Жамбыл ауданы аумағында орналасқан жер жәннаты іспеттес “Гүлтөбе-Маманай” қонысында есімдері елімізге әйгілі небір от ауызды, орақ тілді шешендер, қалың қол бастап, жауына атой салған ержүрек батырлар, арқалы ақындар, қаламы жүйрік жазушылар дүниеге келген.
Ашамайлы Керей руынан тарайтын Толыбай Дәуленұлы қолбасшы, балуан, құралайды көзге атқан мерген, болашақты болжайтын көреген болған.
Жұртшылық Қожаберген жырауды ақын, сазгер, күйші, атақты баһадүр, бас қолбасшы, сардар ретінде ардақ тұтады. “Жеті жарғы” заңын шығаруға қатысқан жырау артына “Баба тілі”, “Ер Қосай”, “Асан ата”, “Қорқыт баба” секілді өлмес шығармашылық мұра қалдырған. “Елім-ай” дастаны – “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама” зар заманының әнұраны саналады. Бейіт басына мазар 2001 жылы тұрғызылған.
“Сал-серілердің атасы” атанған Мұхамедқанапия (Сегіз сері) Баhрамұлы – ірі тарихи тұлғалардың бірі. Қызылжар медіресесінде, Омбының тілмаштар даярлайтын Азия мектебінде білім алған. Ол – “Ақбұлақ”, “Жылой”, “Гауһартас”, “Ғайни”, “Әйкен-ай”, “Ақбақай” сияқты халық арасына кеңінен таралған әндердің, “Айман-Шолпан”, “Қыз Жібек” эпикалық дастандарының авторы.
Қалың оқырман шығармаларын сүйіп оқитын қара сөздің шеберлері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов – осы ауданның тумалары.
Толыбай қорымына атақты ат сыншысынан бөлек балалары Қожаберген, Қарабас, кейінгі ұрпақтары Асқап, Көшек, Шақшақ, Баhрам, Жанкісі, Салғара, Дәстем сал, Маманай, тағы басқа көрнекті тұлғалар жерленген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.