«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ТАРИХЫНДАҒЫ БІРЕГЕЙ БЕЛЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қадам басқан Қазақстан үшін 2011 жыл саяси оқиғаларға толы болды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі ұзарып, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметіне ресми кірісуіне орай салтанатты Ұлықтау рәсімі өтті. Ел тарихында халықаралық деңгейдегі айтулы шаралардың бірі – VII Қысқы Азия ойындарының алатын орны ерекше. Ауқымды доданың салтанатты ашылуы елордадағы “Астана-Арена” ала­ңында ұйымдастырылды.  Құрлықтық жарыста Қазақстан 32 алтын, 21 күміс, 17 қола медальды жеңіп алып, командалық бірінші орынды иемденді. Бұл ел мерейін арттырған, елімізде спорттың оң бағытта дамып келе жатқанын дәлелдеген айшықты оқиға ретінде тарихқа енді.

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Дүниежүзі қазақстарының IV құрылтайы болып өтті. Оған әлемнің 35 елінде тұратын қандастарымыз сағынышты сәлемін арқалап келді. 2011 жылдың ең айшықты оқиғасы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойы еді. Еліміз ең айшықты мерекені лайықты көрсеткіштермен қарсы алды. Бұл жетістік, ең алдымен, әрбір қазақстандықтың қажырлы еңбегімен туған елдің гүлденуіне өз үлестерін қосуының нәтижесі. Солтүстік Қазақстан облысы да экономика мен әлеуметтік салада орасан зор табыстарға қол жеткізді. Облыстың дамуы Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы, мемлекеттік және өңірлік салалық бағдарламаларда көрсетілген әлеуметтік-экономикалық басымдықтарға сәйкес жүзеге асырылды.

2011 жылы облыстағы тұрғын­дар саны 584,2 мың адам болды. Қаңтар-қараша айлары аралығында 7886 сәби дүние есігін ашты. Өңір тұрғындарының шығындары құрылымындағы барынша жоғары үлес салмақ тауар сатып алу мен қызмет төлемдеріне жұмсалды. Орташа айлық еңбекақы 60315 теңгеге жетті. Облыстағы тауар мен қызметтердің тұтыну нарығындағы бағалары 8 пайызға өсті. Азық-түлік тауарлары тобы­нан тамақ өнімдері және алкогольсіз сусындар 8,4, алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдері 2 пайызға қымбаттады. Ет бағасының өсімі шұжық өнімдерінің және еттен жасалған тағамдар бағасының өсуіне басты себеп болды.

Ынтымақ-бірлікті ту етіп ұстанған облыс еңбеккерлерінің еншісіне республика бойынша өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің 12 пайызы тиді. Облысымыз егіншілік мәдениетін көтерудің арқасында көршілес Қостанайды артқа қалдырып, республикада ең бірінші орындағы астықты аймаққа айналды. Гектар түсімі 22,7 центнерден айналып, облыс бойынша рекордтық өнім – 8,8 миллион тонна астық жиналды. Аграрлық секторда дамудың жаңа кезеңі басталды. Рекордтық өнім жинай отырып, біз елдің Тәуелсіздік тойына толағай табысты тарту еттік. Мал шаруашылығы бойынша бүкіл посткеңестік кеңістікте ет өнімдерін экспортқа шығаруда бастылардың біріне айналуымызға мүмкіндік берген жаңа жобалар жүзеге асырылды. Озық технологияға негізделген жаңа іргелі кәсіпорындар іске қосылды. Солардың қатарында Мемлекет басшысы тұсауын кескен Есіл ауданындағы “Егін” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұн үгу-макарон цехы, Жамбыл ауданындағы “KID Trade” кәсіпорнының осы заманғы элеваторы бар. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылып, индустрияландыру картасына 24 тың жоба енгізілді. Соның 18-і жүзеге асырылды. Сонымен қатар Аққайың ауданында 320 бас малға арналған сүт және астық қабылдау кешендері, Айыртау және Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда қуаттылығы 60 мың тонна астық сақтау ке­шені, Қызылжар ауданында 440 бас малға арналған тұқымрепродуктордың құрылысы жүргізіліп, тағы басқа жобалар іске қосылды. 2011 жылы облыс өнеркәсібі сер­пінді дамып, өсім 103,7 пайызды құрады. Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 77,1 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Облыстың өнеркәсіп өндірісі көлемінде барынша жоғары үлесті алатын өңдеу өнеркәсібінің кәсіпорындары үздік қарқынмен жұмыс істеді.

Үдемелі индустрияландыру, экономиканың жаңа салаларының пәрменді дамуы және жаңа өндіріс орындарының іске қосылуы қосымша жұмыс күшін талап еткені жасырын емес. Бұл ретте мамандарды қайта оқыту керек болды. “Жұмыспен қамту – 2011” мемлекеттік бағдарламасы қабылданған күннен бастап өзінің тиімділігін көрсетті.   Бағдарламаның бірінші бағыты – “Өзін-өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және аз қамтылған тұрғындарды оқыту және еңбекке орналастыруға жәрдемдесу” қанатқақты жобасы жүзеге асырылды. Соның нәтижесінде бес мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Облыс бойынша тіркелген барлық жұмыссыздардың саны 30 пайызға кеміді. 2011 жылы 15,5 мың жаңа жұмыс орны құрылды.

2011 жылы тұрғын үй құрылысы бағдарламасының шеңберінде 23 мыңнан астам шаршы метр коммуналдық баспана тұрғызылды. Бұлар Петропавл қаласындағы көппәтерлі 2 жаңа үй мен Жамбыл, Ғабит Мүсірепов атындағы және Тайынша аудандарындағы баспаналар еді. Жергілікті бюджет қаржысы есебінен облыстың бес ауданында тоғыз үй пайдалануға берілді. Тұрғындардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтары – ардагерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, бюджеттік сала қызметкерлері баспанамен қамтамасыз етілді.

Өркениетті мемлекеттегі аса ма­ңызды қоғамдық саланың бірі – медицина. Мемлекеттің басты байлығы саналатын халықтың денсаулығы – оның толыққанды ел екендігінің  басты көрсеткіші. 2011 жылы ауылдық жерлерде емхананың жетіспеушілігі, білікті мамандардың тапшылығы, материалдық-техникалық базаның әлжуаз жарақтандырылуы жиі көтерілгенімен бұл мәселелердің оңтайлы шешілуіне бетбұрыстар жасала бастады. Медицина саласына 12,5 млрд. теңге бөлінді.  Ауылдық жерлерде ауруханалар салу қарқыны сақталды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда емханасы бар 100 орындық диспансер ашылды. Дәл осындай диспансер Жамбыл ауданының Пресновка ауылында да бой көтерді. “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге 42 жас дәрігер келді. Медицинаның ең соңғы талаптарына сай келетін заманауи компьютерлік томограф алынып, қалалық перзентхана осызаманғы медициналық құралдармен толық жарақтандырылды.  №3 қалалық емхананың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Тәулігіне 500 адамды қабылдауға арналған медициналық кешенде орнатылған бірқатар аппараттар Австрия, Корея, Қытайдан жеткізілді. Үш ультрадыбысты зерттеу аппараты және хирургтің қосымша бөлмесіне қойылған шағын ота жасауға арналған көпфункциялы кереует науқастардың дер кезінде әрі сапалы ем алуына септесті. Петропавл қаласында жобалық құны     1 миллиард 850 миллион теңгені құраған типтік үлгідегі қан орталы­ғы салынды. 600 миллион теңгеден астам қаржыға барлық әлемдік стандарттарға сай келетін медицина жабдықтары алынып, қан дайындаудан бастап, бүкіл жұмыстар автоматтандырылған әдіспен орындалатын болды. Тіркеуден бастап, дайын өнімді беруге дейінгі жұмыстардың барлығы толығымен компьютерлендірілді.

Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай “20 игі іс” акциясы барысында Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылындағы медициналық қосынға физиокабинет тарту етілді. Кардиологиялық қызмет үшін 3 медициналық қондырғы сатып алынды. Ауылдық жерлердің тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында 2011 жылы алғаш рет көшпелі дәрігерлік бригадалар жөнінде жоба енгізілді. Өйткені еліміз бойынша онкологиялық ұйымдардың материалдық-техникалық базасының жеткіліксіздігі, диагностиканың кеш жасалуы, аталмыш аурулардан емделудің инновациялық әдістеріне қол жеткізу мүмкіндігінің төмендігі тұрғындардың қатерлі ісік аурулары салдарынан өлімнің негізгі себебі болды.

Тағы бір маңызды мәселе – нәрестелердің шетінеуі. Облыста 2011 жылы бұл көрсеткіш 21 пайызға, ана өлімі 24 пайызға азайды. Демографиялық жағдайды жақсарту және өңірдегі бала тууды ынталандыру үшін “Ұрпақ қоры” бағдарламасы әзірленді. Аталмыш бағдарламаның шапағаты ма, әлде Алланың берген сыйы ма, облыстық перинаталдық орталық ашылғалы жиырма жылдың ішінде бірінші рет өңірде төртем дүниеге келді. Бақытты отбасына облыс басшылығы тарапынан үш бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді.  2011 жыл мектепке дейінгі мекемелердің көптеп бой көтеруімен де есте қалды.  Солардың бірі – Бескөл ауылындағы “Мирас” бөбекжай-балабақшасы. “Балапан” бағдарламасы аясында салынған жаңа нысан 280 орынға шақталды.

Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанып, ескіміз жаңарып, көнеміз жаңғырды. Әрі батыр, әрі әулие Құлсары бабамызға мазар тұрғызылды. Жалғызтаудың құбыла жағындағы бір жотада елеусіз қалған бейіт басына түнеушілер Тәуелсіздігіміздің тізгіні қолға тиісімен бұрынғыдай бұқпантайлауды қойды. Сонымен қатар бабаларымыздың артына қалдырған асыл мұрасы халқымен қайта қауышты. Қазақ халқының ана сүтімен даритын туған тілі, ұлттық болмысы, үлгі-өнегесі мол салт-дәстүрі, рухани және әдеби мұрасы, өзге де құндылықтары жандана бастады. Кеңес өкіметі тұсында саяси-қуғын сүргіннің құрбаны болған алаштың ардақтысы – халқымыздың ұлы перзенті Мағжан Жұмабаевтың есімі қайта жаңғырып, шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау қолға алынды. Соның нәтижесінде “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған” атты І республикалық өнер фестивалі өтті. Өңірде өзге де рухани-мәдени шаралар көптеп ұйымдастырылып, мемлекеттік тілдің дамуына зор мән берілді. Ең бастысы өңір жұртшылығы ел тарихындағы бірегей белес Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесін жарқын жетістіктермен, жаңа жобалармен, игі бастамалармен қарсы алды. 

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp