«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СӘЙГҮЛІКТЕР БӘЙГЕСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында жазғы ат жарыстары маусымының жабылу салтанаты өтті. Ұлттық ат спорты маусымының жабылуына арналған сайыстарға 20-дан астам шабандоз қатысты. Олар жорға, құнан жарыстарда, ұшқыр және аламан бәйгеде сынға түсті.

Дүбірлі доданың шымылдығын ұшқыр бәйге ашты. Ауыздықта­рымен алысқан сәйгүліктерге 1800 метр қашықтықты бағындыру міндеті қойылды. Мәреге “Стайл антиктің” тізгінін ұстаған Дмитрий Волков бірінші болып жетті. Ал желіс аттар жарысындағы бірінші сында 3 жасар тұлпарларға мінгендер өзара мықтыны анықтады. 2400 метрде “Джевиш” деген лақап атты тұлпардың құлағында ойнаған мамлюттік Андрей Касилов жеңімпаз атанды. Дәл осындай қашықта 4 жасар аттар арасында есілдік Әбдукәрім Нұрметов “Чудеснаямен” үздіктер қатарынан көрінді. 3200 метрде Мамлют ауданының шабандозы Василий Леваш “Пилигриммен” бірге бірінші орынға қол жеткізді. Жорға жарысында Мағжан Жұмабаев ауданы атынан қатысқан “Филипс” тұлпарын тізгіндеген Артем Чибисов топ жарды. Кейін құнан бәйгеге кезек келіп, бұл сайыста тайыншалық Сәкен Құдайқұл “Дарамен” бәрінен оза шауып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Көпшілік асыға күткен 16 шақырымдық аламан бәйге ат спорты маусымының жабылуына ерекше сән берді. Бұл сайыста да тайыншалық Сәкен Құдайқұлдың жолы болды. Осы жолы шабандоз “Гектор” сәйгүлігіне мініп, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Екінші орынға Ілияс Кенжелхан “Сармат” тұлпарымен тұрақтады. Үздік үштікті Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның спортшысы Мансұр Сатыбек түйіндеді. Барлық жүлдегерлер мен жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар, грамоталар және кубогтар табысталды. 

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp