Қазақстан Ұлттық банкі 2021 жылдың 30 қыркүйегінен бастап валюта бағамдары мен базалық мөлшерлеме бойынша электрондық анықтамалар беру қызметін қанатқақты режімде іске қосты. Жүйе мемлекеттік органдарға, жеке және заңды тұлғаларға арналған. Ол қызметті Қазақстан Ұлттық банкі веб-порталының “Электрондық анықтамалар” бөлімінен алуға болады.
Сервис статистикалық деректерді ұсыну процесін жеңілдетіп, электрондық анықтамаларды алу мерзімін айтарлықтай қысқартады. Егер осыған дейін қағаз жүзіндегі ақпаратты алу үшін орта есеппен екіден бес жұмыс күніне дейін уақыт кетсе, жаңа жүйе қажетті анықтаманы сол мезетте ұсына алады.
Жаңа сервистің көмегімен пайдаланушылар мынандай мәліметтерді ала алады:
– таңдалған күнге немесе кезеңге ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты күнделікті ресми бағамы бойынша анықтама;
– ұлттық валютаның шетел валюталарына қатысты ресми бағамы бойынша бір айдағы орташа анықтамасы;
– таңдалған күнге немесе кезеңге Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемесінің (қайта қаржыландырудың ресми мөлшерлемесінің көлемі туралы анықтама;
– белгілі бір күнге белгіленген шетел валюталарының ұлттық валютаға ресми бағамдары туралы ақпараттық хабарлама.
Электрондық анықтамаларды алу үшін веб-порталда тіркелу міндетті емес, олардың түпнұсқаға сәйкестігі құжаттағы QR-кодпен расталады.
Сервис статистикалық ақпаратты алудың қосымша әдісі екенін ескерген жөн. Жеке және заңды тұлғалар бұрынғыдай заңнамамен белгіленген мерзімде қағаз жүзінде анықтама алу үшін Қазақстан Ұлттық банкіне жүгінуге құқылы.
Электрондық анықтамаларды беру кезінде валюта бағамдары бойынша ақпарат 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Ұлттық банкінің оларға қатысты теңгенің ресми бағамын белгілейтін шетел валюталары бойынша күн сайынғы және ай сайынғы негізде қолжетімді болып табылады. Базалық мөлшерлеменің көлемі туралы деректер 2001 жылдың 1 қаңтарынан бастап беріліп келеді.
Барлық қосымша анықтамалар бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің Солтүстік Қазақстан филиалына 55-15-27, 55-15-41, 55-15-42 телефондары арқылы немесе Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 6 мекенжайы бойынша жүгінуге болады.
Юлия СТУПИНА,
Қазақстан Ұлттық банкі Солтүстік Қазақстан филиалы экономикалық талдау және статистика бөлімінің бас маманы-экономисі.