Жақсы ән жаныңды жадыратып, көңіліңді көкке көтереді. Әсем ән мен тәтті күйді бала кезден құмарта тыңдап, көкірегімізге тоқып өстік қой. Тағдырын ауылмен байланыстырып, ұлттық мәдениетіміздің дамып, өркен жаюына бір тынбастан тынымсыз еңбек етіп жүрген өнер иелерінің бірі – Гүлбаршын Рәзиева.
Өнер иесінің жалпы еңбек өтілі – 41 жыл, оның 31 жылын ұлттық төл өнеріміздің дамуына, шәкірттер тәрбиелеуге арнап келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде тұлымшағы желмен жарыса желбіреген шынашақтай қыз әсем даусымен ұстаздарын елең еткізген. Оның өнерге деген сүйіспеншілігі, айрықша іңкәрлігі – бойына анасының ақ сүтімен дарыған қасиет. Түрлі деңгейдегі байқауларда ауданымыздың намысын қорғап жүрген ол бүгінде жамбылдықтардың мақтанышына айналған.
“Ауданда отау тіккен “Мерей” ансамблінің құрамында 30 жыл ән шырқадым. Домбыра тартып, гитарада ойнамағаныма он жылдың жүзі болыпты. Бүгіндері вокаль сабағынан ұстаздық етіп жүрмін. Ондағы басты мақсатым жас өскіндердің музыкалық қабілеттерін ояту, ән айту машықтарын қалыптастыру, сахна мәдениетіне үйрету. Республикалық, өңірлік байқаулардың жеңімпаздары атанған шәкірттерім аз емес. Ән мен биді егіз ұғымдай көремін. Сондықтан балаларды билеуге де баулып, бағыт-бағдар беріп отырамын”, – дейді Гүлбаршын Рәзиева.
Бүгінде аудандық Мәдениет үйінің қазақ мәдени орталығының әдіскері болып қызмет атқаратын Гүлбаршын Бәкенқызы биыл “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды. Егемендіктің елең-алаң шағынан бері – 30 жыл бойы бірде-бір мәдени іс-шаралардан қалыс қалып көрмеген оның талантты ұйымдастырушылық қабілеті өз алдына бір бөлек. Оның аузынан шыққан қарапайым сөздің өзі сырлы қасықтай өзгеріп, әсерленіп шыға келеді. Жүзіндегі имандылық, мінезіндегі ибалық, көзіндегі нұр, жүріс-тұрысындағы ізеттілік, көрікті келбеті, ал тал бойына ұлттық киім киіп алса, сахнаның нағыз гүлі дерсің. Бәрінен де ешкімге ұқсамайтын бұлбұл үнін, тамылжыта салған әнін айтсаңшы! Тыңдаушысын асқақ әуенге ілестіріп, қиялыңды шарықтатып әкетеді.
Талант иесі Шымкенттегі өнер институтын бітірген соң 1990 жылы жолдамамен Гүлтөбе-Маманай өңіріне табан тіреген. Сол кездегі аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, “сегіз қырлы, бір сырлы” өнерпаз Дәстен Баймұқановтың ұйымдастыруымен “Мерей” әншілер ансамблі құрылып, Гүлбаршын “бас әнші” атанады. Облыстық қазақ өнерінің тұңғыш фестивалінде “Еркем-ай” әнін тамылжыта орындап, лауреат атағын иеленеді. Бүгінде ауданымызда ұйымдастырылатын әжелер байқауы, қеліндер, қыздар сыны сияқты ұлттық сыр-сипаты мол сайыстар, салт-дәстүрлер көріністері, концерттік бағдарламалар Гүлбаршын Рәзиеваның қатысуынсыз өтпейді.
Игілік РАХМЕТОВ.