ел” болатын дара жолға түскенімізді” айғақтайды. Тұлпар мініп, ту ұстаған, көшелі сөз, қалың қол бастаған, елдікті, бірлікті айбынды ұран еткен асыл бабаларымыздың ордалы отаны, мәуелі мекені саналатын Жамбыл ауданының тұрғындары да егемендіктің елең-алаң шағынан бастап Қазақстанның дамуына, гүлденуіне өздерінің үлестерін қосып келеді. Жеткен жетістігіміздің, тасқынды табысымыздың негізгі арқауы – бейбітшілік пен келісімнің бірегей моделі қалыптасып, ауданда тұратын 30-дан астам этнос өкілдері қазақ жерінен өз орындарын тапты.
Басты байлығымыз – ұлттық бірлігіміз, достық ұстанымыз. Қасиетті қазақ жерінің жылнамасы шалғайда орналасса да, тағдырын 30 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолдардан бөліп-жаруға келмейтін ауданның, елді мекендердің де мерейлі белесі деп айтуға негіз бар. Ынтымағы жарасқан жамбылдықтардың тындырымды істеріне қысқаша тоқтала кеткенді жөн санаймын. Тәуелсіздіктің арайлап атқан алғашқы таңдарында күрмеуі көп қиындықтарға кезіксек те, белді бекем буып, жұдырық болып жұмыла еңбек етудің арқасында өрісіміз малға, қамбамыз астыққа толды. Тәуелсіздік жылдары 222 ауыл шаруашылығы құрылымы, оның ішінде 176 фермерлік шаруа қожалығы, 46 серіктестік пайда болды. “Шатило және К”, “Агротехника Жамбыл”, “Жөкей Агро” ЖШС-терінің тарихы егемендік кезеңінен бастау алады. Осыдан жиырма жыл бұрын қазығын қаққан “Екпін” ЖСШ-і егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де жүйелі түрде айналысып келеді. Қазір мұнда 2 мың бас асыл тұқымды қойға арналған заманауи ферма салынуда. Сол сияқты “Алисарай”, “Атамекен Агро” шаруашылықтарының да “өмірбаяны” Тәуелсіздіктің қилы өткелдерімен тығыз сабақтас. Владимир Ладога жетекшілік ететін “Ладога В.П.” жеке кәсіпкерлігінің отау тіккеніне биыл – тұп-тура 30 жыл! Осы уақыт аралығында өндіріс орындарын кеңейтіп, заманауи талаптарға жауап беретін жиhаз цехтары құрылды.
“Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы” бірегей идеясының шеңберінде экономиканың барлық негізгі салаларында тұрақты өсім байқалады. Оны соңғы жылдардың көрсеткіштері анық аңғартады. Былтыр ауыл шаруашылығында нақты көлем индексі – 101,6, өнеркәсіпте – 109,3 инвестицияда – 108,2, құрылыста – 108, тұрғын үйді пайдалануға беруде 129 пайызды құрады. Экономикалық дамумен бірге қаржылық тұрақтылық та оң серпінге ие. Салық түсімдері жоспардан тыс 43,4 млн. теңгеге артық жиналды. Жергілікті бюджет кірістері 11,2 пайызға өсті. Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында ауылдарды көтерудің ауқымды бағдарламасы қабылданып, тұрғындардың өмір сапасы айтарлықтай жақсарды. Экономикалық белсенді халықтың 45,6 пайызы ауыл шаруашылығында еңбек етеді. Өткен жылы 48 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Бұл 2019 жылға қарағанда 11 млрд. теңгеге көп. Аграршылар қарқынды шаруашылық жүргізудің озық әдістеріне көшіп, 300 мың гектардан астам алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруде. Машина-трактор паркі айтарлықтай жаңарды. Бір жылдың ішінде ғана 3 млрд. 455 млн. теңгеге 97 бірлік ауыл шаруашылығы техникасының сатып алынуы – бұрын-соңды болмаған жетістік. Ет, сүт, жұмыртқа өндірісі ұлғайып келеді. Бұл бағытта 4 ірі жобаны іске қосу белгіленген. “Атамекен Агро” ЖШС-і 780 бас ірі қара малға шақталған асыл тұқымды репродукторды, “Қайнарбек Ата” ЖШС-і бір мың басқа арналған мал бордақылау алаңын алдағы уақытта пайдалануға береді. “Алисарай” ЖК-і тауарлы сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Бұрындары кәсіпкерлер негізінен егіншілікпен және мал шаруашылығымен ғана шұғылдануды жөн көрсе, бүгінде өзге кәсіп түрлері кеңінен қанат жайған. Мәселен, “Курлянчикова Ю.А.” ЖК-і үй және кеңселік жиhаз шығару ісіне маманданды. Олардың өнімдері сұранысқа ие.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа арнаған Жолдауында Ұлттық экономиканың өсуін озық инновациялық бағдарламалар есебінен ұлғайту міндетін қойды. Осы талап жете ескеріле отырып, “Қарапайым заттар экономикасы” шеңберінде 247,5 млн. теңгеге 5 жоба қаржыландырылды. Бағдарламаға қатысушылар жаңа техника сатып алу, майлы дақылдар, Қамбар ата түлігін өсірудің бизнес-жоспарларын ұсынды. “Агро әулеті” ЖШС майлы дақылдар тұқымдарын қайта өңдеу цехын кеңейтудің жобасын қолға алып, қалдықсыз өндірілетін күнбағыс және зығыр майының мөлшерін 3 мың тоннаға дейін жеткізбек. “Жамбыл Агро Инвест” кредиттік серіктестігі кәсіпкерлік субъектілерінің айналым қаражатын толықтыруға жарты млрд. теңгенің 13 несиесін рәсімдеді. Мұның бәрі Тәуелсіздік тұғырын нығайтуға ересен күш-қуат, істің көзін жаңаша ұйымдастыруға мүмкіндіктер береді. Инвестиция көлемінің 8,5 млрд. теңгеге жуықтауы, әлеуметтік сала нысандарына бөлінген қаржының 5 есе, автомобиль жолдарын жөндеуге 2 есе ұлғаюы, автожолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесінің 67 пайызды құрауы, Ұлттық қордан трансферттердің бөлінуі “түн қатып, түс қашқан” күндердің артта қалғанын, ендігі мақсат алғы жылдарға қабылданған реформаларды дәйектілікпен орындауды міндеттейді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы, “Ауыл – ел бесігі” жобасы бойынша аясында атқарылатын іс-шаралар тіпті қомақты. Бүгінде 48 елді мекеннің 85 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Преснов топтық су құбыры жаңғыртылды.
Халықты жұмыспен қамту күнделікті қызметіміздің басым бағыттарының бірі болып табылады. Тарих тылсымына бойласақ, қыдыр қонып, құт дарыған жеріміздегі еңбекқор халықтың еңсесін езіп, санасын сансыратып жан-жаққа үдере көшуіне еріксіз мәжбүрлеген жаппай жұмыссыздықтың белең алуы еді. Осы кезді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы дала ұлағаттары” танымдық мақаласында “Біз Тәуелсіздікке қол жеткізген кезде елдің тұрмыстық жағдайы ауыр болатын. Қаржы да жоқ, қажетті тауар да жоқ сол бір қиын кезеңнің де қисынын таптық. Тірліктің түндігін түріп, жоқты барға, барды базарға, базарды ажарға айналдыра алдық”, – деп сипаттайды. Мұраты бірдің – қуаты бір деген осы. Сан қилы сын сағаттарда қабылданған шешімдердің нәтижесі жалаң ұран, көтеріңкі пафос емес, алға жетелейтін мақсатты мұрат екені жұртшылықтың жадында жатталып қалғанына бәріміз куәміз. Бүгінде еңбек етемін дегендерге ешқандай қолбайлау, кедергі жоқ. Үкімет, жергілікті билік тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалып отыр. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту “Еңбек” бағдарламасы, “Бастау-Бизнес” жобасы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етудің, табысты арттырудың басты тетігі десе де болады. Биыл 123 адам 134,1 млн. теңгенің шағын несиелері мен гранттарын алды. Қоғамдық жұмыстарға 245 адам жіберілді, әлеуметтік жұмыс орындарына 38 адам орналастырылды.
30 жыл ішінде жүріп өткен жолымыз тарихтың шежірелі беттері ғана емес, сонымен қатар келешек дамуымыздың, елдік қуатымыздың қайнар көзі болып саналады.
Марат ЕСКЕНДІРОВ,
Жамбыл ауданының әкімі.