«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ, ҚАЙЫРЫН ӨЗІҢ КӨРЕСІҢ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстанның Қызыл жарты ай” қоғамы облыстық  филиалының  директоры Сәуле Оразова саналы ғұмырының отыз бес жылға жуығын қайырымдылыққа арнап келеді. Оның еңбегі елеусіз қалған жоқ. Сәуле Бекқожақызы “Шапағат” медалімен, “Қызыл Ай ардагері” белгісімен марапатталған.  Ізгілік жасауды өмірінің мәні деп білетін онымен әңгімелескен едік.

– Сәуле Бекқожақызы, жоқ-жітікке қарасу, жылағанды жұбату, сүрінгенді сүйеу, мұқтаждардың талған өзегіне талғажау табу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс қой. Менің ойымша, адамның қайырымдылыққа ұмтылып тұруы кездейсоқ болмайды. Мұндай қасиет адамға ананың сүтімен, әкенің қанымен, отбасындағы темірқазықтай тәрбие арқылы берілетін сияқты.

– Халқымызда “Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің” деген қанатты сөз бар. Бұл тәмсілді мен өмірімнің басты бағдары етіп келемін. Бұған отбасында алған тәрбиенің де әсері болды, әрине. Мен Алматы қаласында дүние есігін ашыппын. Анамның айтуынша, есімімді сол кезде әкеммен бірге партияның жоғары мектебінде оқыған жолдасы, біздің жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатов қойған екен. Мені кішкентайымнан әке-шешем бауырмалдыққа, мейірбан, жанашыр болуға тәрбиеледі. Кішкентайымнан анама үй шаруасына көмектесіп, әкеме, бауырларыма қамқор болдым. Әкем Бекқожа Сәрсенбаев – Ұлы Отан соғысының ардагері, “Қызыл Жұлдыз” орденінің иегері. Соғыстан кейін партияның облыстық комитетінде, Петропавл аудандық комитетінде, орман шаруашылығында жұмыс істеді. Анам – Күлбайра Күсімовамен екеуі 1945 жылы 9 мамырда дәл Жеңіс күні шаңырақ көтерген. Олар жарты ғасырға жуық тату-тәтті өмір сүрді, төрт баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп, бізге берекелі отбасының үлгісін көрсетті. Анам Күлбайра Кенжетайқызы Кеңес Одағының денсаулық сақтау ісінің үздігі, қоғамдық істің бел ортасында жүретін. Ауылда әйелдер клубын ұйымдастырып, түрлі іс-шаралар өткізетін, мен оған сценарий жазуға, мақалаларының газет бетіне шығуына  көмектесетінмін. 

– Сіздің ұстаздық мамандықты таңдағаныңыздан хабардармын. Бірақ еңбек жолыңыз бұл саламен түйіспепті. Соның сыры неде?

– Мен Петропавл педагогикалық институтын бітіргенмін, ұстазбын. Оқу бітіргеннен кейін мені жолдамамен ауылға жіберді. Алайда тағдырдың жазуымен мұғалім емес, аудандық газеттің тілшісі болып жұмысқа кірістім. Бір жылдан кейін санитарлық білім беру үйіне дәрігер-әдіскер болып орналасып, “Денсаулық” телерадио журналдарын шығардым. 1984 жылы мені “Қазақстанның Қызыл жарты ай” қоғамының облыстық филиалы (ол кезде “Қызыл крест” деп аталады) мүшелікке қабылдады. Ал 1987 жылы төрайым етіп сайлады. Содан бері осы ұйымды басқарып келемін. Бүгінде 35 жылға жуықтап қалыпты.

– Әңгімеміздің ауанын “Қазақстанның Қызыл жарты ай” қоғамы облыстық филиалының жұмысына қарай бұрсақ.  Бүгінде ұйымның құрамында қанша адам бар?

– Біздің ұжым үлкен емес. Бірақ біз еріктілерімізбен мықтымыз. Олардың арасында түрлі жастағы адамдар, көптеген мамандық иелері бар. Алайда негізін студенттер мен зейнеткерлер құрайды. Бұрын бізде еңбек етіп, басқа салаға ауысып кеткендер де ұйымнан ажыраған емес. Үнемі хабарласып, өз көмектерін ұсынып тұрады. Былтыр коронавирус өршіген кезде зейнеткерлер үйде отырып маска тігіп, көп көмек көрсетті. Ал облыс бойынша 60-тан астам волонтеріміз бар. Біздің күнделікті жұмысымыз қиын жағдайға тап болған, тығырыққа тірелген, көмекке мұқтаждарға: су тасқынынан зардап шеккендерге, баспанасы өртеніп үйсіз жүргендерге, қыстың көзі қырауда барар жері, басар тауы қалмағандарға көмектесу. Мәселен биыл 40 градус аязда Петропавлдағы Интернационал көшесіндегі 21-үйде газ баллоны жарылып, бірнеше отбасы далада қалды. Екінші күні біздің филиал зардап шеккендер орналасқан бекетке азық-түлік жеткізді. Кейін “Араб Қызыл жарты ай” қоғамынан көмек келді. 20 отбасына азық-түлік: ұн, сұйық май, түрлі консервілер, жармалар, шай, тағы басқалары таратылды.

Өңірде қиын жағдайға тап болған бала­ларға арналған үш орталық бар. Оларға шетелдік әріптестеріміздің көмегімен жылы киім-кешек, төсек-орын, аяқ киім, тағы басқа керек-жарақ жеткізілді. Көктемде тасқын судан зардап шеккендерге “Көмек картасы” қайырымдылық акциясын үш жыл қатарына ұйымдастырып келеміз. Көктемде Қызылжар ауданындағы Желяково елді мекенінде 6 үй жанып кеткенде біз де қарап отыра алмадық. Көмекке мұқтаж жандарға киім-кешек, азық-түлік апарып бердік.

Тағы бір бағытымыз – жыл сайын дәстүрлі “Донор күнін” ұйымдастыру. Оған күш құрылымдарының қызметкерлері белсенді ат салысады. Осылайша Қан орталығының қорын 60 литр және одан да көп мөлшерде қанмен қамтуға көмектесеміз. Тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдарды қыста ыстық аспен қамтамасыз етеміз. Бұдан басқа жалғызбасты, көпбалалы аналарды, мүгедектерді қамқорлығымызға алғанбыз.

Қазақта “Жомарттың қолын жоқ байлайды” деген сөз бар ғой. Шыны керек, кейде қаражат табу жағынан қиындықтар кездесіп жатады. Егер жеткілікті қаржымыз болса біздің де қолымыз ұзарып, мүмкіндігіміз арта түсер еді. Қазіргі уақытта бізге негізінен шетелдік демеушілер көмектесуде. Сондай-ақ сауда орталықтарында біздің жәшіктеріміз орналасқан. Өкінішке қарай, қалталы азаматтар қайырымдылық жасауға асықпайды. Қазақ халқы қашан да жетімін қамқорлыққа алып, жесірін жылатпаған. Қайырымдылық біздің қанымызда бар, соны ұмытпасақ екен.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Екі қызым бар. Тұңғышым Динара – адвокат, Альмира менімен бірге филиалда жұмыс істейді. Оның болашақта менің ісімді жалғастыратынына сенемін. София, Раушан, Әлихан есімді жиен немерелерім бар. Кішкентай кезімде фортепианода ойнауды, музыкант болуды армандадым. Бірақ ауылда музыка мектебі болмады. Бір туған күніме әке-шешем маған фортепианоны сыйға тартты. Осылайша музыкалық аспапта өздігімнен ойнап үйрендім. Қазір менің арманымды София орындап жатыр. Ол музыкалық мектепті бітірді, университетте бірнеше шет тілін меңгеріп шықты. Раушан мектепте оқиды, ол да дарынды, суретті жақсы салады. Дизайнер болуды армандайды. Әлиханым – үшінші сынып оқушысы. Ол да музыкалық мектепке барып жүр. Домбыра сыныбында білім алуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp