«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ ИДЕЯСЫ — ТӘУЕЛСІЗДІК МҰРАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қанша зерттелді десек де, қазақ тарихының “ақтаңдақ” тұстары әлі көп.  Ол жөнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында: “Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек”, – деп алда атқарылатын міндеттерді айқындап берген болатын.

Әсіресе дербес ұлттық мемлекет құруды мұрат тұтқан, алты Алаштың айбынына айналған ірі тарихи тұлғалар жайлы деректер жеткілікті бола тұра олардың ел тұтастығын сақтау жолындағы ұстанымы, бағыт-бағдары, қазақ халқын тәуелсіздікке, азаттыққа үндеген идеясы мен жүргізген кемел саясаты түрлі бұрмалаушылықтарға ұшырады. Ұлт басына орнаған қиын кезеңде, аласапыран уақытта, тұтас халық жойылып кететіндей қауіп төнген нәубат тұста алмас қылыштай жарқылдаған, оттай жалындаған күш-жігерлерін, ақыл-ойларын, саналы ғұмырларын аз күндік мақсатқа, арзан атақ-даңқ алуға, қайырсыз байлық-дәулет табуға емес, ұлтқа қызмет ету деп аталатын мәңгілік арманға жұмсаған, табиғатынан асыл туған тұлғалар туралы көбіне атүсті, елеусіз ғана айтылып,  жан-кешті еңбектеріне лайықты баға берілмеді. Қазақ халқының тарихында есімдері алтын әріппен қашап жазылуы тиіс ер оғландардың есімдері тасада қалып, өз деңгейінде  ұлықталмады.

Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана Алаш ұғымы құндылық ретінде орнығып, тұтастық, бірлік деген айшықты мәнге ие бола бастады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Алаш” партиясының 90 жылдығына арналған конференцияда:  “Алаш үкіметі жаңа тұрпатты қазақ мемлекеттілігінің бастауына айналды. 1991 жылы құрылған тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – сол арыстардың асыл арманының жүзеге асуы. Біз Қазақстанның тәуелсіздігі мен тұтастығы үшін күрескен азаматтарды ерекше қадірлей білуіміз керек. Осы ретте Алаш арыстарының аманатына адалдық танытып, мемлекетімізді нығайтып, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз”, – деп  тарихи бағасын берген еді. Осыдан-ақ Алаш қозғалысы жасампаздықтың көшбасшы даму бағыты ретінде қалыптасқанын аңғаруға болады. Облыстық әкімдік, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві және М.Қозыбаев атындағы университет бірлесіп, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында “Солтүстік Қазақстан және Алаш ” деген тақырыппен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны Қызылжар өңірінде ұйымдастыруы рухани-мәдени саладағы ерекше оқиға ретінде есте қалары даусыз. Елордамыздан, Алматыдан белгілі тарихшылар, ғалымдар, зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, ел ағалары арнайы келіп, “Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы” Жарлық негізінде ұйымдастырылып жатқан іс-шаралар жұртшылық назарына жеткізілді. Алғашқы күні Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада айтулы ғалымдар: Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Дихан Қамзабек, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов, Мемлекет тарихы институтының директоры Еркін Әбіл, “Алаш” ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан-Хан Аққұлының қатысумен өткен брифингте Алаш қозғалысының дамып, кемелденуінде Қызылжар өңірінің орны бөлек екені айтылды. Қазақстан тарихының жаңа тұжырымдамасы, ұлттық идеяларды іске асыру жайлы ойларымен бөлісті. Осында белгілі жазушы, қоғам қайраткері Жарасбай Сүлейменовтың “Дара жол” кітабының тұсаукесері өтті. Тағылымдық мәні зор зерттеу еңбекті қоғамдық, елге қызмет етудің, басшылықтың, барлық деңгейінде іскерлікпен көзге түсіп, халқының тірегі мен жүрегі, бағы мен бақыты бола білген Барлыбаевтар әулетінің шежіресі десе де болады. Осы күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, қадірменді ақсақал Жандарбек Мәлібекұлының студенттер алдында оқыған дәрісі, бұдан бөлек, облыс орталығындағы №25, 2 мектептерде өткен кездесулер өте әсерлі болды. Жандарбек Мәлібекұлына ғылыми кеңестің шешімімен “М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің құрметті профессоры” атағы берілді.

Екінші күні мәртебелі меймандар Жамбыл ауданына сапар шегіп, Барлыбаевтар әулетіне арналған мазардың ашылу салтанатына қатысты. Биіктігі 12 метрлік кесене алыстан көз тартады, ұрпақтарының қаражатына тұрғызылған. Облыстың құрметті азаматы Болат Сағындықов, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, Әлти қажының ұрпағы Аймағамбет Барлыбаев өз сөздеріне 18 ғасырда өмір сүрген атақты бай Барлыбай Шәукерұлының көзі ашық, көкірегі ояу азамат болғанын, балаларының барлығын еңбекке баулып, білім алуларына жағдай жасағанын, одан тараған Тәбей, Итемір, Қожахмет, Тәшмұхамед, Күзембай, Әлти, Сәдуақас, Сейітахмет – қай-қайсысы болсын өз заманында ел билеп, халқына қамқоршы бола білгенін, бүгінгі ұрпағы аталарының жолын жалғастырып, өрелі істер тындырып жатқандарын арқау етті.

Бұдан кейін жұртшылық Әлти байдың қыстауы орналасқан қонысқа келді. Осы жерге орнатылған ескерткіш белгіде: “1918 жылдың шілдесінде Әлти қажының қонысында Алаш Орданың ұйымдастыруымен Қызылжар және Көкшетау уездерінің 22 болыс өкілдерімен үлкен жиналыс болған. Жиын Алаш әскерін құру мәселесін қарастырды. Оған Міржақып Дулатов, Ережеп Игібаев, Айдархан Тұрлыбаев, Қази Торсанов, Салмақбай Күсемісов, Жұмағали Тілеулин, Ерқосай Мұқышев, т.б. қатысқан” –   деген жазу бар. 

“Алаштың басын қосқан бұл мекенде,

Әлти бай дәурендеген қыстау салып.

Сәдуақас, Сейітахмет жұрттан асқан,

Жасынан жақсылардан білім алып.

Малы өсіп, бағы өрлеген бейғам елді,

Жауыздар жер аударған жала жауып,

Қопарып тамырымен кеңестіктер,

Қуыпты мал мен мүлкін тонап алып!!!”, – деп жазылған шумақтар да көзімізге оттай басылды.

“Қаhармандар” республикалық қоғамдық ұйымының президенті, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау мемлекеттік комиссиясының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Қасымов, генерал-лейтенант, тарих ғылымдарының докторы Абай Тасболатов, Жамбыл ауданының әкімі Марат Ескендіров, белгілі кәсіпкер Жомарт Омаров осынау тарихи сабақтастықтың Қызылжар төрінде жалғасуы Тәуелсіздіктің арқасы, бабаларымызға деген ерекше құрметтің белгісі екенін жеткізді. Алдағы уақытта бұл жерде мемориалдық кешен орнатылып, этноауыл бой көтермек.

Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада өткен “Солтүстік Қазақстан және Алаш” халықаралық ғылыми-теориялық конференцияны облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов жүргізіп отырды. Ол өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың құттықтауын оқып берді. Құттықтау хатта: “ХХ асырда халқымыздың басынан өткен трагедияларға себеп болған жағдайларды бәріміз анық білуге тиіспіз. 1929-1933 жылдары екі миллионға жуық адам қаза тауып, бір миллиондайы елден кетуге мәжбүр болды. Қазақстан аумағында қуғын-сүргінге ұшыратқан және олардың отбасы мүшелерін қатыгез жайтқа душар еткен 11 лагерь құрылды. Алаш Орда қозғалысына қатысқан қоғам қайраткерлерінің көпшілігі 1937-1938 жылдары зардап шекті. Конференцияны өткізу ғылыми-практикалық саладағы маңызды және өзекті оқиға болып табылатынына, аталған тақырыпты ғылыми зерттеу ісін жақсартуға үлес қосатынына сенімдімін”, –  делінген.

“Қызылжар өңірінің Алаш Орда қозғалысынан шет қалмағанын көне мұрағаттардан, таррихи шығармалардан білеміз. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов “Өмір мектебі” ғұмырнамалық трилогиясының бірінші томында қазіргі Жамбыл ауданының Аққусақ болысында Алаш Орда басшыларының ұйымдастыруымен өткен үлкен жиынды сипаттайды. Онда большевиктердің қаупінен құтылу үшін Алаш Орда милициясын құру, оған қазақтан жігіттер алу мәселесі қаралды. 

  Жерлестеріміз Мағжан Жұмабаевтың, Смағұл Сәдуақасовтың, Жұмағали Тілеулиннің, Абдолла Байтасовтың Алаш қайраткерлері ретінде қуғындалғанын мұрағат деректерінен, жергілікті өлкетанушылардың зерттеулерінен білеміз. Әлі де лайықты бағасын алмаған тұлғалар аз емес. Оларды ақтау, өскелең ұрпаққа үлгі ету – асыл парызымыз. Ел тарихындағы “ақтаңдақтарды” жария етуге арналған шараларға облыстық әкімдік әрдайым қолдау көрсетеді”, – деді өз сөзінде Ғани Сақтағанұлы.

Алқалы басқосуда тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің профессоры Зарқын Тайшыбай, сондай-ақ Zoom платформасы арқылы Ресейдің, Қырғызстанның, Түркияның ғалымдары мен тарихшылары, тағы басқалары сөз сөйлеп, Тәуелсіз Қазақстан қоғамы, оның ғылыми-шығармашылық күші Алаш мұраты мен мұрасына адал екендіктерін, бұл бағытта зор жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді. 2008 жылы Үкімет “Алаш” қозғалысы жайлы арнайы қаулы қабылдап, Алаштану мен Алашты насихаттауға байланысты жоғары деңгейдегі ғылыми жиындар жүйелі түрде өткізіле бастады. Жинақтар мен монографиялар әзірленді.  “Алаш” энциклопедиясы құрастырылды. Ұзақ жылғы ізденістердің арқасында алаштың ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың 15 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. Алашқа тікелей қатысы бар өңірлерде алаштану орталықтары ашылды.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық оңалту жөніндегі облыстық комиссия жұмысы аясында “Жас Азамат” және “Жұмағали Тілеулин” жинақтары басылып шықты. Алғашқы кітапта М.Жұмабаев, Ж.Тілеулин, Қ.Кемеңгерұлы, С.Сәдуақасов, Б.Малдыбай, Ә.Айсарин, тағы басқа тұлғалардың рөлі көрсетілген. Олардың қатарына “Дара жол” зерттеу еңбегі қосылып отыр. Конференцияда 20 ғасырда Алаштың орталығы Петропавл қаласы болғанын дәлелдейтін деректер де келтірілді. Шараның басты құндылығы сол, жерлестеріміздің ел мүддесі жолында жасалған ерен ерліктері мен еңбектерін жас буынға жеткізу. Баяндамалар әсерлі де мазмұнды шықты. Бүгінге дейін есімдері ескерусіз қалып, арагідік қана аталатын қызылжарлық тұлғалардың өмірдеректері алға тартылды. Жекелеген аймақтарда Алашорда үкіметінің ұстанған бағыт-бағдарын дұрыс түсінген адамдар аз болған жоқ. Олардың басым бөлігі қоғамның орта және ауқатты бөлігінен шыққан. 1917-1918 жылдардағы революциялық өзгерістер тұсында Алаш қозғалысы ұстанымын қолдаушылардың бірі – Барлыбаевтар әулеті өте-мөте белсенділік көрсеткен. Алаш жасағына ат-көлік үшін жылқы жинау шараларымен айналысқан. Бұл жұмыстың бел ортасында Сәдуақас жүрген. Алашорда үкіметінің мақсат-мұратын жұртшылыққа кеңінен түсіндірген. Оның қазақ зиялыларын қолдап, олардың қазақтарға бостандық әпереміз деген ұлтжандылық патриоттық сөздеріне имандай сенуі нағыз алашордашыл екенін көрсетсе керек. Елге жасаған қызметтері ұланғайыр болған, олармен кейін кеңестік билік есеп айырысқан. Аяусыз жазалап, шаңырақтарының тоз-тозын шығарған.

Конференцияға қатысушылар Мағжан елінде өңіріміздің тарихынан сыр шертетін тың, игі бастамалар көп болсын, ұрпақтар сабақтастығын көрсететін осындай дәстүрлер жалғаса берсін деген тілекпен тарасты.

Өмір ЕСҚАЛИ,                                                                                                                  

“SoltüstıkQazaqstan”.

 Жамбыл ауданы.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

                                                                                                                          

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp