Талай жылғы журналистік қызметімнің барысында астамси сөйлеп, ақыл айтуға, өзінің сөзін ғана жөптеп, “иә” демегендермен кеңірдектесуге дайын тұратын кеудемсоқтарды көп көргендіктен бе екен, есімі өңір жұртшылығына ғана емес, одан тысқары жерлерде де жақсы таныс, іскерлігі мен жаңашылдығының арқасында тасы өрге домалап тұрған кәсіпкер Жомарт Омаровпен алғаш кездескенімізде, ақшаның буына піскен “заманауи байшыкештердің” бірі ме деп қалғанымды несіне жасырайын. Бірақ шамалы әңгімелескеннен кейін-ақ, бұл пікірімнің жаңсақтығын түсіндім. Арындай сөйлеген сөзінің ар жағында өзіне тән мінез бен терең білім жатқанын ұқтым. Ең бастысы, үлкен-кіші деп бөле-жармай жақын тартатын бауырмалдығына тәнті болдым. Қазақша жөн сұрасқан соң-ақ, жақын тартып, ағалы-інідей араласып кеттік. Және маған ғана емес, бәріне құшағын ашқысы келетінін, “әр қазақ менің бауырым!” деп аңқылдап жүретінін аңғардым. Жомарт жайсаң мінезімен, жүйелі сөзімен баурап алатын мінезге де, жақсылыққа да бай азамат болып шықты.
1971 жылы оныншы қазанда Жамбыл ауданына қарасты Амангелді ауылында дүние есігін ашқан Жомарт Жақсылықұлының балалық шағы қазақтың заңғар жазушысы Сафуандай арысты толқынында тербеткен Ілия көлінің жағасында өтіпті. Ауылдағы сегізжылдық мектепті аяқтағасын Целиноград қаржы-экономикалық техникумында білімін жалғастырады. Оқуын ойдағыдай тамамдап, Благовещенка ауылындағы Жамбыл аудандық қаржы бөлімінде салық ревизор-инспекторы болып жұмысқа тұрғанымен онда көп істеген жоқ, жұмысқа жаңа-жаңа төселе бастағанда әскерге шақырту алды. Әуе күштерінде қызмет етіп, екі жылдық борышын өтеген соң туған жеріне оралды. Бұл Қазақ елінің көкзеңгір аспанында тәуелсіздік туы желбіреген 1991-інші жылдың аяқ кезі еді. Мемлекеттік қызмет, кейін кәсіпкерлік саласында тер төкті. Бүгінде облыстағы агроқұрылымдардың біріне басшылық етеді. Міне, Жомарт Жақсылықұлының қысқаша өмірбаяны осындай. Өзінің мыңдаған замандасының өміріне ұқсас, қарапайым адамның еңбек жолы. Күні бүгін ер жасына жеткен, ел ағасы атанған атпал азаматтың өмір жолы. Дегенмен, оның басқа адамдардан ерекшелігі бары анық. Мәселе оның жомарттығында да емес. Тіпті, басшылық қабілеті мен кәсіпкерлік жетістігіне де байланып тұрған жоқ. Оның ұлтжандылығында. Ата дәстүрді сақтап қалуға ұмтылған кеңжүрек мәрттігінде.
Ал бүгінде ел таныған азаматтың қалыптасуына не әсер етті? Бауырмалдығы мен жайсаңдығының қайдан бастау алғанын өзінің әңгімесінен білдім.
– Қарапайым отбасында өстім, әкем трактор жүргізушісі болды. Ешқандай басшылық қызмет атқармаса да ел сыйлайтын, ардақты азаматы болды. Қоғадай жапырылып, Жақа, деп құрметтейтін. Бізді де, балаларын қабағымен жасқап тәрбиеледі. Артық сөз айтпайтын, сонысымен де сыйлы еді. 1980 жылы күзде “Еңбек Қызыл Ту” орденін алды. Құжатында КСРО Жоғарғы кеңесінің Жарлығымен Омаров Жақсылық марапатталады деп жазылған. Мен ол кезде тоғыз жастамын. Осы сәт есімде ерекше сақталып қалды. Менің мінезімнің қалыптасуына да сол мезет, сол марапат әсер етті деп ойлаймын. Өйткені мен әкемнің жан-себіл еңбегінің арқасында жоғары мемлекеттік марапатқа ие болғанын түсіндім. Еңбекқорлық адамды өрге жетелейтінін сол кезде ұқтым деп ойлаймын, деп ағынан жарылды.
Иә, адамның балалық шағында алған әсері ұмытылмайды. Жомарт та жастайынан алғыр болып өсті. Әсіресе, есепке жүйріктігімен көзге түсті. Математика есептерін, теңеулерін “шемішкеше шағушы” едім дейді өзі. Тіпті әлі күнге дейін балаларына үй тапсырмасын орындауға да көмектеседі екен. Адамның белгілі бір тақырыпқа сөз қозғалғанда сезімін білдіріп қоятын әдеті емес пе, балаларыммен бірге есеп шығарамын деген кезінде жанарындағы ұшқынды байқап қалдым. Бар бақытым – балаларым деп білетін қамқор әке, ұрпақ тәрбиесін бірінші орынға қоятын отағасының кейпі. Жан дүниесі бай, рухы берік адамдар ғана шаңырақ шаттығын бірінші орынға қояры сөзсіз. Осылайша бала күнінен еңбекқор, есеп-қисапқа жүйрік болып өсуі бүгіндері белгілі кәсіпкер, меценат Жомарттың болашағына жол ашқан.
Ауыл баласының ересектерге үйірсек келетіні белгілі. Жомарт Жақсылықұлы да бала күнінен қариялардың айтқанын құлағына құйып өсіпті. Әсіресе, ел арасында сыйлы, жанарынан айырылса да иманын жұтатпаған нағашы атасы Қабдолбәри ақсақалдың айтқандарын санасына сіңірді.
– Адамда сана деген болады. Сәл саңлауы болса жақсы әңгімені, тәрбиені сіңіріп алады. Мен кішкентай күнімнен кітапқұмар болдым. Әңгіме-романдар, жыр-қиссаларды оқып, жаттап өстім. Ертеде өткен билер мен шешендердің тапқыр сөздеріне, батыр бабаларымыздың ерлігіне тәнті болып өстім. Осының бәрі менің болмысымның қалыптасуына зор әсер етті деп ойлаймын. Ұлы Абайдың: “Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі, “Мені” мен “менікінің” мағынасы екі. “Мен” өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан, “Менікі” өлсе өлсін, оған бекі, деген сөзі бар ғой. Қазіргі ұстанымым осы. Еңбекпен тапқаным – ол менікі, ал мен ол – болмысым. Сондықтан да болар, жақсылармен араласып, терең ойлайтын азаматтармен пікір алмасуды жақсы көремін. Рухани азық, жанға қуат аламын. Мен мал жисам балама байлық болып қалар, ал сыйлы, дана адамдардың батасы менің ұрпағыма мирас болып қалмай ма? Қазақта “әкеге қарап ұл, шешеге қарап қыз өсер” деген сөз бар. Осы бір ойға назар салайықшы. Мысалға, егер бала ата-анасының айтқанымен ғана жүріп-тұратын болса, онда “әкені тыңдап ұл, шешені тыңдап қыз өсер” дер еді. Терең астары бар сөз. Біз әке-шешесі болып өз ісімізбен үлгі болуымыз керек. Менің ұстанымым да осы.
Жомарт Омаровты қазақ жұртшылығы айтыстың жанашыры ретінде жақсы таниды. Өңірімізе соңғы жылдары дүбірлі айтыстар өткізіліп, халықтың ықыласына бөленді. Жердің шетінде, желдің өтінде тұрған теріскейдегі қаракөз ағайын үшін бұл айтыстардың мән-маңызы ерекше. Ұлттық тамырдан ажырамасын, төл өнерімізді танысын, жас талант жерлестеріміз ысылсын деген мақсатпен ұйытқы бола білді. Тек айтыс өнері ғана емес, ақын-жырауларды да, ғалымдарды да Қызылжарға шақырып, халықпен кездесуіне мүмкіндік жасайды. Осының бәрі де жерлестерім де білсін, салиқалы әңгіме тыңдасын, ұлттық болмысымыздан ажырамайық деген астары бар жүздесулер.
– Жуырда ғана белгілі ғалым, абайтанушы Жәлел Омарұлы келіп кетті. Қаншама ғибратты әңгіме айтты. Жастармен жүздесті. Әрбір сөзі мірдің оғындай, келтірген мысалдары зерделенген, адамның санасына салмақты ой салатын сұхбат болды. Басқа да ғалым, ақын-жазушылар келеді, олармен кездесу, әңгімелесу жерлестеріміз үшін үлкен олжа емес пе?! Ұлттық код, сана, болмыс туралы әңгімелер біздің халқымызға керек. Ұлттық деген кез келген дүние ұлықталуы тиіс. Ал айтыс болса ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Оны насихаттау біздің қасиетті борышымыз. Келген қонақтарды күту – менің ғана емес, барша Қызылжар жұртының абыройы деп білемін. Сондықтан шамам келгенше осы іске адал болуға тырысып жүрмін, – дейді Жомарт.
Бір байқағаным, Жомарт қай істі бастамасын жан-тәнімен беріліп істейді. Берген ырзық-несібесі үшін Жаратқанға деген тәубесінен жаңылмайды. Ісінің берекелі болуы да осыдан. Ең бастысы, арының тазалығына мән береді. “Жұртқа тайсақтамай тура қарай алсам, арымның тазалығы, әкемнің атына кір келтірмегенім”, – дейді өзі.
Міне, мен таныған Жомарт осындай аңқылдаған ақкөңіл, елге болса екен дейтін мәрт азамат!
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.