«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕЙІТ БАСЫНДАҒЫ ОҚИҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Алматыда университетте оқып жүргенімде жергілікті студенттердің кейбірі менен “Қытайлар бақа-шаян жейді екен ғой, ә?” деп сұраулы көзбен қарайтын. Ондағысы “Сендер де жемейсіңдер ме?” дегенді астарлап жеткізгені еді.

 Осы сөзден кейін ата-бабасынан бері Шығыс Түркістанды мекен етіп келе жатқан қазақтар жайлы әңгіме өрбітуге тура келетін. Сөйтіп, олардың құрт-құмырсқа емес, базардағы дүкендердің өзінен ет сатып алмайтынын, “аллаһу әкпар” айтпай сойылған төрт түліктің етін жемейтінін, салт-дәстүрді әлі күнге дейін берік ұстанып келе жатқанын тізбектеп ай­тып беруші едім. Бірде қытай ұл­тының пұтқа табынатыны жайлы сөз болды. Бұл жолы да күмән болмасын деп бала кезде көрген бір уақиғаны баяндап бердім. Қытайлардың қайтыс болған адамын жер қойнына беру рәсімі біз­ден мүлде басқаша екенін бір жолы мал бағып жүріп көріп қалғанымыз бар.

Ақтүбек деп аталған қазағы қалың шағын ауылда қазақ, ұйғыр және дұңғаннан басқа оншақты қытай отбасы тұрды. Әкемнің айтуынша, олардың мұнда келгеніне көп болмапты. Аумалы-төкпелі заманда ішкі Қытайдан Шыңжаңға жаппай қоныс аударғандардың бір шоғыры біздің ауылға түскен көрінеді. Ұлттың саны аз болған сайын тез бейімделгіш келеді-ау, сірә, олар балаларын шетінен қазақ мектебіне беріп, өздері де қазақшаға жеттік боп алған. Тұрмыс тіршілігімізге әбден қанық олар той-томалақтан да қалмайтын. Қазақтың кеңпейілділігі мен қолы ашықтығын жақсы біледі. Біздің дәстүріміз оларға, олардың киім киісі, жүріс-тұрысы бізге қызық болып көрінетін, әйтеуір. Шақырмасаң да той-думан болып жатқан жерге өздері келетін. Онысы бір өзеннен су ішіп, бір жерде тірлігін көріп жатқаннан кейін тезірек сіңісіп кетейік дегені шығар, кім білсін? Қонаққа шай-қант және азын-аулақ ақшалай сыйлығын қоса ала келетін. Басында бір-екеуі қорасына шошқа асыраған, кейін көршілердің ауаны ластадыңдар деген уәжінен кейін көзін құртты. Кейін оның орнына мал өсіріп, сөйте-сөйте сүр етті сүйсініп жейтін болып алды. Кейінгі жылдары жағдайы келгені қыста қазақтар сияқты соғым союға көшті. Сөйтіп, аз ғана қытай отбасы қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып кетті.

Біздің үйден қозыкөш жерде тұратын жалғыз басты қытай шал сол кездің өзінде сексеннің сеңгіріне шыққан. Ас-ауқатын өзі істеп, киім-кешектерін өзі жуатын қарттың қажырлылығына тәнті болушы едік. Үйде бір жұмысты тындырымды істей алмай қалсақ шешеміз: “Ана жалғыз басты қытайдай болмадыңдар ғой” деп сөгетін. Ол тіпті құр жатпай мектеп маңында шемішке, алма сынды ұсақ-түйек сатумен айналысты. Үлкен-үлкен екі бамбук себетке заттарын салып алып, төрт шақырымдай жерді жаяу өту осынша жасқа келген адамға оңай емес еді.

Зайыбының қай кезде қайтыс болғаны белгісіз. Біз мал жаятын таудың етегіндегі зиратта осы шалдың кемпірі жатыр дейтін білетіндер. Бала күнімізде сол жалғыз бейіттен өлердей қорқушы едік. Себебі әр жылы көктемде қаладан шалдың балалары, туысқандары келіп, бейіт басына неше түрлі тамақ, арақ-шарап әкеліп ыдысымен қойып кететін. Үлкендер: “Бейіттің ішіндегі адам тірі, түнде сыртқа шығып, қойып кеткен тамақтарды жейді” – дегеніне біздер кәміл сеніп, оны анадайдан айналып өтетінбіз. “Қорыққанға қос көрінер” дегендей, апақ-сапақта сол маңда әлдене қорбаңдап жүргендей болатын. Мал бейіттің айналасына бара қалса, оны зәреміз зәр түбіне жете айдап алыстатып әкететін едік. Сөйтсек, үлкендер бізді бейітке жақын ойнамасын деп әлгі сөзді әдейі айтады екен ғой.

Арада біраз жыл өтті. Қар еріп, жер енді ғана дегди бастаған кез. Бір күні үркердей топ табыт көтеріп сайды өрлеп бара жатты. Шамасы әлгі шал қайтыс болған-ау. Мал қайырып жүрген сыңай танытып, марқұмды қалай жерлейтінін байқамақшы болдық. Бұрынғыдай емес ес тоқтатып, ересектердің үрейлендіргеніне селт етпейтін болғанбыз.

Төбе басына шықсақ, қытайлар ескі бейіттің топырағын бұрқыратып қопарып жатыр екен. Досым: “Пәлі! Мыналар не істеп жатыр? Ескі бейітті о заманда бұ заман қайта аша ма екен?” – деп жағасын ұстады. “Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа” дегенді естімеп пе ең?” – дедім мен таңғалысымды жасырған болып. Қойды таудың бөктеріне қарай қайырып тастадық та, жау аңдыған әскердей кішкене төмпешікке екпеттей, басымызды ғана қылтитып жата кеттік. Үлкендері қабірдің ішінен ағаш табытты алып шығып шетке таман қойғаны сол екен, кейбірі дауыс салып аз-кем жыласып алды. Орнын тазалап кеңірек етіп қазды да, енді екі табытты қатарлап қойды. Содан соң қос табыттың үстіне үлкен ғып топырақ үйіп, төменгі жағынан суырдың ініндей ғана кішкене тесік қалдырды. Әйелдер жағы боз жусанның үстіне дастарқан жасап, барлығы астан дәм татты. Жаңа үйілген жас топырақтың үстіне жағалата гүл шоқтарын қойып, жаңағы қалдырып кеткен кішкене тесіктің аузына қағаз өртеді. Содан кейін желінбей қалған ас-тағамдарды тесіктің аузына ыдысымен тізіп қойды да, келген бағытына қарай тым-тырақай қаша жөнелді. Көрер көзге тым ерсі көрінетін олардың мұнысына қайран қалдық. Сөйтіп көп жылдар бойы жермен-жексен болып жатқан кемпірдің жалғыз бейіті шалдың сүйегін қасына ала жаңаланды. Енді бұрынғы көлемі өзгеріп үлкен төмпешікке айналды.

Бойын үрей билеген досым бұдан ары қарауға шыдамы жетпей жүруге айналды. Екеуміз мал жаққа беттедік. Олардың өлген адамды жерлей сала қайтуға асығуының мәнін білуге асықтым. Үйге келгесін көрші қытайдың дүкеніне зат алғалы әдейі бас сұқтым. Сұрасам бұл өздерінің діни нанымдары бойынша жасалатын рәсім екен. Өлген адамның бойындағы рухы анау кішкене тесіктен ұшып шығып, қойып кеткен тамақтан ауыз тиіп, табытқа қайта кіреді. Ал рухты өзімен бірге ілестіріп алған адам түбінде жаман ауруға тап боладымыс. Табыттан шыққан рух тірі адамдармен ілесіп кетпеуі үшін тесік аузына қағаз өртейді екен.

Кейін атажұртқа ат басын бұрдым. Арада біраз жыл өтті. Кіндік қаным тамған жерге бір барғанымда өзім қозы қуып, қой баққан даланы шолып шыққаным бар. Кезінде биік жотаның төбесіне шығып алып, жусанның бұрқыраған иісін құшырлана жұтып, шалқамыздан жатып көз шырымын алушы едік. Сол күндер келмеске кеткендей. Оңай-оспаққа құри қоймайтын жусанның өзі де андыздап көрінеді. Көктем мен жазда көгеріп жататын бөктер бұл күні ажарынан айырылған қарттай боп-боз. Айналаға байыппен көз жүгірттім. Тау етегіндегі жалғыз қабір әлі тұр. Бір таңғаларлығы, сол қорым тіптен биіктеп кеткендей көрінді.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp