Петропавлда полицейлер «Заң және жасөспірім» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында үш күн рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Заң және жасөспірім» операциясының басты мақсаты – жасөспірімдер арасында қылмыстар пен құқық бұзушылықтардың алдын алу. Іс-шараға білім беру, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия өкілдері және волонтерлер қатысты.
«Жыл басынан бері 95 қолайсыз отбасы есепке қойылды. Жалпы, қазір қалалық полиция басқармасында 144 отбасы есепте тұр. Олармен профилактикалық жұмыс жүргізіледі. Бір күнде тұрмысы төмен 82 отбасы тұрғылықты жері бойынша тексерілді», – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.
Іс-шара аясында ювеналды полиция қызметкерлері күн сайын жасөспірімдердің көп шоғырланатын жерлерінде және көңіл көтеру орындарына рейдтер өткізді. Жалға алынған пәтерлер, дәмханалар, компьютерлік клубтар, сауда үйлері – сағат 23.00-ден кейін осы орындар құқық қорғау органдарының ерекше назарында болады. Рейдтік іс-шараның бірінші күнінде қызметкерлер түнгі қалада жүрген кәмелетке толмаған 13 баланы үйлеріне қайтарды.
Профилактикалық іс-шара барысында мектептерде «Кәмелетке толмағандардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі», «Бейтаныс адамдармен қарым-қатынас ережелері», «Жол қозғалысы ережелері», «Қазіргі заманғы жанұядағы құндылықтар», «Үйден рұқсатсыз кету және олардың себептері» тақырыптарында дәрістер мен әңгімелер өткізілді.
Жыл басынан Петропавлда 789 заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 65-і – балалардың спирттік ішімдіктерді ішкені, 33-і – көңіл көтеру орындарында болғаны, 528-і – тұрғын үйден тыс жерде түнгі уақытта жүргені үшін жазаланды.
https://www.inform.kz/