Ауданда ауыл шаруашылығы кадрларының жетіспеушілігі мәселесін шешумен “Тұлпар” кәсіби-техникалық оқу орталығы 2007 жылдан бері айналысып келеді. Осы аралықта елді мекендерге қажетті ондаған маман даярланды.
Президентіміздің биылғы Жолдауда “сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі керек” деген тапсырмасы біздің жұмысымызға тың серпін берді. Мектебіміз “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқу орталықтарының бірегей тізіліміне енгізіліп, бірқатар жеңілдіктерге ие болды. 29 жасқа дейінгілер және жұмыссыз жүргендер тегін оқиды. Аудан орталығының тұрғындарына – 15, сырттан келушілерге 25 мың теңге шәкіртақы төленеді. Жол жүру және пәтер жалдау ақысы да мемлекет есебінен өтеледі. Жуырда үшайлық “Фермер шаруашылығы” бағдарламасы аясында 25 адам тракторшы мамандығын алып шықты. Бұдан бөлек, “Еңбек” бағдарламасы арқылы барлық санаттағы көлік құралдарын жүргізушілер, тракторшы-машинистер және электр дәнекерлеушілер тұңғыш рет оқу курсын аяқтағаны туралы сертификат алды.
Оқу орталығы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, курсанттардың өндірістік тәжірибеден өтулеріне барлық жағдай жасалған. Олардың қажетті дағдыларды меңгеруіне “Агротехника Жамбыл”, “Ақ-Жол”, “Даниял-2014”, “Туған жер” серіктестіктері үлкен көмек көрсетуде.
Тракторист-машинист, электр дәнекерлеуші мамандықтарын алып шыққан бір топ түлек жұмыспен қамтамасыз етілді. Олардың арасында Айдар Оспантаев, Байдалы Байтишкин, Станислав Шерстобитов, Василий Иванов, Сергей Швеглер секілді жергілікті жастар бар.
Оқу орнында оқулықтар мен техникалар жеткілікті. Жол қозғалысы ережесі сыныптары, зертханалық-тәжірибелік кабинеттер, жаттығу құрылғылары, интерактивті тақталар, көлік жүргізіп, үйретуге арналған автодром жұмыс істейді.
Алдағы уақытта кәсіби-техникалық оқу орталығында мамандық алғысы келушілердің жоғары сұранысына орай даярланатын кәсіп түрлерін көбейтумен қатар материалдық-техникалық базаның талапқа сай жабдықтау, қажетті құрал-жабдықтар сатып алу жоспарланған.
Владимир ЛОБОДА,
“Тұлпар” кәсіби-техникалық оқыту орталығының директоры.