«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ХАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗМЕТШІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәсіподақ – азаматтардың еңбек, өндірістік мүдделерінің ортақтығы негізінде өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау үшін құрылған ерікті ұйым. Бүгінде еңбек қатынастарына, жұмысқа қабылдауға және босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығына, жалақының мөлшеріне қатысты тағы да басқа туындаған мәселелерді шешуде елеулі рөл атқарып келеді. Облыстық кәсіподақ ұйымы өз қызметін тең әріптестік, ынтымақтастық қарым-қатынасқа құра отырып, “Кәсіподақтар туралы” Заңның, Еңбек кодексінің, кәсіподақтар федерациясының бағдарламалық құжаттары шеңберінде тәуелсіз түрде жүзеге асырады. Бүгінде 65 мыңнан астам кәсіподақ мүшесі 1257 бастауыш ұйымға топтасып, ең ықпалды күшке айналып отыр. Биыл 22 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, олардың құрамына 969 адам тартылды.

Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар қауымдастықтары бірлесіп 2021-2023 жылдарға арнап келісім жасады. Оған біздің өңіріміздегі ұйымдар тарапынан 22 ұсыныс енгізілді. Салалық кәсіподақ бірлестіктері арасында “Қауіпсіз еңбек” бағдарламасы қабылданды. Үйлестіру кеңесінің отырыстарында өзекті мәселелер талқыланып отырады. Еңбек шарттары электрондық форматқа көшіріліп, есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі енгізілді. Кәсіпорындарда өндірістік жарақаттануды төмендету, әлеуметтік шиеленістерге жол бермеу бойынша кәсіподақтар мен мемлекеттік еңбек инспекциясы бірлескен шешім қабылдады. Әлеуметтік әріптестік және өңірлердегі салалық кәсіподақтардың қызметін үйлестіру бағытында келісімдер жасалды. Прокуратура органдарының ұсыныстарына сәйкес ұжымдық шарттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Парламент Мәжілісінің депутаты Ержан Құдайбергеннің қатысуымен өткен үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысында заңнаманы жетілдіру мәселелері қаралды. Онда инфляция деңгейіне қарай жалақыны индекстеу тәртібі туралы жұмыс берушінің міндеттемесін ұжымдық шартқа енгізу жөніндегі ұсыныстар қолдау тапты. Ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңестерді құру, ауылдық жерлердегі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері үшін коммуналдық қызметтер өтемақысының бірыңғай төлемдерін заң жүзінде қамтамасыз ету, жұмыс берушілердің қаражаты есебінен мұғалімдерді тегін медициналық тексеруден және оқытудан өткізу, қабылданған міндеттемелерді орындау туралы есеп беру дәстүрге айналып келеді. Әлеуметтік-еңбек қатынастарының нығаюына кәсіподақтардың ықпалын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бойынша үйлестіру кеңесінің көшпелі мәжілісі Айыртау ауданының Лобаново ауылында өтіп, кәсіподақтар профилакториясын ұйымдастыру, үшжақты меморандумға қол қою, жыл сайын тегін медициналық көмек алу, денсаулық сақтау саласында әлеуметтік ынтымақтастықты жандандыру секілді нақты мәселелер шешімін тапты. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі “Парыз” конкурсының өңірлік қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Еңбек қауіпсіздігі, өндірістік жарақаттанушылық көрсеткіштері негізінде мониторинг жүргізіліп, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын қорғау, міндетті әлеуметтік аударымдарды уақтылы төлеу, салалық келісімдерді орындау, еңбек дауларын болжау, болдырмау, азаматтардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері басты назарға алынған. Кәсіподақ орталығының ұсынысымен еңбек жанжалдарын мониторингілеу және шешу жөніндегі жұмыс тобы “СевКазЭнерго”АҚ қызметкерлері жалақысының аздығы туралы есепті тыңдап, еңбекақыға, міндетті зейнетақы жарналарына қатысты бірқатар ескертпелер айтылды. Инвестор-фирмалардың басқаруындағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына жасалатын аударымдардың жай-күйі де қанағаттандыра бермейді. Құрылыс кәсіпорындарында орын алған кемшіліктер тиісті орындарға хабарланды. “Қазақтелеком” облыстық телекоммуникациялар дирекциясы басшылығының есебі тыңдалып, еңбек қауіпсіздігі саласындағы олқылықтар атап көрсетілді.

Бүгінде 5504 кәсіпорынның 96,3 пайызымен ұжымдық келісім жасалып, 840 өндірістік кеңестің құрамында 985 техникалық инспектор тартылған. Үшжақты комиссия отырыстарының бірінде еңбек жанжалдарын мониторингілеу және шешу жөнінде жұмыс тобы хабарламасы тыңдалып, техникалық инспекторларға ішкі қоғамдық тәртіпті ширатып, қоғамдық бақылауды күшейту міндеттелді. Кәсіподақ мүшелері “нөлдік жарақаттану” рейдтеріне, “Халықтық бақылау” акцияларына белсенділікпен қатысады. Бұл бастамаға 118 ұйым қосылды. Ұжым мүшелерінің құқықтық қорғауын қамтамасыз ету мақсатымен облыстық кәсіподақ орталығы жанынан заң клиникасының филиалы құрылды. Онда еңбек даулары мен жанжалдарды соттан тыс бейбіт түрде реттейтін қоғамдық қабылдау, татуластыру орталықтары жұмыс істейді. 480 адамға ақпараттық көмектер берілді. “Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын”, “Үздік ұжымдық шарт”, “Экологияға қосқан үлесі үшін”, тағы басқа аталамдар бойынша “Ақселеу”, “Целинное-2004”, “Молсервис” ЖШС-тері топ жарды. “Үздік еңбек әулеті” аталымында “Партнер-Авто”, “Мұнаймаш”, “Нежинка”, “Жолдасбай-Агро” кәсіпорындары мен шаруашылықтары алдыңғы орыннан көрінді. “Кәсіподақ көмектесті” акциясы аясында 2767 кәсіподақ қызметкері “Солнечный VIP”, “Дискавери Боровое” демалыс базаларында, Щучинский, “Сосновый бор”, “Мойылды”, “Көктем” және т.б. санаторийлерінде емделіп, сауығып қайтты. Оларға 96846100 теңгеден астам қаражат бөлінді.

Кәсіподақ орталығы мен білім басқармасы 2021-2023 жылдарды қамтитын салалық келісімге келіп, нәтижесінде ұстаздар қауымына бірқатар жеңілдіктер жасалды. Осы салада ғана 555 ұйым, 26 мыңнан астам мүше барын ескерсек, мұндай ізгілікті шаралар өз жалғасын табары анық. Жұмыс белгілі бір себептермен тоқтап қалған жағдайда орта мөлшердегі жалақыны сақтау уағдаласылды. Келісімге енгізілген тағы бір шарт – медицина қызметкерлерінің, бухгалтерлердің, үйлестіру бөлімдері жұмысшыларының, кітапханашылардың еңбек демалысын үш күнге ұзарту. Бұдан бөлек, білім беру саласының өкілдері медициналық тексеруден өту үшін енді өз қаражаттарын шығындамайды. Бұған дейін тек 5 аудан ғана медициналық байқау ақысын өтеп келген. Басқа бюджеттік ұйымдарға да міндетті медициналық байқау ақысын жұмыс берушінің есебінен төлеуді қамтамасыз ету туралы ұсыныс түсірілді.

Бір өкініштісі, әлі күнге дейін кәсіподақтың демалыс нысандары жоқ. Бұл мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқырылуда. Әзірге кәсіподақ мүшелері Қазақстан аумағында орналасқан кез келген санаторлық-курорттық демалыс орындарында сауыға алады. Жыл басынан бері 830 мұғалім демалуға мүмкіндік алды.

Азаматтардың лайықты өмір сүруіне барынша қамқорлық жасау, әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен заңнамалық мүдделерін қорғаудың жан-жақты мүмкіндіктерін қарастыру облыстық кәсіподақ орталығының ізгі мақсаты болып қала береді.

Ерік НҰРАҚАЕВ,

облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp